Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыр жүк көліктері ауыл жолын тоздырды

21.05.2021, 15:45 709

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысындағы Еңбекші, Қосүйеңкі ауылдарына баратын жолмен жүру бүгінде тұрғындарға қауіп туғызып отыр. Қаратаудан қиыршық тас таситын ауыр жүк көліктері мен уран өндірісінің техникалары аудандық маңыздағы автожолдың әбден тозығын шығарған.

– Мына жол осыдан бірнеше жыл бұрын тақтайдай тегіс, түп-түзу жол болатын. Ал қазір асфалты мүжіліп, шаңы шығып жатыр. Толассыз жүрген ауыр жүк көліктерінің кесірінен жол қатынасы қиындай түсті, – дейді ауыл тұрғындары.

Жүк көліктері жолды ғана құртып қоймай, айналадағы табиғатқа да зиянын тигізуде. Осындай қап-қара сұйықтық жолдың бойында үш жерге төгілген. Ал иісі қолқаны алады. «Қазір ауылға барар жолмен үреймен жүретін болдық» дейді тұрғындар.


– Жол бермейді кейде. Мынау алаңсыз күндіз-түні қатынаған кезде мүмкін емес. Шаң былай тұрсын, ана үстіндегі тастар көлігіңнің алдына келіп түседі. Цемент зауыты қалай ашылды, жол дұрыс болып жатқан жоқ, – дейді Еңбекші ауылының тұрғыны Ғафур Байдауов.

Аудандық маңыздағы жолдың жай-күйін ұлттық сапа орталығы мен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары тексерді. Кемшіліктер өте көп. Мәселен, талап бойынша автожолдың үстімен 8 тоннадан артық жүк тиеген көлік жүрмеуі тиіс. Бірақ, бұл шектеулер орындалып жатқан жоқ.

– Елімізде автомобил жолдарына қатысты белгіленген нормаға сәйкес ауа температурасы 25 градус ыстықтан асқанда, ауыр жүк көліктерінің жүруіне осы мезгілде шектей қойылады, – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының инженері Мадияр Наркешбаев.

Тау беткейде қиыршық тас пен уран өндірісінің компаниялары бар. Тәулік бойы жүзден аса жүк көлігі осы жолмен тыным таппай қатынайды. Ал оларды бақылап, талаптардың сақталуын қадағалап отырған ешкім жоқ.

– Ауыр жүк көліктерін тоқтатып, олардың салмақтық параметрлерін өлшеуге бізге құзыреттілік берілмеген. Сол себепті, біз облыстық көлік бақылау инспекциясына хат жолдап отырмыз, – дейді аудандық ТҮКШ, автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Байәділов.

Жалпы, ауданда үлкен цемент зауыты ашылғалы таудан қиыршық тас таситын жүк көліктерінің саны күрт артқан. Енді соның зардабын ауылдағы ағайын көріп отыр. Көптің талап-тілегі өндіріс компаниялары елге зиянын тигізбей жанама жол салып, сонымен қатынаса дейді.

Әділбек ЖАҚАНОВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: