Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет алдайды!

18.11.2022, 9:50 305

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Құрметті халайық! Елде жоқ, республикалық футбол чемпионатынан тікелей репортаж жүргіземін! «Халық» командасы мен «Үкімет» командасы Астанадағы стадионда керемет кездесу өткізгелі жатыр!

Әне, «Аманат» партиясының төрағасы, төреші тымырайып тұрған болатын, ышқынып ысқырып қалып еді, футболшылар допқа таласа кетті. «Таласқанға тас та жоқ!» – деген «Үкімет» командасының бас шабуылшысы допты қуалай жөнеліп, қарсыластың қақпасына қақырата доп соққан еді, баласын емізіп отырған көпбалалы ана етегімен қағып алып, допты әуелете бір тепті. Доппен бірге төплиі де әуелей ұшып, сонадай жерге дік етті. Оны «Үкімет» шабуылшысы тебе жөнелген, төреші оған жасыл карточка көрсете жаздады. Әне, әне, «Халық» командасының бас шабуылшысы допты олай қуалап, былай қуалап, қарсыластың қақпасына қақырата доп соқты. Премьер-министр президентпен телефон арқылы сөйлесіп, қақпадағы креслода отырған, гооол! Есеп 1 де 0! Бұған қатты ашуланған «Үкіметтің» шабуылшылары жылап жібере жаздады. Бір ерекшелік сол, олар футболкамен емес, сықиып қара костюм-шалбар киіп келген болатын. Мойындарында галстук, аяқтарында ең қымбат қара туфли! Жағымпаздар қақпашы премьер-министрдің туфлиін қайта-қайта сүртіп қояды. Түкіріктеп.

Бір кезде, «Үкімет» шабуылшысының бірі шіреніп доп қуалап, кекірейген шала қазақ министрге пас берді. Ол әлдекімге орысша сөйлеп тұрған, доп басына тиіп, жалп етті. Ооо, «Халық» командасының ең сорлы, ең кедей шабуылшысы допты қағып алып, әуелете тепті. Оны вице-министр қолымен қағып алып еді, төреші кешіре салды. «Жай, доптың желі шығып кеткен жоқ па? Соны тексеріп жатқаным ғой!» – деп қояды ұялмай. Бір кезде, «Үкімет» шабуылшысы допты қуалай жөнелді. «Халық» қорғаушылары алдынан шыққан: «Бәріңнің несиелеріңді кешіреміз!» – деп алдай салып еді, аңқиысып тұрғанда, араларынан зу етіп өтіп, қақпаға жақындады. Қақпашы батыр ана сағыз шайнап тұрған. «Балаларға жәрдемақыны көбейтеміз!» – деп алдап, ол ойланып тұрғанда, гоооол! Есеп 1 де 1!  «Халық» қайта шабуылдады. Қақпаға жақындап, гол соға бергенде: «Сайлауда сол кісіге дауыс беріңдер! Қымбатшылық болмайды, баға көтергендер сорлайды, обшым, оңбайды!» – деп айқайлаған жартылай қорғаушы допты алдап алып, әуелете тепті. Доп стадионнан шығып, сол жағалауға ұшып кетті. Басқа допқа үкімет қаржы бөлмегендіктен, ойын тең аяқталды. Келесі кездесуде халық сенбейді, сол кезде толық жеңеді, өтірік айтсам, өліп кетейін!

Мұхтар  ШЕРІМ

Көрнекі карикатура

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: