Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Біз түкіруге келдік»

23.06.2026, 6:00 71

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы болып Нұрдәулет бастаған «Көп түкiрсе – көл, түкiрмесе – нөл» аты қоғамдық бiрлестiктiң мүшелерi жуырда ғана зейнеткерлiкке шыққан аудандық экс-прокурордың үйiне келдi. Есiктiң қоңырауын Пәкістандағы пуштунға тұрмысқа шығып кеткен Айсананың әкесі Нұрдәулет басты. Көп кешiкпей күрк-күрк жөтелiп прокурор көрiндi.

– Сiздерге кiм керек? — дедi ол.

– Бiзге сiз керексiз, — дедi Нұрдәулет.

– Жайшылық па?

– Бiз асығыспыз. Жай бетiңiзге түкiрiп кетейiк деп едiк.

– Не үшiн? — деп таңғалды бұрынғы аудан прокуроры.

– Прокурор болып тұрғаныңызда не істемедіңіз? Ақты қара дедіңіз, қараны аппақ дедіңіз. Шындықты белден бастыңыз! Сол үшін бетіңізге түкіріп кетуге келдік, — деді ауыл ақсақалы Алпысбай, – рұқсат па?

– Немене рұқсат па?

– Бетіңізге түкіруге.

Экс-прокурордың бетi қызарып, құлағы ұзарып кеттi.

– Түкiру үшiн ғана келдiңiздер ме? — деп сұрады сосын.

– Иә. Қай бетiңiзге түкiрейiк? — дедi Елубай.

– Сендер кiмсiңдер өзi?

– Бiз бе? Бiз – халықпыз.

– Мен халық алдында адалмын.

– Өтірік айтпа! Тіфу! — деген Нұрдәулет оның бетіне түкіріп жіберді.

– «Көп түкiрсе, көл» дегендей… Тіфу! — деп өзгелер де түкіріп салды. Сол екен бұрынғы прокурор:

– Жоғалыңдар! Бұзақылар! Түкіргіштер! — деп темір қақпаның есігін сарт еткізіп жауып алды.

Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы болып, аудандық полиция бастығына жолықпақ болды. Бірақ кезекші кiргiзетін емес.

– Қандай шаруа? — деп сұрады ол.

–Түкiремiз де шығамыз, — дедi Нұрдәулет.

– Кiмге?

– Бастығыңның бетiне.

– Жындыханадан қашып кеткен жоқсыңдар ма?

– Бастығыңмен хабарлассаңшы. Түкiремiз де шығамыз.

Кезекшi бас полицеймен хабарласты да, «кiрiңiздер!» дедi. Бiрақ, әлi таңғалып отыр.

Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы болып аудандық полиция департаменті бастығының кабинетiне кiрдi. Бастық арыз айтушыларды жағалай тұрған орындықтарға отырғызды.

– Иә, қай ауылдан келдіңіздер? — деп сұрады бастық.

– «Ойхой!» және «Ойпырмай!» ауылынанбыз, — деді Нұрдәулет, – сізді сыйлап, бетіңізге түкіруге келген едік.

– Түсінбедім. Не болып қалды?

– Ештеңе түсінбей қаласыз, ә? — деп сөзге араласты Қырықбай, – қарамағыңдағы полиция инспекторы менің баламды жазықсыз соттатып жіберді. Қалтасына гашиш сала қойды. «Жоспар керек!» деп полицейлерің қылмыс жасамаған адамдарға жала жауып кетеді. Жол-көлік инспекторлары есекпен келе жатқан ақсақалды тоқтатып: «Есегіңнің мемлекеттік нөмірі қайда?» деп тергеп, ақшасын алып кеткен. Содан бері ол «001-17» деген нөмірді қолдан жасатып, есегінің құйрығына байлап қойған.

– Мен ондай тапсырма берген жоқпын ғой! Мәселені тексереміз!

– Қай бетіңізге түкірейік? — деп сұрады Отызбай.

– Менде бет жоқ, — дедi бастық күрсiнiп, – осы жаңа ғана «Сенде иман, ұят бар ма?» деп аудан имамы түкiрiп кетiп едi. Кеше облыс әкiмi түкiрiп кеткен. Ендi министрiмiз түкiргелi жүр екен. Сендер де келдiңдер, түкiретiн жерiм де қалмады, өзi…

– Ренжiмеңiз, «Көп түкiрсе – көл», тіфу, бетiң құрысын! — деп Нұрдәулет бастап, өзгелерi қоштап, түкiрiп шықты.

Олар он шақты. Ұзынды-қысқалы болып аудандық білім басқармасы бастығына кіріп, «Директорларды тағайындауда жемқорлықтың алдына шықтың!» деп оның да бетіне түкіріп шықты. Тіпті ауыздарында құрғақшылық басталды. Құдайым-ау, олар түкірмеген шенеунік қалмады. Қазір сізге барады…

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: media.istockphoto.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: