Отбасының берекелі болуы үйіндегі отағасының емес, әйелдің қас-қабағына байланысты болған заман келді. Иә, отбасының тірегі, үйінің ұйытқысы деген статус бұрын әкелерге жүктелсе, ал қазір ол – әйелдердің мойынында. Неге десеңіз? Мұның да айтылар себебі бар. Әрине, әкелер өзінің жауаптылығынан бас тартпаса, қашанда асқар тау болатыны белгілі. Десек те, қоғам алдында жауыз әкелер қатары көбейіп кеткен. Бәріне бірдей топырақ шашқанымыз емес, дегенмен қатыгез әкелерге бекітілген заң жазасы да қатаңдады. Содан болар, қоғамда әкелердің орнына аналар дәрежесі биіктеді. Ал осы әйел қауымы қаншалықты уақытқа дейін отбасының түтінін түтететіні қызық? Себебі қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген керемет теңеу бар. Иә, бүгінгі қаузайтын тақырыбымыз ене мен келіннің отбасындағы деңгейі болмақ. Заман ағымына, уақыт талабына қарай түрлі жайт болып келеді. Сол сияқты, ене мен келіннің қарым-қатынасына байланысты түрлі оқиғаға тап болып жүрміз. Бірі үлгілі отбасын көрсеткісі келсе, екіншісі жаға ұстатарлық жаңалықтарымен бөлісіп жатады. Бұның кесірі отбасының тізгіні әйел адамында болғанынан шығар, бәлкім.
Айналамыздан күнде естіп, көріп жүрген, екінің бірінің басынан өтетін «азулы ене» мен «қызба келін» тақырыбы бүгінгі күнде де күрмеуі шешілмей келеді. Жас отбасылардың екі жаққа кетуі де осы ене мен келін тақырыбынан әрі аспайды. Себебі, ене менің дегенім болады дегенге салса, келін мен құл емеспін, менің де өз ойым бар деп тартысып қалып, арты отбасының бұзылуына әкеліп жатқан жайттар жетерлік. Көпшілігінің айтатыны да сол енеммен сыйыспадым немесе келін жөнді болмады деп өз бастарынан қате іздегісі келмей, шаң жуытпайды да. Негізінде, ене мен келін қарым-қатынасы дұрыс болса, отбасының татулығы орнап ғана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де ұласатынын білуіміз керек. Көшіміздің түзеліп, ұлт болып ұйысуымыз осы аналар ізімен маңызды. Сондықтан, қай кезде де ене мен келіннің араздығын қаузап, олардың тату-тәтті болуы туралы айтудан жалықпаймыз.
Иә, отбасы құндылығы ене мен келіннің тәрбиесінен бастау алады. Себебі, бір-бірін толықтай түсінетін осы екі адамның тағдырлас екенін білеміз. Бірінің аттаған табалдырығын дәл солай ол да аттайды, сол сәттен ене келініне жаңа шаңырақтың кішігірім өзіндік ұстанатын жөн-жосығымен таныстырып, ережелерін ескертеді. Аса бір қатты қиындығы жоқ келіндік өмірге сіңісуге ененің атқарар міндеті, қолдауы өте маңызды. Өйткені, «келін – ененің топырағынан» деген қазақта жақсы сөз бар. Келін енесін сүйікті жарын өмірге әкеліп, үлкен азамат болып қалыптасуына зор ықпалын тигізген жан ретінде қарап, сыйластығын көрсетіп, мейірім төксе, ененің келінге деген жылулығы оянып, жас кезіндегі өзін көріп, оған ыстық ықыласымен, аналық мейірімімен қамқорлық жасап, білмегенін білгізіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға қарай жетелеп отырады. Бірін-бірі ұғысып, түсінісіп, ақылдасып шешім шығарған ене мен келін отбасы қамалын берік ұстап қалады. Отбасы құндылығы қашанда ене мен келін қолында деуіміз – осы. Осы тұста, келіндік міндеттен өтіп, өз келіндеріне мақтан тұтарлықтай ана атанып отырған 8 баланың аяулысы, барлық бала-шағасын үйлі-жайлы еткен қарт әжеміз өзінен келіндерін жоғары қоятынын жеткізді.
– Қай келінім болса да, қыздарыммен бірдей көремін. Себебі, істегенің алдыңа келеді деген мағынасы терең сөзіміз бар. Сондықтан, қыздарымды келіндерімнен артық көріп не кем қылған емеспін. Ене мен келін тақырыбы қашанда өзекті. Ешқашан таусылмайды, я оған берілетін заң да жоқ. Келінін келсап қылып жүрген енелерді көргенмін. Ондай енелерге айтарым да көп. Ең бірінші келіннің жақсы болып келуі тікелей енесіне байланысты. Неге десеңіз? Келінді құтты орнына қондыратын, шаңыраққа сіңіретін, отбасы тәртіп-тәрбиесін түсіндіретін, білмегенін үйрететін, білгеніне мақтау айтатын – тек ене. Қайын ата, қайын сіңлі, қайын іні емес, тек ғана ене болмақ. Одан кейін барып күйеуінің қолдауымен келін сол шаңыраққа сіңеді. Міне, ененің отбасындағы рөлі осыда. Яғни, келінін өзіне жау ететін де, келімді ететін де – сол үйдің әйелі, – деді 75 жастағы Маржанкүл Бисембаева.
Сондай-ақ, ененің келінге бірден ана болып кетуі де ғажап нәрсе, ал бірден енені ана деп атау қиынға соға ма? Осы турасында жас келінге төтесінен сауал қойған болатынбыз.
– «Жақсы ене анаңдай, жақсы келін қызыңдай» деген қазақта келісті сөз бар емес пе? Менің де енем жақсы болғандықтан ана деп кетуім тез болды. Тіпті, ертесі-ақ ата-ана деп сәлемімді салып, өз шаңырағыма сіңісе бастадым. Дегенмен, қолымнан бәрі келіп, барлық тірлікті мінсіз істей алған жоқпын. Ақсаусақ болдым десем де болады. Себебі, қыз күнінде бәрі еркелеп өседі емес пе? Тұрмыс құрған соң енемнің жөн сілтеуімен бәрін үйреніп кеттім. Қазір қолымнан келгенше дәмді асымды дайындап, көрпе тігіп, кейде ер-азаматтың жұмысы демей үйді жөндеуге де тырысып жатам. Тіпті, балаларыма енем қарасып, мен өз кәсібімді жүргізудемін. Осының бәрі енемнің қолдауы жақсы болғаннан, – дейді енесінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отырған Эльнура Нұрланова.
Иә, мың мадақ пен мақтау да осындай ене мен келіндерге айтылса, артықтық етпейді, сірә. Дегенмен, бәрі сырттан келген адамға өз отбасын жамандамайды демеңіз. Бір үйдің болашағын алақанында аялап отырған Маржанкүл мен Эльнурадай әйелдеріміз бар, сондай-ақ бір әулеттің келешегін ойран етіп, бір шаңырақ астында тұрғысы келмейтін ене-келіндер де жетерлік. Ал енемен бірге тұру қиын ба? Олар бірін-бірі қалай жақсы көріп кете алады? Бұл сауалдарға психоаналитик мамандарымыз не дейді екен?
– Ене мен келіннің бірін-бірі жақсы көруі – сана биігінде ғана болатын нәрсе. Саналы ене «мен енемнің көрсеткенін келініме көрсетемін, оған да соны жасаймын» деп ойламайды. «Мен ұлымды жақсы көрем, сондықтан жаман да болса, келінді сыйласам, отбасымызды сақтасам» деп ойланады. Ал келіннің сана биігі сүйген жарының анасын сыйлауында. Осылайша ғана ене мен келін бір шаңырақ астында өмір сүре алады. Негізінде, ене мен келіннің тату-тәтті бір шаңырақ астында тұруы ер-азаматтың психологиялық тұрғыда түсінігінің мол болуында. Иә, ержігіт психологиялық сауатты болса, яғни анасы мен әйелінің ұрсысуына мүлде жол бермейді. Көп отбасында ер-азаматтың арқасында шаңырағын сақтап қалып, ерінің айтқанына көніп жатады. Ал мылжың, ынжық, отбасы болудан хабары жоқ, тек анасының айтқанымен жүретін жігіттердің шаңырағы әп-сәтте-ақ шайқалып кетіні анық. Сондықтан, азаматтардың психологиялық сауаттылықтарын арттырғаны жөн, – деді психоаналитик Анна Құдиярова әлеуметтік желіде жариялаған пікірінде.
Келін ата-енесімен бірге тұрмаса, жолдасымен бөлек шықса, ақ-қарасын білмей жатып, «енесімен бастары піспеген», не «ұрсысып қалған» деп сөз қылып жатамыз. Алайда, ұлы мен келініне «жұмыс істеңдер, дамыңдар, өмірдің қиындығын, қызығын бірге көріп үлкен шаңырақ болыңдар» деп рұқсатын беріп, бөлек жіберетін ата-енелер де бар. Сонымен қатар, үй-жайын дайындап, сыбағасын беріп, бөлек шығаратындар да бар. Бірақ, ащы болса да, бір отауға сыйыспай бөлек отау тіккендер де бар. Дегенмен, бала мен келіннің бөлек шығуы олардың болашағына, балаларының келешекте қалыптасып, дамуына өте жақсы әсер беруі мүмкін. Неге? Себебі, бөлек тұру сені көп нәрсеге үйретеді. Мәселен, ата-енең алатын азық-түлік пен коммуналдық төлемдерден бастап, үйге керек-жарақтар, балалардың күнделікті алатын заттары бар. Кезінде бұлардың бәрін алуға ата-енең көмектескең болса, онда бөлек шыққанда майда-шүйдеден бастап барлығының шығынын өзін жабуға үйренесің. Бұл дегеніміз ең әуелі қаржылық сауаттылыққа, тәртіпке, ережелерге үйретеді. Осылайша, ата-енеден бөлек шықсаң, отбасыда өзіндік ережелерің, тәртіптерің қалыптасады. Бұл әрі қарай балаларыңның бойынан табылып, мығымы берік отбасыға айналасың. Әрине, тек ата-ененің разылығымен бөлек шыққан жөн.
ТҮЙІН. Ене дана болса, келін адал болады. Даналықтың белгісі – келіннің қателігін кешіріп, оған жол көрсету, өмірлік тәжірибесімен бөлісу. Ал адал келін – үйдің ұйытқысы, отбасының жылуын сақтаушы. Осылайша, ене мен келінің татулығы ел үшін қашанда мақтаулы болмақ. Олардың бірге болуы – бір әулеттің іргесінің құламауы.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!