Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұры кім?

14.12.2023, 14:55 313

HALYQLINE.KZ

Криминалдық  сатира

– Полиция, біздің үйге ұры түсті. Сейфті ақшасымен қоса үптеп кетті, – деп, басекеңнің әйелі телефонмен бажылдады.

Ұры ұсталды. Сейфтен миллондаған доллар мен бриллианттар тәркіленді. Мемлекеттік қызметкердің үйінде мұндай байлық қайдан жүр?…

Мұны естіген күйеуі әйеліне бас салды:

– Жындысың ба? Полицияға неге арыз бердің? Енді олар үйге келеді, – деп қорықты.

Ауладағы алабай ырылдады. Есіктің қоңырауы шырылдады. Жәбірленушілер үркіп ыңылдады.

– Кешіріңіздер, осы үйге ұры түсті ме?

– Жоқ, – деді үйдің иесі.

– Бүгін әйеліңіз арыз берді. Біз ұрыны ұстадық. Дегенмен, осыншама қаржы мен алтын бұйымдардың табылуы сезік тудырып тұр, – деді полиция капитаны.

– Ойбай, қайным, айып етпеңіз, мен қателесіп кетіппін. Үйден ештеңе ұрланбады. Арызымды осы бойы қайтып аламын, – деп, басекеңнің әйелі жылмаңдады. Күйеуі  түк болмағандай қылмаңдады.

Ұры да аң-таң, заң қызметкерлері де аң-таң.

Полиция:

– Азамат, сіз боссыз. Ешқандай қылмыстың ізі жоқ. Кешірім өтінеміз.

Ұры:

– Мына сейф ше? Мен ұрладым. Мойындаймын.

– Сейфте шаруаңыз болмасын. Тайып тұрыңыз, – деп ақырды.

Сонда ұры кім?…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: