Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ ертегісіне төнген қауіп

28.07.2026, 10:45 32

HALYQLINE.KZ

ӘЗІЛ  ӘҢГІМЕ

Бүгін үйде жанжал шықты.

— Тап қазірден бастап балаларға қазақша тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды санасына құямыз, — дедім әйеліме жекіріп.

Ұялы телефонын шұқып отыр еді. Маған бажырая қарады.

— Оны кім айтты?

— Мен.

— Қалай құясың?

— Сен күндіз қазақ тарихы мен әдебиетінен үйретесің, ал мен кешке балаларға ертегі айтып беремін, — дедім.

Әйел келісті. Жүгірмектер жақтырмай қалды. Біздің қатын сауатты ғой, күн ұзаққа қазақ хандарын түгендеді. Салт-дәстүрден мысал келтірді. Теледидарды қазақша арнаға ауыстырып қойды. Бауырсақ қуырып, ет асты. Кәдімгідей үйіміздің шырайы кіріп қалды.

Кеш болды. Төсек салынды. Енді менің кезегім келді. Балалар көрпеден бастарын шығарып, маған қарап тұр. Бала күнімде әжем айтатын барлық ертегіні есіме алдым. Бүгін «Қаңбақ шалдан» бастадым.

— Бұрын, бұрын-бұрында Қаңбақ шал деген шал болыпты. Мал мен басқа зар болыпты. Кедейліктен шықпапты. Ол ау салып, балық аулап, тамақ асырапты. Жел соқса, шал домалап жөнеледі екен. Содан соң оған Қаңбақ шал деген ат қойылыпты.

— Қаңбақ шал да біз сияқты кедей болған ба? — деді кенже ұлым.

— Кім айтты?

— Апам күнде айтады.

— Не дейді?

— Сіңірі шыққан жазушымен бекерге тұрмыс құрдым, — деді.

— Апаң айта береді. Жарайды, ертегіні әрі қарай тыңдаймыз. – Қаңбақ шалдың күн сайын ауына ілінген екі балығының біреуін бір түлкі әлімжеттік қып тартып жей береді екен. Түлкінің қорлығына шыдамай, шал бір күні кемпірін ертіп екінші бір жерге көшем деп, дүние-мүлкін арқалап жолға шығыпты.

— Әке, олар шынымен біз сияқты екен, — деді ортаншы ұл.

— Неге?

— Былтыр сіз кредитті өтей алмай үйге сот орындаушылары келіп, астыңыздағы көлікті тартып алған жоқ па?

— Ол басқа ертегі, кәне сөзді бөлмейміз, — деп «Қаңбақ шалды» жалғастырдым.

Ертегі ортасынан ауғанда балалар маужырап тәтті ұйқыға бөленді. Мен де қалғып кеттім.

Түсімде сол Қаңбақ шалдың қақ төрінде шай ішіп отырмын. Қара қазанда ет қайнап жатыр.

— Сіздерді біз кітаптан кедей деп оқыдық, — дедім.

Қаңбақ шал:

— Шырағым, қазақ қонағын Құдайындай сыйлаған ғой. Сен келген соң кемпір қорадағы тышқақ лақты сойдырды.

Кемпір:

— Бүгін ас жеп, қонып кет, — деді.

Тыныштық. Шіркін, осы кереметті балаларым көрсе, сенбейтін шығар. Ауылға келгендей киіз үйде шалқамнан жатып шаңыраққа қарадым. Төбеден біреу сығалап қарап тұр.

— Бұл кім? — деп дауыстап жібердім.

— Маша, — деді сықылықтап.

— Қандай Маша?

Есіктен Маймақ аю кіріп келді.

— Еттің иісі шығып тұр, ә, — деп аю қарнын сипалады.

Бұлар орыс халық ертегісінің кейіпкерлері Маша мен Маймақ аю екен.

— Түсінбедім, сендер қазақ ертегісінде неменеге адасып жүрсіңдер? — дедім.

— Мен емес адасқан, мына Қаңбақ шалдың отырған жері біздікі, — деп, Маймақ аю ақырды.

Шал мен кемпір шошып кетті. Онсызда күнде қырдың айлакер түлкісінен қорлық көріп жүргенде енді оған мыналар қосылды. Қазақ ертегісіне қауіп төнді.

Маймақ аю ошақ үстіндегі қазанға жабысты. Секіріп аюдың желкесіне мініп алдым. Қазанмен қоса мені бірге ала қашты. Ұзамай бір үңгірге кірдік. Аузым ашылып қалды. Мұнда Аленушка мен Иванушка отыр. Орыс ертегісінен қорқау Қасқыр мен сұм Түлкі бар. Жеті лақ та жайғасыпты. Мақсаттары қазақ ертегілеріне құда түсу екен. Содан қалтама қолымды салып, ұялы телефонымды алдым. Интернеттен қазақ ертегілерінің батырлары орналасқан сайтқа кірдім. Ер Төстік, Таусоғар, Керқұла атты Кендебайға телефон соқтым. Дабыл қақтым. «Қазақ ертегісін ешкімге бермейміз» деп, шығармадағы жағымсыз кейіпкерлер Мыстан кемпір мен Жезтырнақ қосылды.

Маймақ аю қазанның қақпағын аша бергенде, Таусоғар тасты қопарып, үңгірден мені шығарып алды. Қазанды бірге ала кеттім. Ат үстінде ойнақтаған Ер Төстік пен Керқұла атты Кендебай батырды көріп, Маша мен Маймақ аю тұра қашты. Бірге еріп келген серіктестері де соңдарына ілесті. Оларды үш күн, үш түн қуды. Өз ертегілеріне апарып қосты.

Мен қара қазанды Қаңбақ шалға қайтардым. Олар қуанып қалды.

Кемпір:

— Қара қазаным қайтып келді. Жақсы ырым, — деп, мәз болды.

Бәріміз лақтың етіп жеп алдық.

Сүйтіп жатып оянып кеттім. Таң атыпты.

Бүгін кешке балаларға «Алтын сақа» ертегісін айтып беремін.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: