Мазасыз мүйіс
Қуанышты сәтті қайғылы күнге айналдырып алмайық десек…
Мектеп бітіру маусымы жақындаған сайын ата-аналар чатында жиі қозғалатын тақырып – ақша жинау мәселесі. “Фотоальбом қанша тұрады, банкет қай жерде өтеді, асаба керек пе, мұғалімге сыйлық аламыз ба, балаларға бірдей киім тіктіріле ме, кортеж ұйымдастырыла ма, отшашуға ақша жинала ма?” деген сұрақтар бірінен соң бірі тізіледі. Рас, былай қарағанда бір үйдің жалғызы мектеп бітіріп жатқан ата-ананың дайындығы дерсіз, алайда әр мәселенің артында отбасына түсіп жатқан қысым мен әлеуметтік әртүрлі жағдайдың жарасы сыздап тұр. Мұны өзге түсінсе де, оқушы түсінбейді. Биыл осы мәселеге Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде назар аударып отыр. Ведомствоның ұстанымы бойынша аттестат табыстау рәсімі мектеп қабырғасында өтуі тиіс. Ақша жинау, қымбат мейрамхана жалдау, лимузин, кортеж, коттедж, табиғат аясындағы түнгі басқосу, отшашу, қымбат сыйлық сияқты шығынды көбейтетін әрекеттерге шектеу қойылмақ. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да осы талаптың ата-аналарға қосымша қаржылық салмақ түсірмеу үшін енгізіліп отырғанын айтты. Министрдің сөзінше, ақша жиналған жағдайда оны ата-аналарға қайтару қажет, ал тәртіптің сақталуын құзырлы органдар бақылайды. Бұл тәртіппен мектеп түлектері келісе ме?
«Шығын шықпай, түлек шықпайды»
Атап өткен жөн, мектеп бітіру кешіне қатысты әңгіме бір күндік банкетпен шектелмейді. 11-сыныпқа келген баланың отбасында шығын оқу жылының басынан басталады. ҰБТ-ға дайындық, қосымша сабақ, сынақ тест, дайындық орталығы, жолақы, тамақ, киім, фотоальбом, соңғы қоңырауға арналған форма, аттестат алу рәсіміне киетін киім, шаш әрлеу, макияж, фото-видео қызметі сияқты ұсақ көрінетін шығындардың басы қосылғанда, ата-ананың мойнына әжептәуір салмақ түседі. ҰБТ форматы биыл өзгеріссіз қалады дегенді естідік. Талапкерлер үш міндетті пән және екі бейіндік пән тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі. Ең жоғары балл –бұрынғыдай 140 балл. Осы 140 балл үшін бір түлек бірнеше ай бойы қосымша дайындыққа барады. Бірі екі бейіндік пәннен репетитор жалдайды. Енді бірі дайындық орталығына жазылады. Кей отбасы баласын онлайн курсқа береді.
Kazinform дерегінше, Қазақстанда репетитор қызметінің орташа бағасы сағатына 2500 теңгеден басталады. Алматы мен Талдықорғанда баға 3000 теңгеге, Қостанай мен Қарағандыда 4000 теңгеге, Атырауда 5000-6000 теңгеге дейін барады. Ең төменгі есеппен алғанда, бір түлек екі пәннен аптасына екі рет дайындалса, айына шамамен 40 мың теңге жұмсалады. Тоғыз айда бұл сома 360 мың теңгеге жуықтайды. Егер сабақ бағасы 5000 теңге болса, екі пәннің өзіне 700 мың теңгеден астам қаржы кетеді. Бұған міндетті пәндер, тест жинақтары, жолақы мен қосымша оқу материалдары кірмейді.
Оның үстіне, мектеп бітіру салтанатының сыртқы шығыны осы дайындық шығынының үстіне қосылады. Кей өңірде фотоальбомның өзі 20-40 мың теңге аралығында болады. Қыз баланың көйлегі, аяқкиімі, шаш пен бет әрлеуі, ұл баланың костюмі, жейдесі, аяқкиімі, салтанатқа арналған аксессуарлары тағы бар. Бір отбасы мұны алдын ала жоспарлап көтереді. Бір отбасы соңғы айда қиналып жүріп табады. Тағы бір отбасы баласы қатарынан қалмасын деп қарызға кіреді. Бұған дейін БАҚ-та ата-аналардың мектеп бітіру кешіне байланысты нақты шығындары да жазылды. Бір деректе қаладағы ұл баланың соңғы қоңырау мен бітіру кешіне кеткен шығыны 95 мың теңге, қыз баланың шығыны 235 мың теңге деп көрсетілгенін де байқадық. Ауылдағы бір ата-ана қызының мектеп бітіруіне және ҰБТ-ға алты айлық дайындығына 360 мың теңгеден астам қаражат жұмсағанын айтқан. Мұндай есеп әр отбасының жағдайына қарай өзгергенімен, мектеп бітіру маусымының ата-ана үшін қаржылық кезеңге айналып кеткенін көрсетеді. Мұны ата-ана Айгүл Оразхан да растап отыр.
– Қызым қатарластарынан қалғысы келмейді. Күні кеше сыныптан бөлек өзінің құрбыларымен бірге фотоальбомға түсуге 50 мың, одан бөлек студия жалдауға 15 мың, ал киім алуға 120 мың теңгеден аса ақша жұмсадық. Ел қатарлы қызықтан қалмасын дегеніміз сол еді, қалтаға ауыр болатын шығындары шашетектен көбейді. Жасөспірімдердің ойынша, ата-ана болу оңай екен, ақша табуға міндетті екенбіз, ал олар тек біздің тапқанымызды шашып, ауаға құртуға әуес. Мұны жағдайым келмесе де мен көтерермін, ал жалғызбасты ата-аналар мен тұрмысы төмен отбасылар көтереді дей алмаймын. Ал оқушы түсінсін бе мұндайды. Осыны заңмен қадағалап, шектеу қою керек, — деді ата-ана.
Сән-салтанат сан соқтырмасын…
Мектеп бітіру кешінің форматы соңғы жылдары кәдімгі тойға ұқсап бара жатқаны көп айтылып жүр. Мейрамхана жалдау, асаба шақыру, шоу-бағдарлама жасау, қымбат көлікпен жүру, қала сыртындағы коттеджге бару, отшашу ату, кәсіби оператор мен фотограф жалдау, арнайы баннер мен безендіру жасату кей ата-ана үшін қалыпты іске айналған. Мұндайда бір сыныптың ішінде әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасы бар екені ескеріле бермейді. Бір ата-ана 200 мың теңгені жеңіл төлейді. Екінші ата-ана сол ақшаны бірнеше ай бойы жинайды. Үшінші ата-ана баласына білдірмей қарыз алады. Ата-аналар чатында «бәрі келісіп отыр», «бір рет бітірейін деп жатыр», «баланың көңілі қалмасын» деген сөздер жиі айтылады. Сол сәтте қарсылық білдірген ата-ананың уәжі кейде ортақ шешімнің ішінде еленбей қалады.
Биыл Алматыдағы бір мектепке қатысты дау осы мәселенің нақты көрінісін берді. БАҚ-та тараған мәлімет бойынша 138 түлек пен олардың ата-аналарынан 41 миллион теңгеден астам қаржы жинау жоспарланған. Бір адамға 200-300 мың теңге көлемінде шығын түскені айтылды. Кейін тексеру жүргізіліп, мектеп басшылығы мен аудандық білім бөлімі жетекшілеріне тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланды. Бұл дерек ата-аналар арасындағы ақша жинау мәселесінің тек жеке чаттағы әңгіме емес, білім саласындағы бақылауға тірелетін жағдай екенін көрсетті.
Білетініміздей, мектеп бітіру кештеріне қатысты тағы бір мәселе бар. Ол – қауіпсіздік. Соңғы қоңыраудан кейін түлектердің көлікпен қыдыруы, кортеж жасауы, терезеден шығып жүруі, жол ережесін елемеуі бірнеше өңірде полиция назарына іліккен. Өткен жылы Жаңаөзенде үш көлік қатысқан жол апаты тіркелді, оның екеуінде мектеп бітіруші түлектер болған. Полиция мәліметінше, апат 23 мамыр күні болған. Зардап шеккендер туралы мәлімет берілмеген.
Тағы бір деректе Мойынқұм ауданында да түлектер ұйымдастырған кортеж полиция назарын аударған. Түлектер көлік терезесінен денелерін шығарып, қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны айтылды. Облыстық полиция өкілдері мұндай әрекеттің өз өміріне де, өзгенің өміріне де қауіп төндіретінін ескерткен. Мұндай оқиғалар бір күндік қуаныштың жол үстіндегі тәртіппен, ата-ананың бақылауымен, жүргізушінің жауапкершілігімен тікелей байланысты екенін көрсетеді. Кортежге шыққан бірнеше көліктің ішінде жасөспірімдер отырады. Көңіл көтеру, музыка, видеоға түсу, әлеуметтік желіге жариялау ниеті жолдағы сақтықты кейінге ысырып жіберетін сәттер болады. Ал оның соңы жазатайым жағдайға ұласса, көлікті тоқтатпаған жол полициясы мен мектеп директоры кінәлі боп шыға келеді. Бұл – шынымен болып жатқан жағдай. Парадокс.
Алғашқы «еркіндіктің» арты
Жасыратыны жоқ, кей түлек мектеп бітіру кешін «үлкен өмірге аяқ бастым» деген ішкі сезіммен қабылдайды. Сол күні бұрын татып көрмеген ішімдікті ішіп көру, темекі немесе вейп шегу, түнге дейін жүру, ата-ананың бақылауынсыз отыру сияқты жағдайлар кездеседі. Бұл жерде баланың мінезі ғана емес, ортаның ықпалы да әсер етеді. Бірі ішпесе, екіншісі «осы жолы ғана» дейді. Бірі тартпаса, екіншісі «бәрі көріп жатыр» деп қысым жасайды.
Соңғы жылдардағы кей оқиға мектеп бітіру кешін бақылаусыз өткізу қандай қауіпке апаратынын көрсетті. Былтыр мамырда Алматы облысы Қарасай ауданындағы Долан ауылында түлектерге арналған коттедждегі кеш адам өлімімен аяқталды. Sputnik мәліметінше, ата-аналар 11-сынып оқушылары үшін коттедж жалдаған, алайда бұл туралы мектеп әкімшілігіне хабарламаған. Балалар қараусыз қалған. Кәуап дайындау кезінде екі сыныптас арасында жанжал туып, 2007 жылы туған оқушы қаза тапқан. Кейін ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны жазылды.
Мұндай дерек мектеп бітіру кешінің қай жерде өтетіні, оны кім бақылайтыны, балалардың жанында жауапты ересек адамның болуы, ішімдікке жол берілмеуі, түнгі уақытта қозғалыстың шектелуі сияқты талаптардың не үшін қажет екенін түсіндіреді. Ресми мектеп іс-шарасы аяқталғаннан кейін балалар өз бетімен қала сыртына немесе коттеджге кетсе, жауапкершілік мәселесі күрделене түседі. Бір жағында ата-ана бар. Екінші жағында жалға беруші бар. Үшінші жағында мектептің аты жүреді. Қайғылы жағдай бола қалса, кештің «мектептен бөлек ұйымдастырылғаны» баланың өмірін қайтарып бермейді.
Жыныстық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Бұрынғы жылдары мектеп бітіру кезеңіне жақын уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық деректері тіркелгені туралы ақпарат жарияланған. Мысалы, 2013 жылы Tengrinews.kz Алматы облысында мектеп бітіруші қыздың зорланғаны жөнінде полиция дерегіне сүйеніп жазды. Оқиға ҰБТ-ға дайындық кезеңінде болғаны айтылған. Бұл дерек нақты банкет барысындағы жағдай болмаса да, жасөспірімнің қауіпсіздігі, кешкі уақытта жалғыз қалмауы, ересектер тарапынан бақылаудың болуы неге маңызды екенін еске салады.
Талап бар жерде тәртіп бар
Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты талаптарды нақтылады. Ведомствоның ресми мәліметінде бұл мақсатта бірлескен бұйрық қабылданатыны айтылған. Құжатта қабылданатын шаралар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқығын қорғауға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталатыны көрсетілген. Аттестат табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимаратында өткізіледі. Оқушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақша және өзге де материалдық құндылықтар жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талапқа сәйкес мектеп бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерде өткізуге жол берілмейді. Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығынды қажет етпейтін тәрбиелік, мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру және түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылған. Ал ішкі істер органдарына құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шара қабылдау жүктелген.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, биыл оқу 25 мамырда аяқталады. Ел бойынша оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы тамамдайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлегі. Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп нақтылаған талаптар осы түлектердің аттестат алу рәсімі мен мектеп бітіру шараларына да қатысты. Осынша бала үшін ортақ тәртіптің болуы мектеп әкімшілігіне ғана емес, ата-анаға, жергілікті білім бөліміне және қоғамдық тәртіпке жауапты органдарға да міндет жүктейді.
Атап өткен жөн, министрлік бекіткен талап шығын мен қауіптің алдын алу үшін енгізіліп отыр. Салтанат мектепте өтсе, аттестат табыстау рәсімінің өзі сақталады. Ұстаздың тілегі айтылып, ата-ананың алғысы жеткізіледі. Түлек сыныптасымен қоштасады. Бірақ рәсім қарызға, бәсекеге, түнгі басқосуға, ішімдікке, жолдағы қауіпті жүріске ұласпауы керек деген талап қойылады. Бұл жерде ата-ананың рөлі де аз емес. Мектеп ресми іс-шараны шектесе де, ата-аналар өзара ақша жинап, «мектептен бөлек» кеш өткізсе, мәселе басқа арнаға ауысады. Әсіресе коттедж, қала сырты, түнгі мейрамхана, жабық кеңістік, бақылаусыз орта жасөспірім үшін қауіп тудырады. Әр сыныптағы ата-ананың келісімі, мектеп әкімшілігінің түсіндіру жұмысы, полицияның профилактикасы, балалардың өзімен ашық сөйлесу қатар жүруі керек.
Өзге елдерде не өзгешелік бар?
Жаза кеткен жөн, әлем елдерінде мектеп бітіру рәсімінің форматы әртүрлі. Бірақ бірқатар мемлекетте басты назар мейрамхана мен сән-салтанатқа емес, мектеппен қоштасу рәсіміне, отбасы мен ұстазға алғыс айтуға, түлектің келесі кезеңге өтуіне беріледі.
Финляндияда жоғары мектепті аяқтаған түлектерге ақ қалпақ кию дәстүрі бар. Салтанат кезінде директор түлектердің мектепті аяқтағанын жариялағаннан кейін оқушылар қалпағын киеді. Бұл рәсім елдегі білім жолының бір белгісі ретінде қабылданады.
Оңтүстік Кореяда кей мектепте бітіру салтанаты ұлттық киіммен, ата-ана мен мұғалімге алғыс айту мазмұнында өтеді. Korea Times жазғандай, кей оқу орынында оқушылар ханбок киіп, ата-анасы мен ұстаздарына ризашылық білдірген. Мұнда да басты назар мектепті аяқтаған баланың тәрбиелік рәсіміне аударылады.
Германияда Abiball деп аталатын мектеп бітіру балы бар. Ол көбіне ресми кешкі ас, ата-ананың қатысуы, фотоға түсу, музыка және би форматында өтеді. Кей жағдайда түлектер кейін бөлек бас қосады. Бұл тәжірибелердің бәрін сол күйінде көшіру міндет емес. Дегенмен, мектеп бітіру салтанатының қымбат тойға айналмай-ақ есте қалатын рәсім бола алатынын көрсетеді.
Соңғы қоңыраудың мазмұны өзгерсе…
Мектеп бітіру кешін мектеп қабырғасында өткізу рәсімнің мәнін жоғалтпайды. Керісінше, оны қарапайым әрі түсінікті форматқа әкеледі. Ізденген адамға аттестат табыстау, түлектердің ұстаздарға алғыс айтуы, ата-ананың батасы, мектеп тарихына байланысты шағын бейнеролик, сыныптың естелік хаты, түлектер аллеясына ағаш отырғызу, мектеп кітапханасына кітап сыйлау, қайырымдылық акциясын ұйымдастыру сияқты мазмұнды тәсілдер бар. ҰБТ алдында түлектерге психологиялық қолдау көрсету де – осы кезеңнің бір бөлігі. Себебі 11-сынып оқушысы үшін үлкен сынақ алдындағы уақыт. Бірі грантқа түсу үшін алаңдайды бірі ата-ананың үмітін ақтауға тырысады, ал енді бірі таңдаған мамандығына балл жетпей қала ма деп қорқады. Осындай кезде мектептің соңғы іс-шарасы баланы қосымша шығын мен түнгі күйзеліске емес, сабырлы қоштасуға, сенімді қадамға, жауапты шешімге жетелеуі тиіс.
Ата-ана үшін де бұл талаптың мәні бар. Қаржы жинау азайса, әлеуметтік қысым да бәсеңдейді. Әр бала бірдей ортада аттестат алады. Бірінің көйлегі қымбат, бірінің костюмі арзан деген салыстыру азаяды. Мұғалімге берілетін сыйлық, мейрамханадағы орын, фотоальбом бағасы, кортеж шығыны ата-ананың басты әңгімесіне айналмайды.
Соңғы қоңырау – мектеппен қоштасатын күн. Биыл осы рәсімге қатысты талаптардың өзгеруі ең алдымен оқушының амандығына бағытталып отыр. Аттестат алған күн түлектің есінде жақсы әсерімен қалуы керек. Сол күннің қарсаңында ата-ана қарыз іздеп, бала түнгі көшеде алаңсыз жүріп, мектеп кейін ақталатын жағдайға қалмаса болғаны. Салтанат қарапайым өтсе де, оның қадірі кемімейді. Ең бастысы, жас түлек жаңа өмірге аман, сергек көңілмен қадам басуы керек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!