Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Электр энергиясы не себепті қымбаттады?

22.07.2021, 12:30 569

Кез келген бағаның өсуі, атомның тізбекті реакциясы іспеттес ізінше баға көтеретіндер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кетеді. Осы ретте электр энергиясын өндірушілерге қатысты мағлұматтар жинай алмасақ та, өндірушілерден алып, өздерінің желілерімен тарататындары бар, оны халыққа сататын мекемелер жайлы аз-кем ізденіс жасап көрдік. Өз желілерімен таратуға «ҚЭТТК» АҚ (Қызылорда Электр Тарату Тораптары Компаниясы) көрсетілетін қызметінің бағасын көтеруге және электр энергиясын сатып алып, тұтынушыларға сататын «Энергосервис» ЕЖШС де табиғи монополияларды реттеу комитетіне қызметтерінің бағасын өсіруге ұсыныстар жолдапты. Бұл ұсыныстарды департамент басшысы Гүлмира Өтегенованың фейсбук парақшасынан көруге болады. Бұлармен қоса облысымызда электр энергиясын өндіруші болып табылатын «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК да бар.

ОБЛЫС  ЭЛЕКТР  ЭНЕРГИЯСЫН  ҚАЙДАН   АЛАДЫ?

Ең алдымен, «облыс халқын электр энергиясымен үзбей қамтамасыз етуде электр энергиясы қайдан сатып алынады?» деген сауалға жауап іздеп, жауапты басқармаға хат жолдадық.

– Қызылорда облысының электрмен жабдықталуы орталықтандырылған және облыстың негізгі электр энергиясын таратушы ұйымы «Қызылорда электр тарату тораптары  компаниясы» АҚ-ның желілері арқылы таратылу­да. Электр энергиясының таратылуы кернеулігі 220/35/10 кВ электр желілері мен қосалқы станциялар арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде аймақтың тәуліктік орташа   есептік  электр  энергиясының  тұтыну көлемі 140 МВт-ты құрайды. Оның ішінде облыстың негізгі электр энергиясын өндіруші көзі «Қызылордажылу­электрорталығы» МКК-мен 20,3 мегаватт электр энер­гия­сы сыртқы көздерден («Екібастұз ГРЭС-2» АҚ – 110,7 МВт,  «Жамбыл ГРЭС» АҚ – 0,7 МВт,  «СевКазЭнерго» АҚ – 0,7 МВт») қамтамасыз етілуде, – деп жауап берді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін  атқарушы  Е.Жаңабаев.

Біз осы мәселе бойынша мамандардың (электр энергети­касы саласы бойынша) көмегіне жүгініп, электр энергиясына қатысты мекемелерге маңызды деген сұрақтар топтамасын жолдап, жауабын алдық. Сонымен қатар, осы электр энергиясының төңірегінде болып жатқан барлық ақпараттарды қалт жібермей, назарымыз­ға алып отырдық. Мәселен, біз осы тақырыпты қаузап жатқанда дәл осы мәселені кейбір БАҚ жазып та үлгерді. Қолданған көптеген мәліметтерді ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қызылорда облысы департаменті басшысының  әлеуметтік желідегі парақшасынан танысып алып, бөлістік. Айта кету керек, департамент басшысы Гүлмира Өтегенованың қазіргі заманға лайық, басшыға тән барлық қасиеттер иесі екенін осы парақшасында келтірілген ақпараттардың ашық, қолжетімді, пайда­лануға барлық мүмкіндіктер жасалғаны­нан-ақ  көруге  болады.

ТАҒЫ  ДА  ҚЫМБАТШЫЛЫҚ…

Наурыз айының 1-інен бастап электр энер­гия­сын өндірушілер электр энергиясының құнын 25-30 пайызға көтерді. Назарларыңызға жоғарыда аталған жерден алынған мәліметтерді ұсынамыз:

«Екібастұз ГРЭС – 1» ЖШС электр энер­гия­сының бағасын 1 кВт/сағатқа ҚҚС-сыз 5,80 теңге­ден  7,25  теңгеге  дейін  немесе  25  пайызға;

«Екібастұз ГРЭС – 2» АҚ 9,13 теңгеден 9,69 теңгеге  дейін  немесе  6,1 пайызға;

«Жамбыл ГРЭС» АҚ 9,10 теңгеден 11,42 теңгеге  дейін  немесе  25,5  пайызға;

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК 11,30 теңгеден 12,54 теңгеге дейін немесе 11 пайыз­ға  дейін  өсті»  деген.

Және де «Энергосервис» ЕЖШС ұсынған мәліметтер (ресми хатпен жіберілген) бойынша тағы да келесі электр энергиясын өндірушілердің қымбаттағаннан кейінгі бағалары төмендегідей:

«Мойнақ ГЭС» АҚ 1 кВт/сағатқа – 12,03 теңгеден;

«СевКазЭнерго» АҚ 1 кВт/сағатқа – 10,0 теңгеден;

«Кристалл Менеджмент» ЖШС – 8 теңгеден.

Осы мәліметтермен қатар мынадай мәліметтер бар:

Орташа сатып алу тарифі – 9,048 теңге.

Электр энергиясын тасымалдаудың орташа тарифі – («КЕГОК» АҚ, «ҚЭТТК» АҚ, «ҚТЖ» АҚ)  6,81 теңге,

Ілеспе қызметтер: қуатты қамтамасыз ету, қуатты реттеу, теңгеру және т.б. («КЕГОК» АҚ, Орталықтандырылған диспетчиризация (РФЦ) – 1,552  теңге;

Жабдықтаушы шығындар – 0,52 теңге;

Жалпы – 17,93 теңге.

Жоғарыдағы мәліметтерді зер салып қарап шықсаңыз, соңғы тұтынушы, яғни халық электр энергиясына төлеген төлемінің ішінде электр энергиясын өндірушінің өндіргені үшін, ұлттық желілермен таратқаны үшін «КЕГОК» АҚ-на (220кВ кернеуден жоғары желілер), облыстың көлемінде электр желілерімен таратқаны үшін «ҚЭТТК» АҚ-на және осылардың ілеспе қыз­меттері үшін соңғысы жабдықтаушының қыз­меті үшін төлейді екен. Жалпы деп отырғаны 17,93 теңге осы шығындардың жиынтығы болып табылады.

«ЭНЕРГОСЕРВИС»  НЕ  ДЕЙДІ?

Сөзбе-сөз келтірейік.

– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комите­тінің Қызылорда облысы бойынша де­партаментінің 17.05.2021 жылғы шығыс №04-22/685 шекті бағаны келісу «Дәлелді қорытындысына сәйкес» «Энергосервис» ЕЖШС-нің электр энергиясымен жабдықтау аумағы бойынша 2021 жылдың 1 маусымынан бастап Қызылорда қаласы және ауылдық округтер тұтынушыл­арына электр энергиясының сатылу тарифінің өсуі жөнінде хабарланған болатын. Яғни, 1 кВт/сағатына 17,93 теңге ҚҚС есептемегенде (20,08 теңге ҚҚС қоса есептегенде), – депті жазбаша хатында «Энергосервис» ЕЖШС директоры Е.Есенбаев.

Осыған орай бұдан сәл ертерек, атап айтқанда электр өндірушілер наурыздан бастап қымбаттатқанда, «Энергосервис» ЕЖШС-нің өз тұтынушыларына БАҚ арқылы 01.04.2021 жылдан бастап электр энергиясының бөлшек сауда нарығында жабдықтау тарифтерінің өзгергендігі туралы былай мағлұмат берген болатын (Сілтемесі: «Сыр бойы» газеті, №45-46 (20119-20120), 27 наурыз, 2021 жыл).

1. Орташа босату (базалық) тарифі 1 кВт/сағатына – қосымша құн салығынсыз – 16,86 теңге; қосымша құн салығымен – 18,8832 теңге.

1.1. Жеке тұлғалар үшін  орташа  босату  тарифі – 16,6992 теңге ҚҚС-мен;

1.2. Заңды тұлғалар үшін орташа босату  тарифі – 21,4368 теңге ҚҚС-мен.

Бұл мәліметтердің екеуі де бір мекемеден шығып отырған соң, бір жерінде қате кеткен бе немесе біз дұрыс түсінбедік пе деген ой келіп отыр.

Егер 01.04.2021 жылғы хабарландыруда орташа босату тарифі – 16,86 теңге, қосымша құн салығымен 18,8832 теңге болғанда жабдық­таушы шығындар 0,52 теңге осы бағаның ішінде болуы еш талқылауға жатпайды. Енді, 17.05.2021 жылғы шекті баға келісу 1 маусымнан 17,93 теңге, қосымша құн салығымен 20,08 теңгеге өсуі хабарланған. Яғни, айырмашылық 1,04 теңге, қосымша құн салығымен 1,1968 теңге. Бұл қосыл­ған ақша жабдықтаушы шығыны болып табыла ма, әлде еш талқылауға жатпайды дегеніміз жаңсақ болып, ол жерде  жабдықтаушы шығындары көрсетілмеген  бе?

БІР  СҰРАҚҚА  –  ЕКІ  ТҮРЛІ  ЖАУАП.  ҚАТЕЛЕСКЕН  ҚАЙСЫСЫ?

Біз, осы ізденіс жолында қателесіп, халықты да шатастырмас үшін сұрақтарымызды тек соңғы жабдықтаушы мекеме «Энергосервис» ЕЖШС-нен бөлек, тасымалдаушы «ҚЭТТК» АҚ-на, өндіруші мекеме «ҚЖЭО» МКК-ге жолдадық. Біздің мақсатымыз біреуді қаралап, біреуді ақтап алу емес. Және қазіргі өте қиын қалыптасқан жағдайда барынша халықтың жағдайын жеңілдету жолдары болса, неге соны қарастырмасқа деген ниет. Нарықтық заманда бірді бірге қосу мен екіні екіге көбейтіп жаңалық ашпайсың және көзі қарақты кез келген азамат ненің не екенін бірден ұғары айқын. Біреудің ақшасын санады деген ой болмасын, халықтың ақшасы қайда кетіп жатқанын, пайдасын кім көріп, қарыз­ға кім батып жатқанын білуге ашық ақ­парат  болу  керек.

«Қала  аумағы  бойынша орташа есеппен айы­на  33,0  млн  кВт/сағат  тұтынылады»  деп  жауап берді «Энергосервис» ЕЖШС. Дәл осы дерек  тура­лы «ҚЭТТК»  АҚ  қаңтар,  ақпан, наурыз,  сәуір   айларының  орташа  есеппен  бір  айға   42,0 млн кВт/сағат деп келтіріпті. Екі жерден келген ақпарат екі түрлі, сәл-пәл айырмашылық болса, ештеңе етпес еді, бірақ 9 млн кВт/сағат – өте  үлкен  көрсеткіш.  Осыған  орай   1 айға жабдық­таушының шығыны болып табылатын  қаражатты  қарастырдық:

33,0 млн кВт/сағат*0,52 теңге = 17,16 млн  теңге;

42,0 млн кВт/сағат * 0,52 теңге = 24, 36 млн теңге;

24,36 млн теңге – 17,16 млн теңге = 7,2 млн теңге.

Миллиондаған ақша бар жерде қате жібермес болар, әйтпесе 7,2 млн теңге желге ұшып жатыр ма?

Ал егер жабдықтаушы шығынын 1 маусымнан  бастап 1,04 теңге деп алсақ, 42 млн кВт/сағат * 1,04 теңге = 43,68  млн  теңге.

Егер электр энергиясын тікелей «Қызыл­ордажылуэлектрорталығынан» алатын болса, онда «КЕГОК» АҚ-ның электр желілерімен тасыма­лдауының қажеттілігі болмайды. Өйткені, «КЕГОК» АҚ 220 кВ электр желілері немесе одан жоғарғы кернеу желілері иелігінде. Біздің жағдайда тек «ҚЭТТК» АҚ-ның желілерімен таратса да болады. Сонда оларға тасымал­дауға төленетін шығын, халықтан жиналған жалпы сома кімге тиесілі? Әлде ол шығын алынып таста­ла ма? Әлде оны да жабдықтаушы өзінің пайдасына шеше ме? Мысалға, былай қарастырсақ, «ҚЖЭО» МКК-ның дерегіне сүйенсек, олар айына орта есеппен 30,0 млн кВт/сағат өндіреді екен. Бұл электр энергиясын «Энергосервис» ЕЖШС бәрін емес, тек үштен бір бөлігін ғана алады десек, нақты ақпарат жоқ болғандықтан осылай  тұспалдап  отырған  жайымыз  бар.

42,0÷3 млн кВт/сағат * (0,52+2,712) = 45,248 млн  теңге. Мұнда 0,52 теңге – жабдықтау­шының  шығыны.

2,712 теңге – «КЕГОК» АҚ-ның тасымалдау шығыны  немесе 1 маусымнан бастап 1,04 теңге деп   алсақ,   42,0÷3 млн   кВт/сағат *  (1,04+2,712) = 52,528 млн теңге. Бұл ақшаны жоғарыда көрсетіл­ген бір айлық жабдықтаушы шығындарын бірнеше еселеп көбейте түседі. Осы жайлы да білгіміз келгені рас, бірақ, бұл сұраққа жауапты кімнен сұрасақ екен?

КІМГЕ  ТИІМДІ,  КІМГЕ  ТИІМСІЗ?

Тағы да біз біле бермейтін бір қыры деп дифференциалдық төлемдерді айтуға болады. Электр плиталарын қолданбайтын тұтынушылар, электр плитасын қолданатын тұтынушылар, жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілгендер, заңды тұлғалар, кәсіпкерлер, басқа да шаруашылық нысандар төлемнің осы түрін қолданады. Бұл төлем – ҚР бойынша заңның аясында қолданылып жүрген түрі. Бұл заңды қашан, қалай, нені негізге алып шығарғанын біле алмадық. Оны да келесі бір ізденістерде қарас­тыратын  болармыз.

Бірақ, осы дифференциалдық төлем ең қитұрқы төлемдердің бірі болып табылады. Былайын­ша қарасаң, адамдарға тиімді етіп көрсеті­лгенімен, түсініксіз тұсы көп. Мысалға, әр отбасы мүшесіне 70 кВт-қа дейін шектеу қойған. Оған ақшаны сол белгіленген тариф мөлшерінде төлейсің. Ал, егер ол шектеуден асып кеткен болсаң, яғни 70 кВт-тан асқан әрбір киловат­ына үстемеақы қосылады. Орыс тілінде «по умолчанию» дейтін бе еді, осы дифференциалды төлемге бүкіл тұтынушыны кіргізіп қойған. Таңдау бар, дифференциалды төлеммен төлеу немесе жеке тұлғалар үшін орташа босату тарифімен төлеу. Дифференциалды төлем қай жағынан болса да сатып отырғандарға тиімді, тұтынушыға  тиімсіз.

Мысал қарастырсақ, үйде жалғыз адам ғана тіркелген болса, айына пайдаланатын 70 кВт/сағатқа ғана 16,4416 теңгемен төлейсіз. Ал айына пайдаланатыныңыз шамамен 190 кВт/сағат болса, 80 кВт/сағатты * 21,0448 теңге, қалған 40 кВт/сағатты  * 26,3088  теңгеден  төлейсіз.

Бәрін  қосып  көрсек,  мынадай  болады:

70 * 16,4416=1 150,912

80 * 21,0448=1 683,584

40 * 26,3088= 1 052,352

Барлығы =3 886,848 теңге дифференциалды төлеммен  төлейсіз.

