Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ватсап өсекшілері, «группаға» бірігіңдер!

20.06.2025, 18:30 67

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі сатира

(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)

Ұран керек. Мемлекетімізге, елімізге, бәрімізге. Ұран деген ұнтақ емс, жантақ емес, ұран дегеніміз – адамдарды рухтандыратын, алға жетелейтін, желкелейтін лейкомотив. Баяғыда, кеңес өкіметі кезінде: «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!», «бірінші май жасасын!», «КПСС жасасын!» деген ұрандар болатын. «Екінші май жасасын, үшінші май жасасын!» деп ұрандатпайды, тек: «бірінші май жасасын! Ура, ура!» дегенде делебеміз қозып, уралайтынбыз. Бүгінде жөні түзу ұран жоқ, кейбір шенеуніктердің үйінде кәдімгі құран жоқ. Сондықтан, заманауи ұрандардың біразын айтайын, сіздер уралап отырың¬һыздар, қатесі болса, туралап отырыңыздар!

– Барлық елдердің есалаңдары, бірігіңдер! Уралайсыз ба? Неге үндемей қалдыңыздар? Есалаң бастықтар, есалаң заңдар, есалаң полицейлер, есалаң соттар бар ғой арамызда? Немесе: «барлық елдердің күлегештері, бірігіңдер!» Қандай тамаша, ә? Күлкі құдіретті күш десек, күлегештер де бірігуі керек. Сонда, беттері бетондалып қалғандардың езулері жібитін шығар? Келесі ұрандар:

– Жасасын, жайынауыз, жалмауыз жемқорлар күні!

– Жасасын, айыппұлдар елі!

– Жасасын, қазақтың қаракөз жалаңаштары!

– Бәріміз біріміз үшін, біріміз тек өзі үшін!

– Ит итті жұмсасын, ит құйрығын жұмсасын, ура! Мұндай ұран жоқ енді, мақал-мәтел болуы мүмкін. Тағы қандай бар еді?

– Ыңқ, ыңқ жасасын!

– Ол немене? Сондай да ұран болушы ма еді?

– Енді ыңқ-ыңқ еткізетін кейбір жолдарымызды айтамын да…

– Аа, мен басқаша ойлап қалдым ғой…

– Басқаша ойлар жасасын!

– Мағынасы жоқ тойлар жасасын!

– Кетік тісті кемпірлер жасасын, әдемі жемпірлер жасасын!

– Мұндай ұран болмайды.

– Шетел асқан, тұра қашқан қыздар жасасын!

– Бөлке нанды бөліп жейік, жүзге, руға бөлінбейік!

– Пейілдеріміз ақ болсын, шалбарымыз шақ болсын!

– Энергия, ток болсын, дұшпанымыз шок болсын!

– Ватсап өсекшілері, «группаға» бірігіңдер!

– Фейсбукта ұрыспайық, инстаграмда жұлыспайық!

Міне, достарым, осындай қызық-қызық ұран болсын, бүгіннен бастап, әрбір үйде құран болсын!

Мұхтар  ШЕРІМ.

Шымкент  қаласы

Фото: advokat-v-ispanii.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: