Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есек екенім есіме түсті!

02.10.2024, 17:50 126

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Президент жыл жемқорын құттықтап, қолын қысып тұр екен.

– Еліміздің елеулі жемқоры, сізге «Жыл жемқоры» атағын бергелі тұрмын. Құтты болсын!

«Жыл жемқоры» менің оң жағыма келіп отырды. «Құтты болсын!» дедім мен, «жұғысты болсын!» деді ол ыржалақтап. Мәз. Жыл жағымпазы атағын алған бір министр президенттің костюмінің түймесін салып, туфлиін сүртіп тұрып алды.

– Қойыңыз, ұят болады, – деді президент ыңғайсызданып.

– Сіз… Сіз Жаңа Қазақстансыз…

– Олай демеңіз…

– Сіз, сіз… жылағым келіп кетті…

– Көңіліңіз босамасын, сізге «Жыл жағымпазы» атағын беремін. Қойыңыз, шашымды тарамаңыз.

– Бір тал шашыңыз тікірейіп кетіпті, қазір, қазір…

– Ұят болады!

– Ұят менен кейін туған, көлеңкеңізді сүртіп жіберейін…

Президент жыл парақорын шақырды. Ол қос алақанын жайып, қолдарын созып, жүгіріп шықты.

– Жыл парақоры атағыңыз құтты болсын!

– Айтсын! Осы қызметке келгелі, қыши береді, қыши береді…

– Қай жеріңіз?

– Алақаным…

Жыл парақоры атағын алған финпол қызметкері де менің қасымнан өтіп бара жатып, «алақаным қыши береді, қыши береді!» деді секіріп қойып. Мәз. Мені қашан шақырады екен? Қандай атақ береді екен? Жыл өтірікшісі атағын алған бір облыс әкіміне президент:

– Енді есеп бергенде, алдамайтын шығарсыз? – деді.

– Өтірік айтсам, өліп кетейін!

Облыс әкімі өтірігін айтып, бірінші қатарға келіп отырды.

Маған қашан кезек келеді екен? Әне, «Жыл өсекшісі», «Жыл жезөкшесі», «Жыл баукеспесі», «Жыл қанішері», «Жыл алқашы», «Жыл орден алғышы» марапатталып жатыр! О, мені шақырды. Президент қолымды қысып, «Жыл есегі» атағын берді, кеудеме есек суреті бар белгі тақты, «Жыл есегі» деп жазылған қызыл лентаны кеудеме қиғашынан тақтым. Жыл есегімін! Министр басыммен есектің миындай миым жоқ екен! Залға қарасам, мен сияқты есек бастар топырлап отыр екен…

Мұхтар  ШЕРІМ

Фото: img.freepik.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: