Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арайлықтарды не алаңдатады?

30.08.2023, 11:40 252

Қызылорда  қаласының  әкімі  Асылбек  Шәменовтің  назарына

Қызылордалық бір топ тұрғын балаларының қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаулы. Өйткені олар көлік нөпірі көп көшеде ойнауға  мәжбүр.

Редакцияға хабарласқан Жеңіс Мұстафаұлының жасы бүгінде сексенге жақын. Немере-шөберелерінің бәрі ойын жасынан әлдеқашан асып кеткен.

«Бес уақыт намазымды, газетімді оқып жата берсем болар еді. Бірақ басқа балаларды аяймын. Әкімдік жағалап жүргенім де, сіздерге хабарласқаным да содан», – деді ол.

Ақсақал ширек ғасырға жуық уақыттан бері облыс орталығындағы «Арай» шағын ауданының Талап көшесінде тұрып келеді. Оның айтуынша, ең үлкен әрі кең көше осы болғандықтан көршілес Шөкенов, Бәйшешек, Мәуелі, Кетебай би көшелерінің кішкентай тұрғындары кең жерге жиналады. Секіреді, жүгіреді, ойнайды. Ал көліктер үзіліссіз жүйткіп жатыр.

«Алты сотық жер қаншама жылдан бері бос тұр. Иесін көрген емеспін. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдан соны босатып, шағын ойын алаңына айналдырып беруін сұрағанбыз. Қалалық мәслихат депутаты Раушан Ысқақова да келіп, жағдаймен танысты. Бірақ қозғалыс жоқ. Бұрынғы депутат (қалалық мәслихаттың – авт.) Бақыт Аяғанова су тартуға, газ әкелуге, көшеге асфальт төсеуге ықпал жасап еді. Қазіргілерден ондай белсенділік, халықпен тығыз байланыс байқалмайды», – деді қала тұрғыны.

«Арай» шағын ауданына он жыл бұрын қоныс аударған Нысанкүл Байсымақованың үш немересі мектеп жасында.

«Бүкіл бала осы жерде. Терезені сындырып қоя ма, сылақты түсіре ме ме деп қайта-қайта ескертумен боламыз. Ең қиыны, көлік қатты келе жатса, қорқынышты», – деді ол.

Балалар негізінен Б.Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейіне қатынап оқиды. Бірақ онда тура баратын қоғамдық көлік жоқ. Бұл да – балалы отбасылардың басты мәселесі.

«Маршрутты соған бұру керек. Ауырып қалсақ, емханаға баратын да  автобус жоқ», – деді Тындыбек  Қожахметов.

Ойын алаңы болғанын ол да қолдайды. Иесі бар бола тұра алты сотық әлдеқашан қоқыс алаңына айналып кеткен. Жазда ешкім шөбін шаппайды, күзде қурап, өртенеді.

Тындыбек аға тағы бір мәселенің ұшын шығарды.

«Жақын жерде канал бар. Содан биылдыққа су тартқыш арқылы үш-төрт рет қана су айдады. Бұрын бұл жер саяжай болған. Аяқсу мәселесін шешіп берсе, біздің көшелер де сол кездегідей жайқалып тұрар  еді», – деді  ол.

Тұрғындар  бәрінен  бұрын  әкімдік  ең болмаса футбол  алаңын  салып бергенін қалайды. Көлік ағылған  көшеде жол белгісі де, камераның жоғы да қынжылтып  отыр.

«Екі-үш жыл бұрын Абай даңғылындағы аялдамада адам қағып кеткені естен шыға қоймаған болар. Сол сияқты балалар бәлеге ұшырамаса екен деймін», – деді  Жеңіс  Мұстафаұлы.

Назерке  САНИЯЗОВА,

журналист.

Суреттерді  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: