БҮГІНГІ САТИРА
(«Мисыздар» сатиралық романымнан үзінді)
Ал мына қызықты айтсам, аузыңыз алты сағат ашылып, жеті сағат жабылмай қалады ма деп қорқамын. Таңғалып деймін. Ми маркетінен ақылды саясаткердің, заңгердің миына миын ауыстырп алған Қатира Айғайбаева Құрылтайда қызық өнер көрсетті. Заңнан алиментті алып тастау жөнінде заң талқыланып жатқан еді. Өйткені алимент үшін ажырасатын әйелдер көбейіп кеткен. Бір кезде Қатира ханым депутаттық алғашқы сөзін бастады. Бастағаны құрысын, білімді саясаткердің, заңгердің миын салғаны рас, бірақ сол миы құрғырдың сақталу мерзімі өтіп кеткен сияқты.
– Депутат мырзалар! Құрметті Құрылтай спикері! Айтайын дегенім не ғой… Не айтайын деп тұр едім? Қылмыстық кодекстің 45-бабына сәйкес… Жоқ, саясат туралы. Саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деген – өтірік. Саясаттан қашып кетуге болады. Ал алимент туралы заңды мен онша түсіне алмадым. Бірақ алимент әйелдерге керек емес! Өйткені бұрын «қыздың жолы – жіңішке» дейтін едік. Қазір қыздардың жолы – автобан. Кейбір жігіттің жолы ауылдағы ешкі ғана жүретін сүрлеу болып қалды. Тіпті әлсіз еркектер көбейіп кетті. Сондықтан әйелдерге алимент емес, батырлық медалі берілуі керек! Олай болмаса, «Жесірлер» жәрдемақысын тағайындауымыз керек. Сондай заң қабылдайық. Онсыз да үкімет ақшаны тарыдай шашып жатыр ғой…
Құрылтай төрағасы қозғалақтап кетті:
– Айғайбаева, тақырыптан аумаңыз, — деді.
Қатира қызып кетіп, тоқтай қоймады:
– Қыздың жолын бұдан да бетер жуандатуымыз керек. Олар жүретін жолды кеңейтіп тастайық! Мысалы, Жапонияда қыздар ғана жүретін жол болуы мүмкін. Италияда қыздарды еркектер мойындарына мінгізіп алып жүреді. Ал Қазақстанда жігіттер қыздардың мойындарына мініп алған.
– Сіз отырыңыз, талқылау аяқталды, — деді төраға.
Қатира отыра кетіп, алдындағы парақтарды ақтара бастады. Сосын ұшып тұрып:
– Мына бір мәселе қалып кетіпті, — деді ол салмақты бола қалып, – қазақ жындыларына қамқорлық аз. Өмірлері жындыханаларда өксіп өтіп жатыр. Олар да – адам. Шымкенттегі зообақтан қашып кеткен маймыл емес. Неге жындыларды билікке тартпасқа? Облыс әкімі бір жынды болсын! Министрлікке де жындыларды тартайық! Олар арамыздағы сауатты жындылардан артық!
Дәл осы кезде бір депутат:
– Шымкенттен қашып кеткен бір маймыл Ұлыбританияның Кембридж университетінің профессоры атаныпты! — деді.
– Жоқ, студент екен! — деп түзетті екінші бір депутат.
– Шимпанзе қалай сөйлеп кеткен? Біздің министрлер қазақша сөйлей алмай, орысша сайрап жүр ғой?
– Шимпанзе – қазақ шимпанзесі! Халықаралық іздеу жариялау керек! Ол – Ми маркетін тонаған қылмыскер!
– Біздің елдің жемқорлары тойып алған соң осы шимпанзе сияқты шетелге қашуды қашан қояды?
– Шетелге қашуды заңмен бекіту керек!
– Олар қашардан бұрын тиісті мекемелерден рұқсат сұрасын, анықтамалар алсын!
– Маймылды іздеу үшін бюджеттен бір миллион доллар бөлінсін!
Төраға ашуланып кетті:
– Микрофондарды өшіріңіздер!
– Өшірдік.
– Сонда неге сөйлеп тұр?
– Өзі сөйлеп тұр.
– Онда депутаттың өзін өшіріңдер!
Бірақ әнші депутат «өшіп қалған жоқ», сөзін жалғады:
– Мен әншімін. Әншіліктен келдім Құрылтайға. Свет өшіп қалып, микрофонсыз да ән айтқанбыз.
Оны тоқтатудың амалын ойлаған төраға:
– Депутаттарға арнап, бір ән айтып жіберіңіз, — деді.
– Шын ба?
– Иә.
– Сахна жоқ қой!
– Сол жерде тұрып айта беріңіз.
– Фонограммасыз айтпаған едім.
– Сізді тыңдайық.
Әнші депутат тамағын кенеп алып, «Күміс құмған-ай» әні мәтінін өзгертіп, әуенсіз шырқай жөнелді.
Айналайын Құрылтай, алтыным-ай-ай,
Құрылтайды көргенде балқыдым-ай-ай!
Көрмегелі Астананы көп болды-ай,
Астананың ауасы салқынын-ай-ай!
Қатира әнін тоқтата қойып:
– Алимент туралы айтар болсам, алимент әке болмайды. Алимент төлейтін әкелерге де қамқорлық керек. Оларға бюджеттен жәрдемақы берілсін, — деп келе жатыр еді, төраға:
– Әніңізді жалғастырыңыз, — деді.
Сол екен Қатира бірден ән қайырмасын бастап кетті:
Күміс құмған-ай, газда тұрған-ай,
Депутаттан айналдым көзін жұмған-ай…
Бекзаттарым-ай, жекжаттарым-ай!
Депутат боп Құрылтайға кеп жатқаным-ай!
Сосын ол тоқтай қалып:
– Конституциямыздың мен енді білген мына бір бапта… — деп келе жатыр еді, депутаттар:
– Әніңізді аяқтаңыз, бізге жағып барады! — деп айғайлады.
Әнші депутат бірден жалғастырды:
Заң болмаса адамдар адасады-ай,
Саясатсыз көңілді кір басады-ай…
Депутаттар кеудесі алтын сандық-ай
Ән болмаса сандықты кім ашады-ай!
Құрылтай залы концерт залына айналып кеткендей депутаттар дуылдатып қол соқты. Тіпті бір ер депутат келіншек депутатты биге шақырып, тайраңдай жөнелді. Төраға:
– Әнді тоқтатыңыз, Қатира ханым, — деді.
Бірақ әнші депутат тоқтайтын емес:
– Күміс құмған-ай, газда тұрған-ай…
Төраға аяқ астынан:
– Балалар, шуламаңдар! — деді.
Депутаттар таудан сырғанап түскендей аң-таң болды. Тіпті бірі:
– Қай балалар? — деп қалды.
Төраға сөзін жалғады:
– Ұйықтамасаңдар, ата-аналарыңды шақырамын!
Төраға да Шымкенттегі Ми маркетіне барып, жаттанды миын ақылды миға ауыстырып келген болатын. Бірақ Құдай ұрғанда ассистент Сапар шатастырып алып, оған балабақша тәрбиешісінің миын салып жібергенін ешкім білмейді.
Бір кезде опера театрынан сайланған биші депутат «Аққулар» биін билеп ала жөнелді. Бір ақын депутат поэмасын оқып берді. Боксшы депутат төрағаны рингке шақырды… Бұл кезде ұлыбританиялық миллиардер турист Оливер үйінде қазақстандық маймылды құшақтап отыр еді…
Мұхтар ШЕРІМ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!