САТИРА
Театр. Көреремендер залы. Ұжымдық жиналыс өтіп жатыр.
— Көрермені жоқ театр, театр емес, — деп, ұжым директоры столды жұдырықпен тарс ұрды. Қызметкерлері селк ете қалды. Расында да көрермен залының отырғыштары құйрық иіскемегелі көп болды.
— Біз қалай болғанда да театрға көрермен тартуымыз керек, оның ішінде «зиянды қауымды», ааа кешірерсіздер, «зиялы қауымды» келтіруіміз керек, — деді директор ерні жыбырлап. Режиссер тұрып айтты:
— Ол үшін кімде-кім қойылымдарға үнемі келетін болса, оған бір келі шай, екі келі картоп, жуа үлестірейік.
Бас есепшінің аузы ашылып, көзі ұясынан шығып кетті.
— Бұл базар емес, екіншіден, қарсымын…
— Ммм, кешіріңіздер, мүмкін бір билетке бес адам кіреді десек ше? — деді, көркемдік жетекші аузын керіп есінеп. Оның ұйқысы ылғи қанбай жүреді. Барлығы жақтырмай бажырайып бетіне қарады.
— Театрға қөрермен тарту үшін спектакльдерге ең алдымен Әкім бастап келу керек, — деп қойып қалды біреу. Кімнің аузынан шыққанын ешкім аңғармай да қалды.
— Өте орынды, өте дұрыс, бірақ… Әкімді қалай келтіреміз? — деді, бір жасы келген актриса көзіне жас алып… Бұл ұсыныс барлығына ұнап қалды.
— Әкім келсе, театрға абырой ғой, — деп, бес-алты қызметкер қосылып еңіреп жылап қоя берді.
— Әкімнің төбесін көрмегелі қай заман, — деді, тағы біреулері күңкілдеп.
Енді Әкімді кабинетіне кіріп, театрға шақыратын жүректі адам табыла қоймады. Мысықтың мойнына қоңырау байлайтын тышқан таппағандай болды. Бір кезде біреу:
— Мен білемін қалай шақыру керек екенін, — деді.
Бұл қырық жылдан бері театрда қызмет етіп келе жатқан билет тексеретін Тамара апай еді.
— Иә, қалай? — деп, директор орнынан өре түрегелді.
— Ол былай, әкімшіліктің ғимаратында еден жуатын Қатира деген әйел бар.
— Еден жуатын әйелді неге маған айтып тұрсыз?
— Орталық базарда бір Рита деген цыған қатын бар, сол адамдарды дуамен қосады, дуамен айырады.
— Сіз не айтып тұрсыз, цығанның айырып, қосқаны маған не керек? Маған Әкімді театрға қалай келтіреміз, соны айт…
— Кешіріңіз, сіз менің сөзімді толық тыңдап алыңыз. Сол цыған әйел суға үшкіріп оқиды. Сол суды акиматтың Әкім жүретін жеріне шашып кетсе болды. Әкім түгілі барлық әкімшіліктің қызметкерлері театрдың тұрақты көрерменіне айналады.
— Мынауың қызық екен, ал еден жуатын әлгі Қатира апайдың не қатысы бар? — деді директор таңырқап.
— Қатира жаңағы цыған үшкірген суды әкімшіліктің айналасына шашады…
Жиналыс бір шешімге келген сияқты. «Театрға көреремен келтіру» операциясы қызу жұмысқа кірісіп кетті.
Директор елеңдеп зиялы көреремендерді күтіп жүр. Әзірге ешқандай хабар жоқ. Цыған әйел өз жұмысын аяқтапты. Еден жуатын Қатира суды бір емес бірнеше рет шашыпты. Бір күні директордың қабылдау бөлімі шыр ете қалды.
— Әлеу, бұл театр ма?
— Иә, театр.
— Бұл әкімшіліктен, сіздерде бүгін қандай қойылым болады?
— «Шолпан-Айман» деген күшті спектакль болады, — деді театр қызметкері.
— «Айман-Шолпан» болар…
— А… иә, солай шығар…
— Бүгін қойылымдарыңызға Әкім барады, директорыңызға ескертіңіз, — деді де телефон тұтқасын қоя салды.
Бұл хабарды естігенде театр директоры талып қалды. Қорыққаннан емес қуанғаннан. Есін жиып дереу ақпарат құралдарын шақыртып, бүгінгі қойылымға Әкім келетінін хабарлап жіберді. Сол-ақ екен, кассадан көгеріп өтпей жатқан билеттер зуылдай бастады. Дем арасында театрдың кассасы кезекке айналды.
— Маған 10 билет беріңіз, — деп облыстық білім басқармасынан келген маман бажырайды.
— Кезекке тұрыңдар, менің кезегім келді, 25 билет беріңіз, — деп, бір топ кәсіпкер теңгелерін шытырлатып жатыр.
Бас-аяғы 1 сағатта барлық мекеме билетті талап кетті. Билет жетпегендер бір-бірімен төбелесіп қалды. Ішкі істер басқармасы мен денсаулық басқармасының басшылары театрдың артына жекпе-жекке шықты. Қысқасы, бүгін аншлаг…
Директор мәз. Кешке бұйырса Әкімді өзі күтіп алады. Қайт-қайта сағатына қарайды. Уақыт тұрып қалған сияқты. Кабинетнде өзімен-өзі амандасып дайындалып жүр. Спектакльдің басталуына жарты сағат қалғанда сыртта қатты айғай-шудың дыбысы естілді. Терезеден басын шығарып қарап еді. Мәссаған, кассаның алдында 300-ге жуық адам билет іздеп жүр. Көбі ауданның басшылары мен нөкерлері екен. Бұл хабар оларға да жетіпті. Театр қызметкерлерінің қолдарында құшақ-құшақ гүлдер. Бір апамыз шашу шашуға дайын тұр. Зал лық толы. Сахнаға қойылым режиссері Тағзым ақсақал шықты.
— Ал құрметті көреремендер, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап әзірлеген «Айман-Шолпан» қойылымына хош келіпсіздер. Сіздерден рұқсат болса, біз бастаймыз…
— Рұқсат жоқ, — деді залдан біреу.
Жұрт елең ете қалды.
— Неге рұқсат жоқ?
— Әкім кешігіп жатыр…
Зал шулап кетті. Кейбіреулер күтеміз деді, біреулері бастаңдар деді. Енді біреулері жұмысы көп қой, халықтың қамын ойлайды десе, басқалары қайдағы қазақтың өнеріне бас имейді де, қайдағы бір қаңғып келген шетелдің опера-балеттеріне барғыш деп жатыр… Тілін тістеп үнсіз отырғандар да көп. Олар – бюджеттік мекеменің басшылары. Әкімге айтылған сөздерді жақтырмай отыр.
— Шырақтарым-ау, бастасаңдаршы, — деді бір қария.
— Жоқ, бастамайсыңдар, — деп, аппарат жетекшісі бақырып жіберді.
— Бастаңдар, бастаңдар деп, — көпшілік көрермен қояр емес.
Театр директоры мен бас есепші қорсылдап жылап тұр. Әкім келмей қалса, билеттер кассаға кейін қайтады. Жұрт келіншек күткендей Әкімді күтіп отыр. Бір сағат уақыт өтті. Хабар жоқ. Бір кезде сырттан бір жүгірмек ентіге жүгіріп келді. «Әкім келе жатыр, алақай әкім келе жатыр». Көрермендер ұшып тұрып шапалақ ұрып жатыр.
Қойылым басталып кетті. Әкімнің көзі – сахнада. Көрермендердің көзі – Әкімде. Орынбасарлары оның бетіне жалтақ-жалтақ қарап қояды. Мәдениет басқармасының бастығы Әкімді алыстан айнамен бақылап тұр. Ол күлсе күледі. Қас-қабағын аңдып отыр. Өйткені, қойылым ұнамай қалса ше?.. Барлығының жандары мұрындарының ұшына келіпті. Әйтеуір, қойылым өз дәрежесінде өтті. Көрермен қайта-қайта қол соғып жатыр. Әкім орнынан тұрып қол соқты. Мұндай қошеметті түсінде көрмеген әртістер мәз. Бірақ, қуаныш ұзаққа бармады. Әкімнің отырған орындығына біреу сағыз жапсырып кетіпті. Су жаңа шалбар бүлінді… Полиция шақырылды. Олар шайналған сағызды экспертизаға жіберді. Барлық театр қызметкерінің аузынан сілекейлері алынып, арнайы зертханаға жіберілді. Ешқандай нәтиже жоқ. Театрда сағыз шайнаған адам ақыры табылмады. Облыс әкімнің орынбасары мәдениет басшысына қатты-қатты айтып ұялтты. Мәдениет басқармасының бастығы театр басшысын аямай сөкті. Театр директоры бірінші орынбасарын ішінен тепті. Орынбасары шаруашылық бөлімі бастығының бетін тілді. Шаруашылық бөлімінің бастығы еден сыпыратын әйелді жұмыстан шығаруға ұсыныс түсірді. Міне, аяғы осылай бітті…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Мәдениет қайраткері
Фото: anekdot.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!