(«Далбаса дөкейлер» сатиралық романымнан үзінді)
Екеуі қол ұстасып, жоқ, қатарласып, 2033 жылы сайланған президенттің қабылдауына кірді. Президент өте қарапайым кісі еді, күтіп отыр екен, орнынан тұрып:
– Мында отырыңдар, – деді.
Бірақ олар отырған жоқ, президентті кезек-кезек құшақтап тұрып:
– Сіз тамаша президентсіз, – деді.
Сөйтіп ештеңе деместен есікке қарай қатарласа кетіп бара жатыр еді, 2033 жылғы президент:
– Жайсыз хабар айтқалы келіп пе едіңдер? – деп сұрады.
Екі дос қайта бұрылып келіп, президентті қимай құшақтап, қайта-қайта қолын қысып, есікке беттеді. Президент:
– Түсінсем тілім шайналсын, – деді.
Дарын ұзын әрі жылтырақ үстелге жақындап келіп:
– Кландар, – деді.
– Немене кландар?
– Кландар тыныштық бермейді, – деді Дарын. – Біз солай шештік, министр болмаймыз. Бірақ сізді қимаймыз. Абай болыңыз, айналаңызда кландар, жыландар, жағымпаздар, жемқорлар…
– Солардан қорқып жүрсіңдер ме? Адам емес екенсіңдер ғой, – деген президент отыра қалып, жер тепкілеп жылады.
Мұндайды күтпеген жас министрлер сасып қалды. Екеуінің көңілі босап, президентті қолтықтап, орнынан тұрғызды.
– Сізге жылаған жараспайды… – деді Дарын.
– Жарасатындай етіп жыладым ғой. Біздің елге реформа керек. Ауылда ауыз-басын қисаңдатып, «ешкіге үйленемін» деп жүрген жынды Жүндібаевты премьер еттім. Сендерді министр етіп тағайындадым. Бірігіп, сол кландарға қарсы тұрамыз деп ойладым. Ал сендер… адам емес екенсіңдер ғой! Жоқ, жібермеймін! – деді президент Дарынның иығына салып қалып.
– Кландар былай дейді, – деді Жансерік, – «ақсүйек емессіңдер, министр болу үшін жеті аталарың билікте болуы керек еді, миларыңда май, жүректеріңде макси шай жоқ» депті.
– Мен оларды орын-орындарына қоямын. Отвечаю! – деді президент.
– Президент мырза, халық сізге ырза… Тек сізге жан-жағыңыздағы кландар жалған ақпарат жеткізумен келеді.
– Ниетіңізге рақмет. Өз еркімізбен кеткіміз келеді. СМС-пен, ватцвапппен хат жазысып, хабарласып тұрамыз ғой, – деді Дарын.
Шынында, президент елуден асқан, өте жайлы, төрт құбыласы сайлы, білімді кісі еді. Реформаны өзі де жасай алады. Бірақ кландар… жыландар…
Президент көмекшісін шақырып алып, тапсырма берді. Кешікпей көмекшісі бір шелек орден мен медальдарды алып келді.
– Мен саған екі «Мынауский министр» орденін әкел деп едім ғой! – деді президент.
– Жыл сайын елге ордендер мен медаль шашып жүрміз ғой, «Тоймастар», «Құлқын», «Мешкей» ордендерін ала кетіп, тарата салсын дегенім…
– Жоқ, олардың алдында абыройларын түсірмесін. Қызметтерінен өз еркімен кеткен министрлерді бірінші рет көріп тұрмын. Болашақта осылар президент болады! Амал, не хош болыңдар! – деген президент екеуінің костюмдеріне «Мынауский минситр» ордендерін тақты.
Риза болған Дарын:
– Мынауский сөзін ауыстыруға болмайды ма екен? – деп сұрады.
– Е, аппараттағы бір шала қазақтың ойлап тапқаны да, – деген президент көмекшісіне бұрылды, – атауын өзгертіңдер.
– Өзгертеміз, «Қатқанский министр» деп өзгертеміз! – деп лыпылдады көмекшісі.
Президент екеуін қимастықпен шығарып салды.
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!