Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы бақыты – ұлт бақыты

18.11.2022, 18:05 547

Өткен жылы елімізде 48 239 отбасының ажырасуы тіркелді. Оның 5,5 проценті отау құрғандарына 1 жылға жетпей ажырасып кеткендер екен. Өңірлер бойынша ажырасу коэффициентінде Қызылорда облысы көш басында тұрмаса да, 2,08 коэффициенті көрсетіп, Шымкент қаласы мен Маңғыстау, Түркістан сынды облыстардан жоғары көрсеткішті көрсетуде. Сол себепті, әсіресе, жас отбасылардың шаңырағы ортасына түспес үшін аға буын өкілдері ақыл-кеңес айтып тұрғаны жөн. Бірақ қазіргі таңда 10 жылдан көп отау құрса да, ажырасатындар жетіп артылады. Бүгінде статистика бойынша олардың үлесі – 34,1%. Әңгіменің әлқиссасын ажырасудан бастауымыздың себебі жас отбасылардың арасында болмашы түсініспеушіліктің кесірінен ботадай боздап бала тірі жетімнің күйін кешеді. Сондықтан өткір мәселенің шешімін қоғам болып шешу керек. Мәселен, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Жас отау» конкурсы өтті.
Отбасы институтын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, жас отбасылардың қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға барлық аудандардан және Қызылорда қаласынан іріктелген үздік отбасылар қатысып, өзара бақ сынасты. Конкурсқа Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Раушанбекұлы қатысып, жастар ұйымдары мен жас отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған шараларға тоқталып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

– «Отанды сүю – отбасынан басталады» дейді Бауыржан Момышұлы. Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың, ізеттілік пен инабаттылықтың бастау бұлағы да – отбасы. Сондықтан, өз ұрпағын ерте бастан отбасы құндылығына баулыған қазақ үшін шаңырақ – ең киелі, ең қасиетті ұғым. Тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі өркендеп, іргесінің нығайып, шаңырағының биік болуы жолында әрбір қазақстандық отбасына жүктелер міндет те  аз емес. Бүгінгі сайыстың өтуіне атсалысқан баршаларыңызға алғысымды білдіре отырып, байқаудың шешуші кезеңіне қатысушылар мен әділ қазылар алқасына сәттілік тілеймін, – деді ол.

Жаһандық сын-тегеуріндер уақытында отбасы институтын дамыту мен нығайту ел дамуының негізгі тұтқасы болмақ. Жаңа ғасыр дамуында мемлекеттік бағдарламаларға негізделген қастерлі құндылықтарды дәріптеу мемлекеттің тікелей мүддесінде. Осы ретте, жас отбасыларды жан-жақты шығармашылық қолдау мақсатында отбасылық конкурс  облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп жүргенін айтқан жөн.

Облыстық «Жас отау» конкурсы 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – таныстыру. Мұнда әр отбасы бейнетаныстырылым арқылы бақ сынады. Екінші кезең – қазақы салт-дәстүрді дәріптейтін көрініс қою. Бұл кезеңде бірі киіз үйді, домбыраның шығу тарихын көрсетсе, енді бірі көбі біле бермейтін жілік тарту жайында айтты. Әке мен ананың отбасындағы рөлі жайында да көріністер болды. Қазалы ауданынан келген жас отбасының көрінісі шынайы шықты. Өйткені баланың көңіл-қошы болмай, сахнада жылап, сценарий жайында қалып, өмірдегі нағыз оқиғаның көрінісін көрсетті. Аралдық жас ана қолдың өнері – адам жанының айнасы, көнеден қалған көз екенін өлең шумақтарымен жеткізді. Ал, соңғы кезеңде әкелері бата беріп, балалары жеті атасын айтты.

Конкурс қорытындысымен, жүлделі III орынмен Қазалы ауданынан келген Қалиевтер отбасы мен сырдариялық Тілеубергеновтер марапатталды. Байқаудың II орыны Шиелі ауданының намысын қорғаған Нышанбековтерге, жалағаштық Ахметовтер мен аралдық Жақсылықовтар отбасына бұйырды. Ал үздік үштіктің көшін бастап, жүлделі I орынмен Жаңақорған ауданынан арнайы келген Жанболатовтар отбасы, қармақшылық Әмзеевтер мен Қызылорда қаласының қатысушылары Қуанышов отбасы марапатталды.

Іс-шара соңында барлық қатысушылар арнайы диплом мен бағалы сыйлықтармен (I орын – тігін машинасы, II орын – балалар арбасы, III орын – қысқа толқынды пеш) марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: