Жаз шықса, Қазақстанның далалы жерлерінде қарақұрт қаптап, елді әбігерге салады. Қазақта атан түйені де алып ұратын улы қарақұртқа қатысты: «Кішкене ғана қара тас, атан түйе тарта алмас» деген сөз бар. Александр Бектің «Арпалыс» кітабында Бауыржанның әкесі Момышты қарақұрт шағып алғаны жайында баяндалған бір әңгіме бар. Момыш атамыз жанын сақтап қалу үшін өткір кездігін алып, дереу әлгі қарақұрт шаққан жерінің сом етін ойып, сылып тастаған екен. Әрине, бұл батырларға ғана тән қайсарлық екені белгілі.
Қазір Талдықорғанда және қала маңайындағы аудандарда қарақұрт қаптады. Жетісу жұрты әлеуметтік желілерде жағдайға алаңдаулы екенін жарыса жазып жатыр, өрмекшіге қатысты фотосурет-видеоматериалдар пабликтерде тарап кетті. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде қарақұрт шағудың үшінші оқиғасы тіркелген. Жақында 41 жастағы Талдықорған тұрғынын өрмекші шағып, ауруханаға түсті.
«1984 жылы туған науқас 7 маусым күні қарақұрт шағуы күдігімен Талдықорған қалалық көпбейінді ауруханасына түсті. Толық тексеруден кейін қарақұрт уына қарсы сарысу егілді. Қазір науқас жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты. Өңірдегі медициналық ұйымдар қарақұрт шағуына қарсы қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген, бұл зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қарапайым халық қарақұрттан қалай қорғану керек? Қарақұрт шақса, не істейміз? Қарақұрт қандай жәндік? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Кеңесіміз талдықорғандықтар мен еліміздің далалы аймақтарындағы тұрғындарға пайдалы болады деген үміттеміз.
Қарақұртты алғаш рет 1790 жылы энтомолог Пьетро Росси сипаттаған. Қара түсті өрмекшінің 13 қызыл дағы бар. Кейде дақтар тұтасып тұрады. Толығымен қара түсті, дағы жоқ түрі де бар (аталығы қоңыр түсті болуы мүмкін). Аналығының көлемі (7-15 мм) аталықтарынан (4-7 мм) үлкен болады. Аналықтың шаққаны аталықтарына қарағанда адамдар үшін де, жануарлар үшін де едәуір қауіпті. Дегенмен ерте әрекет жасап, дәрігердің көмегіне жүгінсеңіз, өлімге соқтыратын жағдайлар болмайды. Қарақұрт құрғақ, құмды жерлерде, малтатасты жағажайларда және шөбі жұқа жерлерде өмір сүреді. Ұлттық энциклопедия дерегінше (147-б), Қазақстанда қарақұрттар шөлді және далалы жерлерде көбейеді. Жаздың ыстық маусымы олардың көбеюіне өте қолайлы.
Қарақұт шаққанда, қандай симптомдар болуы мүмкін? Өрмекші шағып алғанда, екпе салғандай ауру сезімі болады. 1-2 минуттан кейін шаққан жер қызарып, көк-қызыл даққа айналады. Ауырсыну күшейе береді және іш пен аяқ-қол ауырады. Адам қатты терлей бастайды, жүрек айну, құсу, жоғары температура, қан қысымның көтерілуі секілді өзге де симптом қатар кездесуі мүмкін. Ауырсыну әдетте 1-2 күн жалғасады, қалған симптомдар 1-4 күнге созылады. Дәрігерлердің кеңесінше, қарақұрт шаққан жерді ауруханаға жеткенше барынша қозғалтпай, қатты ауырсынуды басу үшін дәрі ішу керек. Созылмалы ауруы бар адамды улы жәндік шақса, жағдайы нашарлап кетуі мүмкін, сондықтан тез арада дәрігерге жүгіну керек.
Астана қаласының №7 қалалық емханасының халыққа жаз мезгілінде улы жәндіктерден қалай қорғану жөнінде кеңестерін ұсынамыз.
– Табиғат аясына немесе орманға қол-аяқты толығымен жабатын ұзын жеңді жемпір, джинсы немесе шалбар кию керек. Жабық аяқкиім киіңіз.
– Жәндіктерді жуытпас үшін от жағуға болады. Олар түтін мен жоғары температурадан қорқады.
– Судың ыдыстарын жауып жүріңіз. Тәтті сусындарды ашық қалдырмаңыз. Киімге тәтті сусын төгіліп қалса, бірден таза суға шайып алыңыз.
– Тәтті иісі бар қол кремдерін немесе денеге арналған лосьондарды пайдаланбаңыз.
– Улы жәндіктерден қорғану үшін арнайы лосьондар, аэрозольдар, кремдер қолдануыңызға болады.
Далада жалаң аяқ жүрмеңіз, киім ауыстырған кезде мұқият қараңыз. Табиғат аясына шатырмен (палатка) шықсаңыз, есігін толық жабуды ұмытпаңыз. Сарапшылар жәндіктердің мазасын алмаса, оның адам мен жануарларға шаппайтынын айтады. Улы жәндіктерді көзіңіз шалып қалса, сабыр сақтап, оны баспай, қандай да бір затпен итеріп-түсіріп жіберіңіз. Ең бастысы, кез келген жағдайда мұқият болыңыз дейміз.
Анель Мұхтарқызы
А. Селезнев атындағы Алматы
хореографиялық училищесінің
3-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!