Орташа босату тарифі – 17,5392 теңге, «Энергосервис» ЕЖШС-нің ресми сайтынан (http://energoservice.kz/news/utverzhden-novyy-tarif-elektricheskuyu222222.html) алынды. Ал егер орта­ша босату тарифімен болса 190 * 17,5392=     3 332,448 теңге, айырмашылығы – 554,4 теңге. Біз 190 кВт/сағатты ойша алдық, одан көп болған сайын, үстеме төлейтін ақша да шарықтай бере­ді. Және ай сайын уақытылы төлемегендерге қалай есептеп жатқаны туралы біздің қолымыз­да ақпарат жоқ. Жиналған жалпы жиынтықтан тиесілі 70, 150 кВт/сағатқа арналған сомасын ұстап қалғанын сол ең соңғы үстеме бағамен есептеп беріп жатыр ма, ол жағынан бей­хабармыз. Және де осы дифференциал төлеммен төленген артық ақшалар кімге тиесілі? Осындай артық ақша жинаған еді деп электр энергиясын өндірушілерге немесе тасымалдаушыларға бере ме екен, ол туралы заңды бір нұсқаулар бар ма? Әлде, ақшаны жинаған жабдықтаушының құзырында қала ма? Өйткені бұл ақша аз көлемде емес. Бұны есептеп шығу еш қиындық жасамайды, қажетті ақпараттар жабдықтаушыда бар. Ай сайынғы пайдаланған әр тұтынушының жеке-жеке мәліметтерін берсе, оп-оңай есептеп алуға болады. Және осы 70, 150 кВт-тық шектеулерді не үшін жасағанын түсінбе­дік. Біз осыған орай «Энергосервис» ЕЖШС-ге «Электр энергиясын сатып алып, оны таратумен айналысатын компания да шекті мөлшерден асқаны үшін электр сату компаниясына қосым­ша төлем төлей ме?» деген сұрақ жолдадық. Ондағы ойымыз, тұтынушылар пайдаланып отырғаны­нан артық пайдаланып, ал ол жабдықтаушының электр өндірушіден алған мөлшерінен асса, резерв­ке қарастырылмаған жетіспейтін көлемдерді толықтыруға қолайсыздықтар туғызған соң  қарастырылған шара екен деп ойлап келдік. Алайда, «Энергосервис» ЕЖШС-нің дирек­торы қол  қойған  ресми хатта бұл сұрағымызға «төленбейтінін  хабарлаймыз»  деген  жауап келді.

ТАСЫМАЛДАУ  ҚҰНЫ  ДА  ҚЫМБАТТАҒАН

Енді «ҚЭТТК» АҚ және «ҚЭЖО» МКК-ға жолдаған  хатымызды  саралайық.  Екеуінің 100 пайыз акцияларының егесі – Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасы.

Бірінші, «ҚЭТТК» АҚ алып қарастырсақ, штат саны – 1014 адам. Айлық қоры 106 млн теңгені құрайды. Облыс бойынша бұл мекеме желілері арқылы 2020 жылы 870 602 073 кВт*сағат электр энергиясы тасымалданыпты. 2020 жылғы тариф бойынша – 4,932 теңге. 2021 жылғы электр энергиясын тасымалдау 2020 жылға қарағанда 0,086 теңгеге немесе 1,7 пайызға көбейген.

Тариф – 5,018 теңге, қосылған құн салы­ғынсыз.

870 602 073 кВт*сағат * 4,932 теңге = 4 293 809 424, 036 теңге, бұл сома электр энергиясын бір жыл тасымалдағаны үшін, ал айына 357 817 452,003 теңге болады. Бұл тасымалдайтын мекеменің табысы болса… Ал, облыс бойынша жабдық­таушылардың  табысы – 504 000 кВт/сағат * 0,52 теңге = 262 080 теңге. Байқаған боларсыздар, ортада қаншама қаржының жүргенін, бағамдай беріңіздер, 262 080 теңге! Бұл баға егер де жабдықтаушының шығыны – 0,52 теңгеден болса, ал егер одан көп болса, әлгінде айтылған дифференциалды төлемдердің үстіне шыққан ақшаларды да есептемеген жағдайда.

– «ҚЭТТК» АҚ негізгі қызметімен қатар, қар­жылық жағдайын жақсарту мақсатында басқа да қызмет түрлерін жүзеге асырады. Электр желілері мен жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және қайта құру (құрылыс-монтаждау жұмыстары), электр жабдықтарын профилактикалық сынау, жасалған шарттарға байланысты тұтынушылардың өтінімдері бойынша электр желілеріне қосу. 2020 жылы құрылыс-монтаждау жұмысынан түскен табыс көлемі 536 млн теңгені  құрады, – деп жауап берді басқарма төрағасы М.Каримбаев.

Негізгі қондырғыларды жаңартуға мемлекет тарапынан инвестициялық бағдарламалар бойын­ша субсидиялар қарастырылып тұрады. Облыс  бойынша Арал ауданындағы 110/35/10 кВ – бір дана,  Қазалы ауданындағы 110/35/10 кВ – бір дана, Шиелі ауданындағы 220/35/10 кВ – бір дана, Қызылорда қаласындағы 35/10 кВ – бес дана қосалқы стансасы күрделі жөндеуден өткен. Биыл Қармақшы ауданы 220/35/10 кВ стансасы (бір дана) және 35/10 кВ Төретам қосалқы стансасы өтті. Былтыр кернеуі 10 кВ және 0,4 кВ Қызылорда қаласының теміржолдың арғы бетінде (Шанхай) орналасқан электр желілері және Шие­лі ауданының біршама электр желілері жаңадан алмас­тырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Неге жабдықтаушының қызметін облысымыздың орталығында электр энергиясын өндіруші болып табылатын «ҚЖЭО» МКК-ге  жүктемеске?

ҚЫЗМЕТ  КӨРСЕТУ  ШЕКАРАСЫ

Енді «Энергосервис» ЕЖШС екеуара қызмет шекараларына тоқталсақ. Бұрынырақ күштік трансформатор орналасқан қосалқы стансада өткізген электр энергиясын есептегіш құралы арқы­лы есеп айырысатын. Ол шекара, кернеу 10 кВ-тан 0,4 кВ-қа төмендетілетін жерде. Қазіргі таңда әрбір тұтынушы үйіне, мекемесінің ғимаратына орналасқан электр  энергиясын  есептегіш  құралы арқылы есептеседі. Яғни, 0,4 кВ желілерінің тұтынушыға барған тұсынан. Ал, ол – мамандардың айтуынша, 10 кВ жоғарғы кернеуден гөрі 0,4 кВ төменгі кернеу­де ысырап шығындар көп болатыны дәлелденген дүние. Сол есептегіш құралға дейінгі электр энергия­сының шығыны «ҚЭТТК» АҚ-на тиесілі.

«ҚЭТТК» АҚ мәліметінше, нормативтік-техни­калық ысыраптардың (потери) көлемі – 14,7 пайыз, «ҚЭТТК» АҚ-на құзыретті органдармен келісіліп, мемлекет тарапынан бекітілген.

Жеке секторларда есептегіш құралдан бағанаға дейін одан әріге де «ҚЭТТК» АҚ-ның қызмет көрсету құзырында. Көпқабатты үйлердің, басты тоқ келіп таратылатын электр  жәшігіндегі (ВРУ-0,4 кВ) есептегіш құралынан қосалқы стансаға дейін де «ҚЭТТК» АҚ-на тиесілі, ал үйге тарай­тын желілері «Энергосервис» ЕЖШС-нің қызмет  құзырында.  Осы жерде де  «ҚЭТТК»  АҚ-ның техникалық қызмет көрсету ауданы ауқымдырақ, әрі жабдықтаушының да қызметін оп-оңай атқара салатынына ешқандай кедергі жоқ.

– Электр энергиясының өндірілген көрсеткіші әр тоқсанда әртүрлі болуы сұранысқа және сыртқы ауа температурасының жоғарылауына байланысты. 2020 жылы 263872 мың кВт/сағ электр энергиясын өндірген, бұл орта есеппен  30 МВт/сағатты құрайды. Сондай-ақ, кәсіп­орында өндірілген электр энергиясы Қызылорда қаласы және облыс аудандарының тұтынушы­ларына сатылады. Мекеменің табысы қызметкерлерінің жалақысын өтей алады, – деп жауап берді «ҚЖЭО»  МКК  директоры  Наурыз  Сатханов.

ДӘЛЕЛДІ,  ДӘЙЕКСІЗ…

Енді бірер сөз, ҚР Ұлттық экономика министр­лігі Табиғи монополияларды реттеу комите­тінің Қызылорда облысы бойынша депар­таменті жайлы айта кетсек. Мемлекеттік орган болғандықтан іс жүргізуі, ақпараттандыруы, мәселені жан-жақты зерттеуде, қоғамның араласуына жария тыңдаулар ұйымдастыруы қажетті деңгейде қойылған. Бірақ, қалыптас­қан жағдайға байланысты соңғылары «ZOOM» қосым­шасы арқылы «Facebook» парақшаларында онлайн режимде өткізілген. Біз осы отырыстарға қатыса алмағандықтан, осы уақытқа дейін сақталып тұрған бейнематериалдарды қарап шықтық. Атап айтқанда, «Шиелі Жарығы» ЖШС, «ҚЭТТК» АҚ және «Энергосервис» ЖШС-терінің бағаны көтеру үшін ұсынылған дәйекті деректері, жан-жақты зерттеулері мен дәлелдері. Соңғысы «Энергосервис» ЕЖШС-нің бейнематериалдары шамалы уақыттан кейін алынып тасталды, неге екенін білмедік. Ал, қалғандарына қатысты бейнематериалдар осы уақытқа дейін сақтаулы тұр.

«Шиелі Жарығы» ЖШС бас директорының дәйекті деректерінде (көбіне статистикаға байланысты) тұтынушылар саны, түрлері, қай ауданда қаншасы, деректерді келтіре отырып, негізгі себеп ретінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылдың 30 нау­рыздағы №108 бұйрығына сәйкес, республиканың өндіретін электрстанциялардың электр энергиясын сату бағаларының өсуі болып табылады деп келтіреді. «ҚЭТТК» АҚ-ның да басты дәлелі де осы бұйрық деп келтірген. «Энергосервис» ЕЖШС ұсынған деректерде негізгісі деп қаражат тапшылығын атап көрсетті. Оған қоса электр энергиясының тұтыну көлемінің ұлғайғанын жеткізеді. Сонымен қатар, осы салада бірге әріптес болып табылатын Темір Жол электр энергиясын қамтамасыз ететін мекеменің осы салдарға байланысты өздерінің осы саладағы сауда-саттықтан (рыноктан) кететінін басып айтты. Және мекемеде адамдар тапшылығын, мысал ретінде, басқа облыстың (бейнематериалдың алынып тасталуына байланысты қай облыс екенін анықтап, қайта тыңдауға мүмкіндік болмады) Қызылорда облысынан көлемі жағынан шағын болса да, қызмет көрсететін адамдар саны екі есеге көп екенін, жұмыстың көлемі көп, үлгер­мейтіндерін  де  айтты.

Осы деректермен таныса келе, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бо­йынша департаментінің 17.05.2021 жылғы шығыс №04-22/685 шекті бағаны келісу «Дәлелді қорытындысына сәйкес» осы мәліметтер назардан тыс қалмады ма деген ой қылаң берді. Егер электр энергиясын сатып алу, сату нарығынан кетеміз десе, неге 100% мемлекеттік акцияларын иемденіп отырған «ҚЭТТК» АҚ немесе «ҚЖЭО» МКК осы нарыққа араласпасқа? Жоғарыда көрсетілгендей, түсіп жатқан пайда осы мекемелердің аяғынан нық тұрып кетуіне септігі тисе және де тұтынушыға дейінгі ортадағы делдалдар саны азайып, электр энергиясының құнын түсіруге де мүмкін болса, неге солай істемеске? Бұл – тек ұсыныс, нақты шешімді құзырлы органдар қабылдайды.

Әрине, мақала нақты, ресми дереккөздерге сүйеніп дайындалды. Десек те, кәсіби маман болмаған соң есептердің кем немесе артық тұсы болуы әбден мүмкін. Басты мақсатымыз – тұтынушылар үшін  аз-кем ақпарат беру. Халықтың барлығы салық төлеу жүйесіне қатысы бар болғандықтан, әр саланың есебі болуы керек деген ойдамыз.

Н.ҚАРАСАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: