Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депрессия (әңгіме)

05.08.2021, 10:30 481

Аягүл Мантай… Қазақтың талантты жазушы қыздарының бірі еді… Жазбаларынан ғұмырдың иісі, ондағы ой-тұжырымдарынан адамдықтың иісі аңқитын…

Онымен әлеуметтік желі арқылы таныспыз, жүзбе-жүз кездеспесек те, жиі пікірлесіп тұратын едік. «Аяш, қалайсың?» деп әлсін-әлсін хат жазысып, әрбір жазбасына, әңгімелеріне оң ниет танытып тұрдық. Басқа өңірден болса да, адамды жатсынбайтын, өтінішіңді кері қайтармайтын. «Халық» газетінің оқырмандары үшін деп бір топ әңгімесін жіберіп, басылымда да, сайтта да сол туындылары жарияланып, оң бағасын алған еді. Өзіндік бояуы бар әңгімелері кім-кімді де баурап алатын. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, руханиятына берері әлі көп еді. Сол Аяшты бұл өмірден өтті деген қаралы хабар оның жазушылығына, адамдығына тәнті талай адамды есеңгіретіп кетті. Өлімге қимайтын жан еді, ажалға кім араша түсе алған…

Бақұл болыңыз, әдебиеттің Аясы! Марқұмның отбасына, ағайын-туғандарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

Ал әлеуметтік желіде түрлі әңгіме айтылып та, жазылып та жатыр. Оның бәрі қазақтың қаршадай қызын қайта тірілте алмайтыны ақиқат. Соңғы күндері оның қиналып жүргенін, депрессияға түскенін жанына жақын жандардың жазбасынан біліп отырмыз. Бүгін біз Аяштың иманы саламат, жаны жәннаттың төрінде болсын деп, «Халық» газетінің оқырмандары үшін «Депрессия» атты әңгімесін ұсынып отырмыз.

Қап-қара түнекті сейілткісі келген сәуле көз шағылыстырады. Біздің ауылдың аспанында Ай жасырынғанымен, жасанды сәуле жарық шашады. Жарық  жылдамдығына ілесе алмайтын жынды көбелектер мен шіркейлер бағананы айналып, шарқ  ұрады.

– Біріміздің тағдырымыз жынды көбелекке, біріміздің тағдырымыз кішкентай шіркейге ұқсайды. Менің көбелекке ұқсағым келмейді, – деп күрсінді  ол.

– Шіркейге кімнің ұқсағысы келе­ді  дейсің?

Мұңлы жымиып: – Сен құмыраға отырғызылған жабайы гүлге ұқсайсың, – деді.

– Аппақ құсқа айналып, аспанға ұшып кеткім келеді, – деп қиялыма ерік бердім.

– Аппақ көгершін жабайы гүлді сабағынан аялай үзіп, гүлді тұмсығы­мен тістеп, аспанда ұшып жүреді, – деп қиялыма қанат бітірді. – Әттең, көбелектің құс ұшатын биікке көтеріле  алмай, қанаты талады.

– Көбелекті аяймын. Қызыл-ала қанатты көбелекті ұстай алмағаныма ызаланып, шалқан гүліне қонатын ақ, сары көбелектерді сыпыртқымен ұрып, табиғаттанудың парақтарын толтырдым.

Ол мұңлы жымиып: – Еркек пен әйелдің қарым-қатынасы гүл мен көбелектің қарым-қатынасын қайталайды. Сен биік үйлердің терезесінен көрінетін қызыл гүлге көбелек қонғанын көрдің бе? – деп бетіме сұраулы  жүзбен  қарады.

– Даланың жабайы әрі табиғи сұлулығын жасандылықпен салыс­тыру – ақымақтық, – дедім.

– Өз тәнін құмар ойынына тіккен жезөкше мен көбелектің  ортақ  ұқсастығы: олар өмірмен емес, ажалмен ойнайды, – деген ол әңгімесін кілт  үзіп: – Қара мысықты көрдің бе? – деп  үрке  қарады.

– Қара мысық?

– Алдымызды кесіп өткен үлкен қара мысықты шынымен көрмедің бе?

Даусында таңдану мен сенімсіздік бар.

– Көрмедім.

– Көзімді жұмуға жүрексінем. Түсімде қара мысық пен балалары етіме таласып, сүйегімді кеміріп жатады. Ұйықтасам, көзімді ашып, жарық әлемге қарауға қорқам. Қара мысық туған сайын ескі шелекті суға толтырып, көзін ашпаған мәулендерді кезек-кезек суға батырып, өлтіре бердім. Көктемде мәулендерін өлтіріп жатқан кезімде қара мысық жолбарысша атылып, беті-қолымды тырналап тастады. Жауыз адамның үкімімен бір күннен артық өмір сүрмеген  балаларын  біртіндеп  ескі тамның үстіне тасыды. Қара мысықтың аузында денесі салаңдап тұрған құйтақандай  мышым әлі күнге дейін көз алдымда. Мәулендерінің өлі денесін тілімен сипап жатқан қара мысықты күрекпен ұрып, өлтірдім. Қатыгездігімді балалық тентектікке балап, ақтаудың өзі – қылмыс. Бесеу­мізді бес еркектен туған анама деген жеккөрушілік сезімім жылына екі-үш рет балалайтын қара мысыққа деген өшпенділігімді оятты. Сол күні жабайы аң секілді бізді әр кездескен еркегінен туған анамды қара мысық секілді өлтіруге ант еттім. Жезөкшенің ұрпақ өрбітуі­не құқы жоқ, түсінесің бе, құқы жоқ! Жезөкшеден жезөкше туылады. Оныншы сынып­та оқып жүрген кезімде екі рет түсік жасатқанымды білесің бе? Бұрымыңнан бозбала тартып ойнаса, ағаңа шағым айтып, ұрғызатын ақымақ, менің баламды өз  қолыммен өлтіргенімді білесің бе? – деп көк көйлегімнің жағасынан тартып, қылқындыра бастағанда, қорқыныштан: – Құтқарыңдар! Өлтірді, құтқарыңдар! – деп айғай салдым. Бірақ өз даусымды өзім ести алмадым. Жан дүниемнің айғайын мылқау түн де естімеді.

– Кешір, – деді аспан жаққа көз тастап. – Кешірші. Сені жақсы көре тұрып, жек көретінім үшін кешірші. Ғасыр… Ол менің сезімімді қорлады. Ғасырға өлім тілейтінім үшін кешірші. Аппақ әлемді, айналамды қоршаған  адамдарды жек көретінім үшін кешірші. Сен жазмышқа сене­сің бе? – деді ол темекісін тұтатып. Сүйрік саусақтары дір-дір етеді. Иығынан қиылған қара шашын жел тербеп, аппақ  бетін жас жуып жатты.

Оның сөзін анық естісем де қор­қыныштан ойымды жинақтай ал­мадым.

– Білмеймін…

– Менен қорқасың ба? – деп мырс  етті. – Өзім де өзімнен қорқам.

Денем дірілдеп, тоңа бастадым.

– Қош бол! Біз әлі кездесеміз, – деп  көңілсіз  қоштастым.

Таң атқанда ғана көз ілдім. Ұйқыдан оянғанда денем дел-сал болып, басымды көтере алмадым. Қалаға екі күн  кешігіп  оралдым.

***

Ол екеуміз бір сыныпта оқыдық. Бастауыш  сыныпта бір партада отыр­дық. Балалардың сөмкесінен нан ұрлап, сабақтан да бірге қаштық. Үлкен үзілісте соңғы партаға (біз соңғы партада отыратынбыз) дас­тарқан жазып, мен үйден әкелген мантыны, Айкөркем асханадан сатып алған тәтті сусынды, ұлдар­дан ұрлаған пәтір нан мен сары­май жағылған тандыр нанды қойып, кішігірім «той» жасайтынбыз. «Тойға» кейде қыздарды шақырып қоя­мыз, бірақ ұлдарға ауыз тиюге де рұқсат  жоқ.

– Менің пәтір нанымды тағы да ұрлап алғансыңдар ма? – дейді Құрба­қа-Диас.

– Сенің апаңнан басқа ешкімнің апасы пәтір нан пісірмей ме? – деген әдеттегі жауабымызды қайталаймыз.

– Кеше апам тандырда нанын ұмытып кетіп, күйдіріп алған. Тандыр нанымды танып тұрмын. Наным­ды беріңдер, ұрылар – деп кіжінеді  Маймыл-Құрмаш.

– Біздің апам да ұмытшақ, ол да кеше нанды күйдіріп алған, – деймін мен.

Жетінші сыныпта ұлдардан нан ұрламайтын болдық, тіпті үйден әкелген нанды олардан жасырып жейтінбіз. Нан ұрлап жеуді қойғаннан бастап, Айкөркем менен алыс­тай бастады. Бір күні достығымыз­ға сызат түсетінін сезсем де, оны жо­ғалтудан қорқатын едім. Бәлкім, ол емес, мен одан алыстай бастаған шығармын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс кезеңінде де Айкөр­кем мектепке қызыл-жасылды қымбат киім киіп, сәнденіп келетін. Күнде шешемнің құрбысы тігіп берген қара юбка мен ақ кофтаны киюден жалыққан мен оған қызыға да, қызғана қарайтынмын. Ауыстырып киетін кофтам болса да, юбкам болмағаны есімде. Юбкам жексенбі күні жуылып, кеппесе, таңертең көмекке үтік келеді. Бір күні юбкамды күйдіріп  алдым. Анам әкемнің қара шалбарының балағын ойып алып, жамап берді. Содан күзде мақта теріп, ақша тауып, киім алғанша, жамау түскен киiмнен құтылмадым. Менің жамау түскен киімім Айкөркемді менен алыстатса, оның мінезіндегі өзгеріс мені одан алшақтатты. Айкөркем сабақ­тан жиі қалатын, оқу үлгерімі де  нашарлап  кетті.

Бір күні сабаққа кешігіп келсем, Айкөркем  мен Әсима  екі  жерде  жылап  отыр.

– Айкөркем шешесінің қателігі үшін ешкімнің алдында жазықты емес, – деді сынып жетекшіміз. – Әсима, сен одан кешірім сұрауға тиіссің.

– Анасы біздің отбасымызды ойрандағаны үшін кешірім сұрауға тиіспін  бе? Ол, бәлкім, менің әпкем шығар? Менен екі ай үлкен ғой, оны «әпке» дейін. Әпкетай! Әпке, – деп Әсима  оны  келеке  ете  бастады.

– Анам әкеммен ұрсып жатқан кезде  «Айкөркем, бәлкім, сенің қызың шығар» дегенін естіп қалғанмын. Ол менің қарындасым болуы мүмкін, – деді аңқау Қуаныш.

Үнсіз жылап  отырған Айкөркем:  – Малғұн!   Өшір  үніңді, малғұн! – деп айғай салды. – Жексұрын! «Әпке» деме мені, жексұрын, – деп Әсиманың  жағынан  тартып-тартып  жібер­ді. – Малғұн, мен сенің қарындасың емеспін, – деп парта үстіндегі кітапты Қуаныштың бетіне лақтырды. Мен оны жұбатпадым. Жұбата да алмайтын едім. Анасы жезөкше болғаны үшін оның жазықты емесін біз түсіне алмадық. Ерте бой түзегені үшін емес, жезөкшенің қызы болғаны үшін одан алыстаппын. Әйтпесе, ерте бой түзеген қыз аз ба?!  Екі  бұрымымды тарқат­қаннан бастап, шешемнің онымен досты­ғыма қарсылығы да оған деген жан дүниемнің қарсылығын оятыпты. Сол күннен бастап біздің әрқайсысымыздың санамызда «ол біздің әкеміздің қызы шығар, болмаса, атамыздың не ағамыздың қызы ма?» – деген күдікті ой қылаң берген еді. Оны бір-бірімізге ашып айтпасақ та, ол жоқ кезде бәріміз оның әкесін  бірге «іздейтінбіз».

Біздің ауылдың момын тракто­рисіне төрт қызымен тұрмысқа шыққан әйелдің сұлулығы еркектер­ді тәнті етіпті. Әйелдің есімі – Жұпар. Ауылдың шетіндегі жалғыз үйді ерлер жағы «Жұпар иісі» дейтін. «Жұпар иісі» үйін біздің ауылдың әйелдері жек көретін. «Тәйірі «Сасық үйді» «Жұпар иісі» деп атағаны несі, ей», – деп  күйіп-пісетін  дәу  апам.

Біздің ауылдың карта­құмарлары картадағы жалаңаш әйелдің бейне­сін сол әйелдің атымен атайтын. Біз мәдениет үйінің кітапханасынан ертегі кітап жаздырып алып, оқып жүрген кезде күйеуі сөмке-сөмке кітап әкететін. Кітапқұмар еді. Біздің бала қиялымыз кітапты көп оқитын адамды «даныш­пан» деп пайымдайтын. Есімді білген кезде оның әйелінің жеңіл жүрісті екенін естіген­де алғашында сенбедім. Қалайша «данышпан адамның» әйелі жезөкше болады? «Әйелі дуалап тас­таған. Сондықтан әйе­лі не істесе де, оған қарсы тұра алмай­ды», – деп түсіндіретін үлкендер. Жұпарды алғаш көрген кезде біз көріп жүрген әйел­дің бірде-біріне ұқсамай­тынын түйсігіммен сездім. Сол сезіну мен түйсіну – қорқынышты еді. Әйелді көрген сайын бойымда түсініксіз қорқыныш сезімі оянатын. Әйел қаладан ауылға жыл құсындай сирек келетін. Біз жетінші сыныпты бітірген жазда күйеуі жынданып кетті. Қолына шыбық ұстап, «атын ерттеп», көшеде шауып жүретін. «Данышпан адам» қорқынышымды емес, аяушылық пен жеккөрушілік сезімімді оятатын. Айкөркемнің төрт әпкесі де тұрмыс құрмады. Есесіне біздің ауылда некесіз сәби көбейді. Айкөркем… Сұлулығына біздің ауылдың  бүкіл  жігіті  сұқтанған Көркем… Біздің ауыл сұлулықты бағалай алмады. Сұлу әйел­ге еркек біткен аш қасқырдай өш екен. Досты­ғымыз сыналатын қыл өткелден мен оның қолынан жетектеп өте алмағаным үшін,  қап-қара көзін­дегі  мұңын түсіне  алмағаным  үшін  жазықт­ымын.

***

Сол қоштасудан кейін Айкөркем екеуміз арада сегіз жыл өткен соң кездестік. Толысып, көз алдына ұсақ әжім түсіп, көзіндегі мұң да тереңдепті.

– Әдемі  ерніңнен  жігіт  сүйді  ме? – деп  қулана  сұрады.

Шамданып  қалдым.

– Мен балабақша тәрбиеленуші­сіне ұқсаймын ба?

– Жоқ, сен құмырада өскен жабайы  гүлге  ұқсайсың.

– Ұмытпапсың. Тек әлі аппақ көгер­шін  аспанға  алып  ұшқан  жоқ.

– Ғасыр әлі үйленбепті. Екеуміз де бір мезгілде бір адамға ғашық  болдық.

– Мен  Ғасырды  ұмытып  кеттім, – десем де өзім алғаш рет ғашық болған бозбаланы анда-санда есіме алатынымды, тіпті кейде сағынатынымды жасырып қалдым. – Мен саған жиырма хат жазып, бірде-біріне жауап ала алмадым, – дедім.

– Ғасырды мен ұмыта алмаймын. Себебі, ол менің сезіміме жауап қатпаған жалғыз еркек. Ол мені емес, сені  сүйді. Мен секілді сұлу қызға көз  қиығын  салмауы  күлкілі  ғой.

– Кей сұлулар еркектің мазағына ғана  лайық, – дедім  қырсығып.

Ол түк те ашуланған жоқ.

– Сен ерекше сүйкімдісің, – деп еркелете бетімнен сүйді. – Білем ғой, сен менің болмысымнан қор­қасың, сүйе тұрып, сезімін тұншықтырып тастайтын сенен мен де қорқам. Бір-бірімізге мүлдем ұқсамасақ та неге сені іздеймін? Менімен бір дас­тарқан  басында  отырғаныңа намыс­танбайсың  ба?

– Түсінбедім?

– Мүләйімсімеші, тәкаппар  ақымақ, – деді ызғарлы үнмен. – Тәнімді бір түнге саудалаған еркектер менің есімде қалмаса да, олар менің тәнімді ұмытпайды. Еркек өзін өмір бойы аялаған әйелдің жақсылығын естен шығарса да, ақшаға сатып алған ләззатын ұмытпайды. Менің жаным сезімді іздемейді, тәнім болса, ақша­ны сүйеді. Тәнім ар-ұятым мен  намы­сымнан да қымбат. Сезімім мен үмітім, қиялым мен арманым алдап кетті. Қарызға құрбым бермеген ақша­ны  тәнім  тауып  берді.

– Сенің өмірің – сенің ғана шындығың, – дегеннен басқа аузыма сөз түспеді.

– Кеше ұйқымнан тағы да шошып ояндым. Түсімде қара мысық бейітім­нің басына балалапты. Қабіріме бара қалсаң, бейітімнің топырағын шашып, тырналап жатқан мысықты қуа көрмеші, – деді жалынышты үнмен. – Қабіріме гүл қоймай-ақ қой, мысыққа сүт әкелші. Қайда  барсам да, қара мысық көлеңкем секілді еріп жүреді. Терезеден қарап тұрған мысықты көрдің бе? – деп көзін бағжитып, үнсіз қалды.

– Сандырақ. Қалада кедейдің мысығы да еркін емес. Елес, – деп терезеге мойнымды бұрғанымда біз­ден көз алмай қарап отырған дәу қара мысықты көріп, қорқыныштан жүрегім тоқтап қала жаздады. Оның құдды адам секілді жек көре қараған жап-жасыл көзіне ұзақ қарауға дәтім бармады. Көз  алдым  қарауытып,  басым  айналды.

Ертесіне көзімді ашсам, аурухана төсегінде  жатыр  екем.

Жас дәрігер:

– Сіз  қара мысық та, көк мысық та көрген жоқсыз. Депрессияға түскен құрбыңыздың қорқынышы сізге де әсер етіп, қара мысықтың бейне­сін  қиялыңызбен  көз  алды­ңызға елестет­есіз.  Құрбыңызбен ұзақ уақыт кездесуіңізге тыйым сала­мын. Әйтпесе, сіз де құрбыңыз секілді  жүйке   ауруына  шалдығасыз, – деді.

– Қара мысықтың көзіндегі өшпенділікті сезінсеңіз, сіз де аурухана төсегінде  жатар  едіңіз.

– Сіздің  жүйкеңіз  шаршаған.

– Жүйкемнің шаршағаны рас. Бірақ үнемі депрессияда жүретін адамдардың «қара мысық елестеді» дегенін  естісем, құлағым  керең  болсын.

Дәрігер жауап қатпай, күлімсіреді.

Жас дәрігердің сүйкімді жүзі, тұң­ғиық  жанары  Ғасырды  есіме  түсірді. Сол сәтте Ғасырға деген сезімімді онымен бірге ауылда қалдырып кетке­німді сезіндім. Қала Ғасыр­ға деген сезімімді суытып, сағынышымды  ғана сақтап қалыпты.

– Шынайы  сезім  де  ұмытылады, – деп  күбірледім.

– Не дейсіз? – деп дәрігер бетіме сұраулы  жүзбен  қарады.

– Сіз бала кезіңізде қырдан қызғал­дақ  тердіңіз  бе?

Ол жымиып, басын шайқады: – Біздің ауылда туысымыз болған емес. Ата-анам балалар үйінде тәрбиеленген. Қырдан қызғалдақ тере алмадым. Саяжайда көшет отыр­ғызып, бау-бақшаны суғарып, алма жинадым.

Ертесіне оянғанымда үстел үс­тінде құмырада тұрған бес тал қыз­ғалдақ  пен  қасымда ұйқымды күзетіп отырған сүйкімді дәрігерді көрдім.

– Қызғалдақты қырдан арнайы сізге  арнап  тердім, – деп ұяла жыми­ған  дәрігер  аяғын  жеңіл  басып, бөлмеден  шығып  кетті.

Даланың иісі шықпайтын қызғалдақты кеудеме басып, аяғымды қорқа басып, терезеге жақындадым. Далада көктемнің иісі шығады. Су тамшылаған өріктің жапырағы дір-дір етеді. Өріктің бұтағына қонақтаған торғай суықтан тоңып, бүрсеңдейді. Ағашқа өрмелеген мысықтан қорқып, кө­зімді жұмдым. Көзімді ашқанда ұры жүріспен, торғайға жақындап қалған шұбар мысықты көрдім. Екі тал қызғал­дақты лақтырып, құсты үркітіп  жібердім.

– Қорықпаңыз, аурухана ауласынан бұл жабайы мысықты мен күн сайын  көрем, – деген дауысты естіп, артыма  жалт  қарадым.

Жас дәрігер жұмбақ жымиып: – Сезімнің иесі – қызғалдақ емес, жүрек, – деді.

Бірі  ағаштың  бұтағына ілініп, бірі жерге түскен қызғалдаққа кезек-кезек қарап, ұялғанымнан кө­зімді  алып  қаштым.

– Сіз мейірімділігіңіз үшін ұялуға тиісті емессіз, – деді ол. – Сіз гүлді лақтырып тастаған жоқсыз, тор­ғайды  ажалдан  арашалағыңыз  келді.

Жауап қатпастан құмыраға қолымд­ағы  үш  тал гүлді салып, дәрігерге көзімнің қиығымен қара­ғанымда, ол күлімсіреп тұр еді. Дала­ның иісі шықпаған қызғалдақтан  сезімнің  иісін  сезіндім…

Аягүл  МАНТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: