Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тентектің тілі кімді тентіретті?

01.04.2023, 12:00 232

HALYQLINE.KZ

(әзіл  әңгіме)

– Әй,кемпір, жұрттың немерелері былдырлап бірдеңе айтып жүр. Біздің тентекте əлі тіл жоқ. Жасы болса үшке толды. Тұқымда мұндай жоқ еді.

– Шал-ау, ертең нағашылары келеді. Сол кезде қара қойды сойып, өңешпен жиенін қылғындыртып ырым жасатайық. Сайрап кетеді.

Бүгін демалыс. Айтқандай келін жағынан қонақтар келді. Құда мен құдағи бар. Баланың нағашы ағасы жаңа сойылған қойдың өңешін жиенінің мойнына орады. Оқыс əрекеттен сақау бала шошынып сөйлеп кетті.

– Шшсс, – деп тістенді.

– Ойбай, мынау боқтағысы келіп тұр, – деді нағашы атасы.

– Шшш, шал, – деп қойып қалды сәби.

– Əй, мына бала не дейді? «Шал» деп кімге айтып тұр? «Ата» деп айт, – деді нағашы әжесі ашуланып.

– Шал, кет!

– Масқара, бізге кет деп жатыр ма? Қайда кетеміз?

Нағашылары жақтырмай қалды. Бұл сөзді естіп баланың əкесі жетіп келді. Ол əкімшілікте жасайды.

– Əликонға тіл шықты ма?

Баласы:

– Жемқорлар, парақорлар…

Жүгірмектің мына айтқандары əкесіне ауыр тиді. Астыңғы ерні жыбырлады. Сәбидің тілі тоқтар емес.

– Жемеңдер!

– Көтек, нені жемеңдер? – дейді. Ағайын аң-таң.

– Ооотанымды, – деді балақай шүлдірлеп. Ойпырмай, қазақтың ырымы керім ғой. Байланып тұрған баланың тілі қапелімде шешіліп кетті.

– Ссс, сайлау…

– Ойбай, сайлау, – деп жатыр.

– Ұұұрылар, ұрладыңдар…

– Кім ұры? – деп әжесі шошып кетті.

Ас бөлмеде еттің нанын илеп отырған баланың шешесі «сайлау» деген сөзді естіп құлағы елең етті. Ол облыстық мәслихаттың депутаты болатын. Қолы дірілдеп, оқтауы жерге түсіп кетті. Бұл үйде мұндай сөз тіркестері айтылмауы тиіс. Тыйым салынған.

– Бəрекелді, немеремізге тіл шықты. Тілашар тойын жасаймыз, – деп атасы мен әжесі қуанып жатыр.

– Қарақшылар…

– Мына жиен не дейді? Жетер…

Нағашы жұрты ашуланып қалды. Жиенінің шүлдірлеген сөздерін тікелей өздеріне қабылдады. Өйткені, құда мен құдағи да әкімшілікте қызмет жасап, зейнеткерлікке шықкан жандар еді.

– Бұлай болғанда Әликонның сөйлемегені жақсы еді, – деді депутат шешесі ашуланып.

– Шырағым, келінжан, олай айтпа, «Бала тілі – бал» деген ғой. Сақау болып жүргеннен тілі шыққаны жақсы емес пе? – деп атасы немересінің маңдайынан сүйіп алды.

Әликонның былдырынан әке-шешесінен маза кетті. «Шындық жоқ, сайлау әділ өтпеді» дей ме, әйтеуір тіліне тыным жоқ.

Қазір үш жасар сәбидің сөзінен балабақшадағы тәрбиешілер де қорқып отыр. Ал, мұны естіген мектеп мұғалімдері тіпті біртүрлі болыпты…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: