САТИРА
Соңғы кезде түсіме басшылар жиі кіретін болды. Шошып оянамын. Емшіге барып едім. «Бұл – дефицит түс» деп жақсыға жорып отыр. Өңімде өңменімнен отты көздерін алартып жүргендерден түсімде де құтыла алмадым. Менің жұмыр басыма кіріп алып білгендерін жасайды. Көрген түсімнен құтылайын деп түнде басымды жерге де соқтым. Түк нәтиже жоқ. Маған айтқандарын істетіп әлек. Осыдан он жыл бұрынғы «Барсакелместің базарындағы» көрген түстерім қайта оралды. Ол кезде базарда атақ пен абырой сататындар жайлап алған еді. Сол базардан шындық таба алмай, ұйқыдан өкініп, өкіріп оянып едім. Бүгін көк көпшікке басым тиген бойда ұйқыға кеттім. Түсімде шеті көрінбейтін сол баяғы базарда жүр екенмін. Төбесінде «Бос орындар» деп жазылған дүңгіршекке жақындадым.
Бір көзі бадырайған қара келіншек алдымнан шықты. Сатушы екен. Жүзі таныс. Бірақ, мені танығысы келмей теріс қарап тұр. Сәлден кейін жуан мойны әрең бұрылды.
— Сәлеметсіз бе? Қандай кеңес керек?
— Бұл жерде не сатылады? – дедім.
— Бос орындар.
— Қалай сонда? — деп, таңғалып жатырмын.
— Қызметтен кеткен және кетуге дайын тұрған адамдардың креслолары сатылады, — деді, ол басын қайқаңдатып.
— Ойпырмай, әкімнің креслосы бар ма? — дедім, бір жеріме қарамай.
Ол мырс етіп күліп жіберді.
— Сіз әкім болатын адамға ұқсамайсыз ғой.
— Енді кімге ұқсаймын?
— Білмеймін, басшы болатын адам мұндай болмайды, — деді ішек-сілесі қатып.
— Жарайды, бос орындар бар ма?
— Аудан мен ауыл әкімдері бар, келесі аптада мекеме басшылары да табылып қалады. Қазір қызметтен кетіп жатқандар көп.
— Мм, маған келетін қандай жұмыс бар?
— Мамандығыңыз қандай?
— Мәдениет институтының театр бөлімін бітірдім.
— Фуу…
— Сізге не болды?
— Өнер адамдарын көрсем жыным келеді, — деді сатушы.
— Олай демеңіз, ұят болады. Қандай орын бар?
— Жақында театр директорының орны босайын деп тұр.
— Ол қанша тұрады?
— Тегін.
— Неге?
— Сол, — деп, әлгі келіншек дік ете қалды. Екі көзі аларып ұясынан шыға жаздады.
Қасымызда қарт кісі тұр еді. Ол былай деді:
— Ой балам-ай, мәдениет ошақтарының бейнеті көп. Шығармашылық адамдарын бағалап жатқан кім бар? Мұндай еңбегі еленбейтін орындар босқа беріледі, — деді, мұңайып.
Ұйқыдан оянып кеттім. Япыр-ай, осы менің түсіме кірмейтін пәле жоқ…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!