Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дертке дауа, жанға қуаныш сыйлаған бөлімше

11.06.2020, 10:20 770

Бір ғасырға жуық тарихы бар диспансердің тері-венерологиялық бөлімшесі күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Алғашында 100 төсек-орындық бөлімше кейіннен оңтайландыру аясында 60 төсек-орынға ықшамдалды. Өзіндік бай тарихы бар бөлімшеден дертіне дауа іздеген талай жан құлантаза жазылып шықты.

Жалпы, тері – адам организмінің айнасы. Егер адам денсаулығында кінәрат болса, ең әуелі денеде бөртпелер мен дақтар пайда болуы мүмкін. Мәселен, ағзада улану процесі болса, бірден теріден көрінеді. Ал терісі асқынғанда адам психологиялық тұрғыдан соққы алып, қоғамнан алшақтай бастайды. Көпшілік орындарға барудан қашқақтап, моральдық соққы алуы ықтимал. Іштей өзін-өзі тежеп тастайтыны түсінікті. Мұндай науқастармен бөлімше мамандары күнделікті кездеседі. Тері ауруларына тап болған азаматтарға ем-дом шараларын жүргізіп, олардың қоғамдық ортаға қайта бейімделуі үшін дерматовенеролог мамандар аянбай еңбек етуде. Бүгінде бөлімше мамандары жедел және созылмалы тері кеселдері, ауыр жүйелі дерматоздар, жұқпалы тері аурулары, венерологиялық дертке шалдыққан ересектер мен балаларға сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсетіп келеді.

Бүгінгі таңда облыстық тері-венерологиялық бөлімшесін білікті маман, дерматовенеролог Гүлшат Дәужігітова меңгереді. Еңбек өтілі – 26 жыл. І санатты дәрігер, талай жанның дертіне араша тұрды. Олардың осы қоғамға қайта бейімделіп кетуіне медициналық көмектен бөлек, рухани және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетті. Сондай-ақ, жоғары санатты аға мейірбике Сәуле Тажмағанбетова да – тәжірибелі маманның бірі де бірегейі. Қазіргі күні мұнда 26 қызметкер жұмыс атқарады. Мейірбикелердің 77 пайызға жуығы жоғары және бірінші санатты. 

Өздеріңізге  белгілі, соңғы жылдары  медицина  саласының мамандарына жөнді көңіл бөліне бастады. Күні кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында  дәрігерлердің еңбегін  айта келе:

– Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет,- деп атап өтті.

Бұл ұлт саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген медицина мамандарының еңбегі бағаланғаны деп білеміз.

Жалпыға мәлім, 21 маусым – «Медицина қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі. мереке қарсаңында өмірлеріңізге тек жақсылық, шуақты күндер мен қуанышты сәттер тілейміз. Сіздердің жақсылыққа деген сенімдеріңіз артып, кәсіби парыз бен өз мамандықтарыңыз үшін мақтаныш сезімі әрдайым алға жетелесін. Сыр бойы халқына еңбектеріңізді аямай тер төгіп, сала абыройын асқақтата көтеріп жүргендеріңіз үшін бөлімше қызметкерлеріне алғыс білдіреміз. Ақ халатты кіршіксіз таза ұстап, жаралы жандардың жанынан табылып, үлкен белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспіз!

Облыстық тері-венерология диспансері ұжымы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: