Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қақидым да қалдым!

22.05.2023, 9:30 322

Бүгінгі  сатира

Жұмыс іздеп шыққан бетім болатын. Аялдамада аяғыма аяғымды сүйкелеп, қасып тұрғанымда, бір семіз әйелдің сөмкесінен томпиған әмияны топ етіп, жерге түсе қалғаны. Дереу жанына келіп, әмиянды аяғыммен басып тұра қалдым. «Ішінде елу мың теңге болса, қарызымнан құтылып, үйге макорон, пісте май, айран апаратын болдым-ау!» деп дегбірсізденіп тұрғанымда, әйел бетіме қарап:

– Жер жетпегендей, жабыса қалыпсыз? Ары тұрыңызшы? – деді.

– Қорқам, сізге сүйеніп тұрайыншы? – деппін сасқанымнан.

«Дурак!» – деді ол.

«Дура!» – дедім ішімнен.

Әмиянды еңкейіп алуға жұрттан қорқып тұрмын. Біреудің ала жібін аттамаған байғұс басым, кедейлік кеңірдегімнен келген соң, қайтейін? Әйел автобусқа мініп кетті де, еңкейіп, сирағымды қасыған болып тұр едім, біреу құйрығымды қасыды. «Кім болды екен?» деп қарасам, құрдасым Құрықбай тұр ыржиып. Ылғи құйрық қасып амандасатын жаман әдеті бар өзінің.

-Жүр, кафеге барып, кофе ішіп отырайық? -деді жеңімнен тартқылап.

– Рақмет, түсі топырақ сияқтыны ішкім келмейді.

– Қайда бара жатырсың? – деп сұрады ол.

– Ешқайда… – дедім мен.

– Аялдамада неге тұрсың онда?

– Автобустарды санап…

– Айтшы, бұл соғыста Украина жеңе ме, Ресей жеңе ме? – деп сұрады ол.

– Екеуінің бірі жеңеді.

Бір кезде, ол қолын бір сілтеп, кетіп қалды. Енді еңкейіп, сирағымды қасыған болып, әмиянды ала бергенімде, полиция келді.

– Неге еңкейе бересіз? Мені мазақтап тұрсыз ба? – деп қоймайды ғой.

Кеш болды. Түн болды. Түнгі төрт. Ішім алай-дүлей, өрт. Ешкім жоқ. Еңкейіп, әмиянды алдым. Ішінде тас жоқ, тек бір жапырақ қағазға: «Сәлеметсіз бе? Жағдайыңыз қалай? Жаңа Қазақстанда өмір сүруге бола ма?» деп жазып қойыпты.

Туу, қақидым да қалдым!

Мұхтар  ШЕРІМ.

Шымкент  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: