Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөз қадірін терең бағалайтын еді

07.02.2022, 9:00 327

HALYQLINE.KZ

Әбдіжәміл аға осы індеттің алдында Алматыда санаторияда демалды. Смағұл Елубай құрдасым қасында екен. Мен барып сәлем бердім. Біраз сөйлестік. «Абайды жазыпсың, оқыдым» деп бір қойды. «Ал сен белгілі экономиссің, қашан мына кризистен шығамыз?» деп сұрады, пікір алыстық. Билікке көңілінің толмағанын айта келе, «дұрыс айтып отырсың, жазып та жүрсің, осыны неге істемейді?» деді. Мен жаңа шыққан «Қоғам дерті» деген кітабымды бердім. Кейін Смағұл құрдасым жазып жіберді, «маған аға түнімен сенің кітабыңды оқытты, бір шайға қарыздарсың» деп.

Әбдіжәміл аға көптің алдына шығарда мұқият ізденетін, керек болса жазып, дайындалып баратын. Экспромтом сөйлемейтін, сөз қадірін терең бағалайтын еді. 1991 жылы Елбасы бастаған делегация бірінші рет Англияға барып қайттық, өте жауапты кезең. Мәскеуде күн суық, жаурап қалдық, премьер-министр С.Терещенко траптан күтіп алды. Сол кезде Мәскеуде бір үлкен кездесуге бардық. Әбдіжәміл аға егемендігіміз, тарихымыз туралы өте мазмұнды сөздер айтты, мұқият жазып алған!

Әбдіжәміл аға принципшіл еді, өмірге деген сыни көзқарасы терең болатын. Сол себептен де «Батыр атағы» көптен кейінірек, халқы әлдеқашан мойындаған соң, лажы жоқтан берілді ғой деп ойлаймын. Бәрі мойындайтын, қаймығатын.

Мен тағы бір өте принципшіл, нағыз мемлекетшіл, Макиевелли айтпақшы, заңғар тұлғамыз, шынайы өміріндегі берілмеген Батыр атағына нағыз лайық академик Салық Зимановқа жақынырақ болдым. Салық аға әр уақытта Әбдіжәміл ағаны мысалға келтіріп отыратын. «Әбекең – біздің заңғар жазушы» деп.

Әбдіжәміл аға – 100 жасқа жақындап, екі формацияның биігінде болған азамат. Советтік социализмде аты алты Алаш пен СССР-ге, шетелге тараған, ал капитализмде нарықтық экономиканы жақсылап сынаған, руханиятты жырлаған заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз өмірден озды. Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз саламат болсын, Абыз аға! Бүкіл халқыңыз Сізге шексіз риза, мұраңызды жалғастырып, Абай сүйреген, М.Әуезов Абайды әлемге танытқан, Сіз алға тартқан Қазақ елін биігіне шығарып, өркениетті елдер қатарына қосатын заман да алыс емес. Біз жастарға сенеміз!

Оразалы  СӘБДЕН,

академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: