Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЛИМЕНТ: перзент алдындағы парыз

17.04.2025, 8:20 1059

Үштік статус: жалғызбасты ана, баладан безінген әке, екі ортада жалтақтаған бала. Қазіргі уақыттың ең өзекті мәселесі – осы. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды». Дәл осы сөз қазір күшіне қайта енген. Бұрынғыдай бәріне көну, төзу жоқ. Екі жас жараспаса, екі жаққа кете алады. Ал ортада қалған бала ше? Әрине, әркімде жағдай әрқалай. Отбасым деп ажал құшқан қазақ әйелдері қаншама? Қош. Алименттің әлегі көп. Перзент алдындағы парыз  қанша  қарыз  болды?

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабы бойынша неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Ал балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Бірақ бүгінгі мақала отбасындағы баянды тіршілік пен бақытты балалық шақ жайында емес. Сол баланың әкесіз не шешесіз өскен, жарты отбасында тәрбиеленген жайы хақында. Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, алиментке қарсы әкелердің қарасы көбейген. «Ай сайын айлығымның пәленше проценті төленді. Қайда жұмсалып жатыр?» немесе «Менің төлеген алиментіммен күн көріп жүр» деген безбүйрек әкелер анасынан «чек» талап етеді. Қазір 20-30 мың теңгеге күн көретін заман ба? Дүкенге баланың бір жегісі келгенін алуға кірсеңіз, кемі 10 мың теңгенің басына су құясыз. Ал оны тәрбиелеп, күн сайын керегін әперіп, оқытып, киіндіріп, керек асын  алып,  бар  жағдайын  жасап  отырған  ананың жайы  «оларды»  алаңдатпайтыны  өкінішті.

ЗАҢ  БАР.  БАҒЫНАТЫН  КІМ?

Алимент – балалардың немесе отбасындағы басқа да асырауды қажет ететін адамдардың, яғни жұбайы немесе басқа отбасы мүшелері үшін қаржылай көмек көрсетуді көздейтін заңды міндеттеме. Қазақстандағы алимент жүйесі азамат­тардың құқықтарын қорғауды, олардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Алайда алимент төлеу мәселесі әлі де көптеген әлеуметтік және заңдық сұрақтарды туындатып отыр. Қазақстан Республикасында алимент төлеу жөніндегі заңдар мен ережелердің негізі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Алименттер туралы заңдарында айқындалған. Бұл заңдарға сәйкес, алимент төлеу міндеті әдетте ажырасқан ата-аналардың балаларына немесе өзге де отбасылық жағдайларға байланысты белгіленеді.

Ата-аналар балаларының қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс. Егер ата-аналардың бірі екінші тараптан моральдық немесе физика­лық тұрғыдан көмек сұраса, алимент төлеу осы мақсатта беріледі. Алимент төлеу көлемі мен оның мөлшері Қазақстандағы заңға сәйкес анықталады. Әдетте алименттің көлемі баланың қажеттіліктері мен ата-ананың қаржылық жағ­дайына қарай белгіленеді. Алименттің мөлшері баланың жасына, денсаулығына және басқа да жағдайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Алименттің сомасы ай сайынғы табыстың бір  бөлігін  (25-50%)  құрайды.

Қазір алимент төлеуден бас тартатын немесе төлемеуді әдейі созатын азаматтар көбейіп келе­ді. Бұл жағдай балаларына қажетті қаржылық көмек алмайтын ата-аналар мен олардың балалары үшін үлкен мәселе болып отыр. Қазақстанда алименттен жалтарғандарға қарсы қолданылатын жаза жүйесі бар болғанымен, оны жүзеге асыру қиынға соғады. Бір қызығы, заңды жүзеге асырудың қиындық­тары бар. Мәселен, алимент төлеуден бас тартушыларды жауапқа тарту қиын. Кейде олар жұмыссыз болып немесе табысын жасырған жағдайда, соттың шешімін орындау күрделі болады. Сондай-ақ, табы­сы ресми түрде тіркелмеген адамдар үшін нақты соманы  анықтау  оңай  емес.

Қазақстанда алимент төлеу мәселесін шешуге бағытталған бірқатар өзгеріс пен жаңашылдық енгізілуде. Мысалы, алимент төлеудің мәжбүрлі тәсілдері бар. Қазақстанда алимент төлеуден бас тартқан тұлғаларға қатысты мәжбүрлеу шаралары қолға алынды. Бұл шаралар алимент төлемеу жағдайын қатаң бақылауға алуға бағытталған. Сот арқылы алимент төлеуден бас тартқан азаматтардан төлемдерді өндіріп алу механизмі жетілдірілуде. Алименттің мөлшерін қайта қарау бар. Соттар мен құқық қорғау органдары баланың жасына, денсаулығына және басқа да факторларға байланысты алименттің мөлшерін қайта қарап, баланың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабыл­дауда.

Алимент төлеу жүйесін жеңілдету бар. Қазақ­станның заңнамасы алимент төлеу процесін жеңілдету мақсатында электронды платформалар мен мобильді қосымшаларды енгізуді қарастыруда. Бұл қадам алимент төлеу мен алу үрдісін тез­детуге  көмектеседі.

Алимент төлеу тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік аспектіні де қамтиды. Бұл жүйе­нің дұрыс жұмыс істеуі баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Егер алименттер уақытында төленбесе, баланың білім алу, денсаулығына қажетті қызметтер алу және жалпы өмір сүру деңгейі төмендеуі  мүмкін.

ҚАРЫЗЫ  БАР  ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР

Елімізде 288 мың адамның алимент бойынша қарызы бар. Олардың 277 мыңы ерлер болса, 11 мыңнан астамы – әйел. Қазір 143 мың адамнан алименттер уақытылы өндіріліп жатыр, яғни борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы тиісті төлемдер ұсталынып келеді. Ал проблемалық алименттердің саны  12 мыңды  құрап отыр, олар бойынша берешектің ортақ  сомасы 17 миллиард теңгені құрайды. Бұл азаматтар  өз  қарыздарын  мүлдем  өтемей  отыр.

Жалпы алимент бойынша өндіріп алынған бере­шек сомасы 7 миллиард теңгеден асады. Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындау шараларынан басқа, сот орындаушылары ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, борышкерлердің автокөліктерін арнайы айыппұл тұрағында ұстау үшін рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Сосын ол техникалық құралдар бағаланып, сатуға шығарылады. Сондай-ақ борышкерлердің алимент бойынша берешегін өндіріп алу үшін олардың жасырын кірістерін анықтау жұмыстары да жүргізіліп келеді.

Ал борышкердің тұрақты жұмыс орнының не табысының болмауына байланысты проблемалық мәселелерді шешу мақсатында қарызы бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары өткізіледі. Сондай-ақ сот орындаушылары атқарушылық құжаттарды орындамаған жағдайда әкімшілік  және  қылмыстық  жауапкершілікке тарту  жөнінде  шаралар  қабылдауда.

«АЛИМЕНТ  ТӨЛЕУДІ  ҰМЫТПАШЫ,  ӘКЕ»

Борышкер әке болсын, ана болсын, алимент төлерде алдымен оны өз ұрпағына, өз баласына беріп жатқанын ойлағаны абзал. Айлығының бірер процентімен байып, қалтасын қампайтқан асырау­шыны көрдіңіз бе? Қазір бір баланың қаже­тіне кететін ақшаның жалпы сомасын шығарсақ, көп баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың жай-күйін  бағамдай  беріңіз.

– Жалғызбасты анамын. Тиран күйеудің қорлығына талай жыл шыдап, ақыр соңы ажырасып тындым. Қазір сондай күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдердің көптігіне қарап шошынамын. Өмірім барда балам үшін бөлек кетейін деп қазір жалғыз асыраушы болып жүргеніме 3 жыл толады. Әрине, жалғыз бала болғанымен, оны асырау оңай емес. Бір өзіне қажетті киімі, ішіп-жегі­сі, қыдырғысы бар. Телефоны, тариф деген дүниені де қажет етеді. Қатарынан қалғысы келмейді. Әке жоқ болған соң көңілі жарым. Орнын толтыру үшін күні-түні жұмыс істеп, ақша тауып, болашағы үшін еңбек етіп келемін. Ал әкесінен түсетін алимент ай сайын 23 мың теңге ғана. Былайынша айлығы тым жақсы. Көп қаражат алады. Алайда маған тек осы ақша түседі. Соның өзінде «менің ақшам­мен күн көріп жүрсіңдер» деген айыбын да тағады. Әбден миым шаршаған соң «иә, сенің түскен 23 мың теңге алиментіңмен Дубайға ұшқалы жатыр­мын» деймін. Сол алименттің баласы үшін түсіп тұрғанын ойланбайды. Ойлаңызшы, бір айға жиырма мың теңге. Мұндай ақшаға баланы қыдыр­та  да  алмайсың  ғой, –  дейді  жалғызбасты  ана  Айгүл  (аты-жөні  өзгертілген).

ТҮЙІН. Қасиетті Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» делінген. Осыдан-ақ отбасындағы әкелердің орны мен міндетінің жоғары екені аңғарылады. Алайда арамызда өз қанынан жаратылған перзентін тірі жетім етіп, «көкек әке» атанғандар көбейіп отыр. Соның кесірінен бүгінгі қоғамда алимент алуға мәжбүр болған бала мен сот орындаушыларын жағалаған аналардың саны арта түскен. Әке деген асқар тау өз баласын өзектен тепсе, басқасынан не қайыр? Ал алименттен жалтарған ана жайында айтуға тіпті ауыз  бармайды…

Айнұр  ӘЛИ,

журналист.

Қазалы  ауданы

Коллаж: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: