Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзіміздің ұрылар

28.04.2023, 15:00 298

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Құлақтарына құлдыраңдап кіре ме, кірмей, қайқайып кете ме, жүректеріне жата қалып, бауырлап жете ме, жетпей, жылап қала ма, бүйректерін бүлк еткізе ме, еткізбей ме, беттерін жыбырлата ма, қабырғаларын қытырлата ма, депутат Шындықбай Беткеайтарұлы депутаттық сауал жолдады.

– Қазақстан Премьер-министрі Анауовқа, Қазақстан бас прокуроры Мынауовқа депутаттық сауал лақтырамын. Қағып аласыздар ғой?

– Лақтырыңыз! – деді екеуі жарыса.

– Бұғып қалмайсыздар ма?

– Жоқ!

– Менің айтайын дегенім, Жаңа Қазақстан дегенімізбен, ескі кадрлар ескі Мазақстанның экс-басшысы салып берген «сара жолмен» салдыр-гүлдір жүріп келеді. Төңкеріліп қалмасақ болғаны. Президентіміз шетке кеткен капиталды, активтерді, былайша айтқанда ұрланған байлығымызды кері қайтару үшін комиссия ұйымдастыруды тапсырды. Комиссия мүшелерінің көздері нашар көреді екен. Кірпіктері қырық метр салбырап, шаштары жалбырап, қолдары қалтырап кеткен, көруге кедергі. Беттері бес сантиметр өсіп, құлақтары жекелеріне қарай көшіп, көздерін қыситып жіберген. Олардың денсаулықтарына үкіметтен арнайы қаржы неге бөлінбейді? Олар жөнді көре алмағандықтан, бір ғана мысал айтайын, Оранбаев деген шенеунік ұры жақында жеңіл-желпі соттала салды. Оны бостандыққа жібере салу керек еді. Ұрлай берсін, өзіміздің ұры ғой, шеттен шекілдеуік шағып келген жоқ! Өзімізді өзіміз құйрықтан шұқуды қашан қоямыз? Сол жерін шұқылай берсе, жара болып кетеді, ұят тірлік. Оның Латвиядағы жасырын сатып алған мүліктерін комиссия мүшелері көрмей қалған. Астанада тұрып, үкімет үйінің шатырына шықса да, Латвия көрінбейді, сонаау, алыста ғой. Ал, Оранбаевтың әйелі жеке бизнес ұшағын отыз миллион долларға сатып жіберді. Мұны да комиссия көрмеді, айттым ғой, көзілдіріктері жоқ. Денсаулық министрі қайда қарап отыр? «Ұшақты қалай сатып алды?» деп бас қатырсаңыздар, бастарыңыз дорба болып қалар еді. Олар – өзіміздің ұрылар. «Ұрының қатыны өзіне лайық» деген. Африкада жалаңаш жүрген тайпа көсемінің әйелі емес қой! Мұндай өзіміздің ұрылар шетелге байлықтарын жасырып келеді, келе де береді. Мырзалар, егер, активтер толық қайтарылсын десеңіздер, барлық ұрылардың өздерін комиссия мүшелері етіп қойыңыздар. Олар байлықтарын қайда жасырғандарын сіздерден жақсы біледі ғой, соған да миларыңыз жетпей ме? Сосын, өзгенің қалтасын қарау деген қазаққа ұят болады. Өз қалталарын өздері қарасын. Қысқасы, өзіміздің ұрыларды құрметтейік! Мысалы, менің әйелім, айлығымды төркініне жасырын жібереді, жұмысым жоқ қой, ұят болады, ағайын!

Мұхтар  ШЕРІМ

Карикатура  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: