Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

10 баладан 39 немере, 43 шөбере сүйіп отыр

30.11.2023, 9:20 113

93 жастағы қызылордалық Тұрсынкүл Асанова 10 баладан 39 немере, 43 шөбере сүйіп отыр. Ауылдастары ол кісіні Бибіпатыма  атап  кеткен.

«Өмірлік қосағым, марқұм Арғынбай Асановпен бірге 60 жылдан астам уақыт отасып, ұл-қызымызды құтты орнына қондырдық», – деді ол.

Ақ күріштің атасы, екі дүркін Социалистік Еңбек ері Ы.Жақаевтың қарамағында екеуі бірге сушы, күрішші болды. Тынымсыз еңбек­тің арқасы шығар, Тұрсынкүл әже әлі күнге тың. Арғынбай ақсақал 7 жыл бұрын 90 жасында дүниеден озды.

Шиелі ауданының Ы.Жақаев ауылындағы қарашаңырақта қазір кенже ұл Бақытжан Асан мен келіні Жұлдызай Мінуарова түтін түте­тіп  отыр. Осы әулеттен өрбіген ұрпақ үлкен үйге жиналған кезде бір қауым елге айналады. Батагөй Тұрсынкүл ана мұндайда әрдайым  тәубесін  айтып отырады.

«Өзім Жаңақорғаннанмын. 23 жыл бұрын ақ босағаны аттадым. Ата-енем, жолдасым, екі қайнағам, екі абысыным 4 баласымен бірге тұрдық. Келін боп түскен алғашқы жылдары сиыр саууды да, күбі пісіп, құрт жаюды да білмейтінмін. Екі абысыным соның бәрін үйретіп, кейін бөлек шықты. Оларға қатты бауыр басқаным сонша, кеткенде қатты жылағанмын. Үйдің тірлігіне енді қалай үлгеремін деп уайымдадым. Өйткені бәрін үшеуміз бірге бітіретінбіз. Оған да біртіндеп үйреністім. Қазір қарашаңырақта сол үрдісті жалғастырып келемін», – деді Жұлдызай Мінуарова.

Кейіпкеріміздің жолдасы Бақытжан Асан – 10 баланың жетіншісі, ұлдың кенжесі. Ширек ғасырдан бері аудандағы «Қазатомпром» компаниясында қызмет атқарып жүр. Одан бөлек, ерлі-зайыптылар бір-біріне сүйеу боп «Таңат» шаруа қожалығының жұмысын шыр айналдырып отыр. Жоңышқа, күріш егіп, содан ауылдағы 10 отбасыға үлес береді. Көктемде жерді жыртып, тыңайтып, күзде тұрғындардың картоп-­сәбіз егіп, жинап алуына жағдай жасайды.

Асановтар әулеті биыл республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде 3-орын иеленді. Бұл – бүкіл ауылдың жетістігі.

Берекелі әулеттің үлкені Тұрсынкүл әже 20 жылдан астам уақыт ауылдық «Асыл әжелер» ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Оның ізін кіші келіні жалғап жүр. Ол – 3 жылдан бері ансамбль мүше­сі.

Назерке  САНИЯЗОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: