Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар неге тұрақты жұмыс істегісі келмейді?

01.06.2026, 18:05 48

Фото: ЖИ

Қазіргі уақытта жастардың жұмысқа деген көзқарасы қоғамда жиі талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Қоғам жастардың тұрақты жұмыс істегісі келмейтінін жалқаулықпен байланыстырса, енді бірі мұны заманның өзгеруімен түсіндіреді. Шынында да, жастар неге бір жұмыста тұрақты жұмыс істегісі келмейді? Бұл мәселенің бірнеше себебі бар.

Ең алдымен, қазіргі жастар еркіндікті жоғары бағалайды. Олар өз уақытын өздері басқарғысы келеді, ешкімге бағынбайды. Сондықтан жастар онлайн жұмыс істеуді, жеке кәсіппен айналысуды дұрыс деп санайды. Олар үшін тек тұрақты жалақы емес, өз таңдауы мен жеке еркіндігі маңызды.

Тағы бір маңызды себеп – кейбір жұмыс орындарындағы жағдайдың талапқа сай болмауы. Кейбір мекемелерде жұмыскерлерге қажетті құрал-жабдықтар толық берілмейді. Соның салдарынан қызметкерлер жұмысқа қажет заттарды өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болады. Мұндай жағдай жастардың жұмысқа деген ынтасын төмендетеді.

Кей жағдайда басшылық тарапынан қойылатын талаптар да шамадан тыс болады. Кейбір қызметкер негізгі жұмыс уақытынан бөлек қосымша сағаттар жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда олардың еңбегі әрдайым әділ бағалана бермейді. Бұл жастардың тұрақты жұмысқа деген сенімін азайтады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда бір қызметкерге бірнеше адамның міндетін жүктеу жиі кездеседі. Мысалы, жұмысқа мобилограф ретінде қабылданған адамнан контент-мейкер,фотограф, SMM маманы, жарнама жасау сияқты бірнеше қызметті қатар атқару талап етіледі. Бір адамның мойнына екі-үш маманның жұмысы жүктелген кезде, қызметкер тез шаршайды және ұзақ уақыт сол жұмыста қалуға қызығушылық танытпайды.

Алайда тұрақты жұмыстың да артықшылықтары аз емес. Бір жұмыста ұзақ уақыт еңбек ету, адамның жауапкершілігін арттырады, тәртіпке үйретеді және шыдамдылық қасиетін қалыптастырады. Сонымен қатар, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауы, ұжымда жұмыс істей білу қабілеті, еңбек мәдениеті артады. Тұрақты жұмыс адамның кәсіби тәжірибесін көбейтіп, өз саласының маманы болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ сенімділік, уақытты дұрыс жоспарлау, табандылық және мақсатқа жету қабілеті де дамиды.

Қорытындылай келе, жастардың тұрақты жұмыс істегісі келмеуін тек жалқаулықпен түсіндіру дұрыс емес. Бұған еркіндікке ұмтылу, әлеуметтік желілердің дамуы, жастардың жүрек қалауы. Алайда тұрақты жұмыс адамның тұлғалық және кәсіби дамуына үлкен үлес қосады. Сондықтан жұмыс берушілер қызметкерлерге қолайлы жағдай жасап, олардың еңбегін әділ бағалай білсе, жастардың тұрақты жұмысқа деген қызығушылығы да арта түсер еді.

Жұлдыз СӘДУАҚАС,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: