БҮГІНГІ САТИРА
(Жақында ағылшын тілінде жарық көретін «Табаны қыши береді» сатиралық романымнан үзінді)
Олжас оның қолынан ұстап, сүйреп келеді. Анау шалқасынан түсіп алып, асфальтқа жабысып қалған ақымақ адам сияқты жер бауырлап барады. Екі өкшесінен түтін шығып кеткенін қараңыз. Тағы біраз сүйресе, артынан өрт сөндірушілермен бірге автомобильдерді техникалық байқаудан өткізетіндердің де келетін түрі бар.
Оны трактор да, КамАЗ да сүйреп келе жатқан жоқ. Өзінің туған ағасы Олжас Сұлтанұлы сүйреп келеді. Президент әкімшілігінің маманы. Қызметінде қағаз «сүйреп» үйренгендігі болар, енді інісін сүйреп жүр. Туыстық міндет деген осы – жалақы алмасаң да, беліңді ауыртады.
– Ойбай, ағатай, қолым қайырылып, шынтағым «зейнетке шығатын» болды!
– Қисая берме! Қолың емес, мінезің қисайған!
– Аға, қайда барамыз? Сотқа ма, травматологқа ма?
– Қала әкімшілігіне!
– Онда не бар?
– Әкім бар.
– Оны білемін. Әкімшілікте әкім болмаса, онда ол шаштараз ғой. Бізге не керек?
– Қазір көресің!
– Ағатай, сүйремесеңіз де бара аламын ғой. Екі аяғым бар. Екеуі де әзірге менікі.
– Мен ағаңмын! Інісін сүйреу керек!
– Неге?
– Ағалық міндетім!
– Сонда менің інілік міндетім не болмақ?
– Аузыңды ине-жіппен тіккендей үндемеу керек!
– Ой, аға, сіз мені сүйреп келе жатырсыз ба, әлде құлдық дәуіріне экскурсияға алып барасыз ба?
– Марқұм әкеміз айтқан: «Ініңді сүйреп жүр, сен локомотив болсаң, інің вагон болсын деген.
– Сонда мен вагонмын ба?
– Жай ғана плацкардты вагонсың. Мен сені купе вагон етемін!
Олжастың самайынан тер емес, сор ағып жатқандай еді. Әйелі Ақбота орамалмен сүртіп әлек. Ол күйеуінің бетін сүртіп жүр ме, әлде еден жуып жүр ме – ажырата алмай қалды.
– Шаршадым! Бір қолынан ұста! — деді Олжас ентігіп.
– Көлікпен апарайық! — деді Ақбота.
– Жоқ! Көлікпен сүйреуге болмайды!
– Неге?
– Мен оның туған ағасымын ғой!
– Туған ағасы болсаң, туған күніне торт әпер. Неге асфальтқа сүйреп жүрсің?
– Мен сүйремегенде, кім сүйрейді?!
– Эвакуатор! — деп шарт кетті әйелі.
– Ақбота, сен менің ағалық сезімімді түсінбей келесің!
– Түсінемін. Бірақ сенің ағалық сезімің асфальтқа із қалдырып жатыр ғой. Ертең қала әкімшілігі жолды жөндеуге ақша сұраса, сметасына «бір іні, екі өкше» деп жазатын шығар?
– Қойшы енді! Інімді әкімшілікке сүйреп апаруым керек!
– Жарайды. Бірақ мына түріңмен ішке кірсең, сені ініңнің Астанадағы мықты ағасы емес, жол жөндеу бригадасының бастығы деп қабылдайтын шығар…
Мұхтар ШЕРІМ.
Фото: st2.depositphotos.com
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!