Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ертегілер  елі  жасасын!

29.06.2026, 8:30 27

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Ақылды ақымақтар» романымнан үзінді)

…Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда деп басталатын ертегіні бүгінде: «бүгінгі мына заманда, жемқорлар дін аманда» деп бастағанымыз жөн сияқты. Жаз айы болса керек, Қазақстанның жанға жайлы бір жағажайында етпетінен күнге қыздырынып жатқан, біреу майсыз құйрығына бір тепті де:

– Тө-өу, құйрығың қатып қалған цементтей екен, аяғым ауырып қалды! Тұр былай, кет бұл жерден! Қазір Көлтауысар мырза келеді! — деді.

Әнуәр сүметіле тұрып, көлге бір сүңгіп алғысы келген. Биіктеу жерден суға қойып кеткен еді, көзін ашса, құм үстінде жатыр. Көл жоқ. Сасып қалды. Орнынан тұрғанда байқады, Көлтауысар алып адам екен, көлді ұртына толтырып алыпты.

– Сіздің Қазақстан көлдерін болмашы тиынға жекешелендіріп алып, пайдаға батып жүргеніңді білемін, бірақ балық-палығымен, қайық-майығымен жұта салуың демократия тұрғысында біздің елге үлкен сын! Өзің парламент депутаты бола тұрып, мұның қалай? — деп еді, «ой, әкеңнің!» дегісі келгенде аузындағы көл суы төгіле кетіп, жақын маңдағы ауылды шайып кете барды… Сол ауылдың әкімі болса керек, моторлы қайық дайындап қойған екен, бала-шағасын соған отырғызып алып, ызғытып барады… «Көлді қайтара жұтыңыз!» деген Әнуәр Көлтауысарға айғайлады. «Сен кімсің? Ей, кедей сорлы!» деген ол оны да жұта салғысы келген. Кенет оның Дию досы соңына түсті. Әнекең тұра қашты. Енді болмағанда, о дүниеде жүрер ме еді. Жолай Желаяқ кездесе қалып, мұны арқалай қойды. «Қайда?» деп сұрады ол зуылдап келе жатып. «Үкімет үйіне. Болмаса президентке тарт, арыз айтамын!». «Ақшасын төлесең болды, мен қалааралық таксиші – Желаяқ боламын!» деді ол. Содан не керек, желмен жарыса, зымырап келеді. Бір жерге келгенде қарап еді, біреу Алматының Алатауын көтеріп келе жатыр!

– Мынау кім? — деп сұрады Әнуәр.

– Толик, — деді Желаяқ.

– Толигің кім еді?

– Баяғы заман ертегісінде тау көтеретін Толағай бар емес пе! Ол бір жақсы кісі еді ғой, мына Толик – соның шөбересі. Орысша айтқанда Таусоғар Толағаевич. Алатауды сатып алған деп естігенмін.

– Қазақ жерінде сатылмаған не қалды өзі? Алатауды қайда апармақшы?

– Өзі Қызылорда жақтан. Сол жаққа апарып қоятын көрінеді… Ол жақта тау жоқ қой…

– Қытайға апарып қоймаса болды… — деді Әнуәр күйініп. Бір қараса, дию артынан ұшақпен қуып келеді екен. Екеуі тұра қашты.

Шымкентке жеткенде Желаяқ «зәпірәпкенің» жанына келіп тоқтады.

– Не болды? — деп сұрады Әнуәр.

– Бензин ішіп алайын да…

– Ойбай, сен желмен жарысатын сұмдық жүгіргіш емессің бе?

– Заманауи желаяқпын, — деген ол колонканың пистолетін аузына тыға беріп еді, бензин құюшы:

– Аға, біз бензин сатпаймыз, — деді.

– Онда неге тұрсыңдар?

– Біз көзбояушымыз. Май құю бекетіміз мұнай құбырының үстінде, трубаны тесіп, мұнай ұрлап сатамыз… Ойбу-у, бастығым ешкімге айтпа деп еді, өте ақ көңілмін ғой! Ағатай, ешкімге айтпайсыз ғой? — деген жігіттің шыр-пыры шықты. Басқа жерден бензин жұтқан Желаяқтың үстінде Әнуәрдің қаны қайнап келеді. «Қазағымды жемқорлық жайлап алған екен…» деді ол ішінен.

– Ертегілер елінде өмір сүріп келеміз! — деді Желаяқ, – өзіміздің Толағай-Толиктер, Көлтауысар, Жезтырнақтар, тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдектерге мейлі, орыстың «Бессмертный Кащейлері» де қазақ жерін сорып…

Бір кезде алдынан бір топ қазіргі заманның Алдар Көселері шықты. Министр Алдар Көсе, әкім Алдар Көсе, полицей Алдар Көсе… Желаяқ оларды алдап жібергісі келген, бірақ өтірікшілер тыңдамады.

Астана жақын қалды. Желаяқтың желке тұсында ғаламтор бар екен, Әнекең соны қарап отырған еді, олардың патшаға бара жатқанын Австриядағы саққұлақ қашқын біліп қойып, «Қазаққа саусақ не үшін берілген? Бір-бірінің құйрықтарынан шұқу үшін!» деген тақырыпта мақала жазып үлгеріпті. Жат жұртта жүріп, өзімізді-өзіміз өзекке тебеміз енді… Кенет Астанаға жете бергенде… Иә, жете бергенде, Желаяқ екеуі тоңқалаң асып, құлап түсті. Сөйтсе Мыстан кемпір тұр екен, тісін жұлып алып, сонымен атып жіберіпті.

Ар жағында Жезтырнақ әпке тұр, мини-юбка киіп алып… Қой, осы жерден ертегімді аяқтайын, бұлар патшаға менің зарымды жеткізе қоймас! Қарным ашып, көзім қарауытып бара жатса да: «Ертегілер елі жасасын, ура-а-а! деймін. Мырзалар, құдай үшін мені бір тойғызып жіберіңіздер, дәретханада рақаттанып бір күшенейін деп едім…».

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: altyn-orda.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: