Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Макко»

11.12.2023, 9:20 588

HALYQLINE.KZ

Бала күнімнен бірге өскен досым Марат Кеулімжаевты осылай атаушы едім. «Макко» – «Мәкең» дегенді өзімше түрлендіргенім ғой. Макко бозбала шағында өте қарулы әрі намысты да, жүректі болды. Мығым денелі, күрес тәсіліне жетік Маккоға құрдастарымыз тұрмақ, кейбір өзінен жасы үлкендер де батып келе бермеуші еді. Макко өздігінен ешкімге соқтықпайтын. Ал, тиіскенді жазасыз қалдырмайтын.

Балалық шақта не болмайды дейсіз?! Шағын ауылда топ-топқа бөлініп жанжалдасу етек алып тұрған уақыт. Сол тұста Макко біздің ортамыздағы көшбастардың бірі болды. Бірде мынандай жайтқа куә болдық. Бір құрдасымыздың үйінде баспақтай үлкен ақ қабаған төбеті бар-тұғын. Кеңес Одағының кезінде «7 ноябрь» үлкен мереке екендігі әмбеге аян. Ауыл арасындағы «Қазақта айран, орыста мейрам көп» деген сөз тіркесі тегін айтылмаса керек. Осынау мереке күні бір топ жолдастармен бірге жоғарыдағы құрдасымыздың үйіне келдік. Қазақы ауылда итті шынжырлап байлай бермейді. Топтың алдыңғы қатарында келе жатқан мен шағын ауланың есігін аша бергенімде жаңағы қабаған төбет «арс» етіп тура менің басыма қарай атылсын. Шалт қимылдап, есікті жауып үлгердім. Тұла бойым түршігіп кетті. Қас қарайған мезгіл. Баршамыз иіріліп тұрып қалдық. Абырой болғанда қабаған төбеттің тісі денеме дарымапты. Макко не болғанын сұрады. Мен «Қабаған иті бос жүр екен. Зорға құтылдым» дедім абдырап. Макко болса «Өөөй, иттен қорқып…» деп алға ұмтылды. «Ойбай, жолама! Бәлесінен аулақ» деп бәріміз шу ете түстік. Макко тыңдамады. Шағын есікті айқара ашып тастап, екі ернеуінен ұстап тұра қалды. Адам қауып әбден дағдыланған әлгі баспақтай ақ төбет арсылдап Маккоға қарсы ұмтылды. Макко сасқан жоқ. Арылдап үстіне төніп келе жатқан дәу төбеттің тұмсығын көздеп, көз ілеспес жылдамдықпен шіреніп тұрып бір тепті. Сенесіз бе, гүр-гүр етіп жер дүниені көшіріп келе жатқан ақ төбет лақтырған кесектей бір қапталға қарай домалап түсті. Мұндайды ешкім де күтпеген еді. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп қазекең текке толғанбаған. Тепкі жанды жеріне тиген қабаған төбет жанұшыра қынсылап, безіп кетті.

Емін-еркін есіктен кірдік. Үй ішіндегілер кешкі шайға отырған екен. Бізді көріп көздері шарасынан шықты. «Ойпырмай, жаңағы ит байқамай байланбай қалыпты. Ешкімге зақым келтірген жоқ па?» десіп қауқылдасып жатыр. Макко «Өй, кішкентай күшік аяғыма оратылып еді, желкесінен қысып лақтырып жібердім» деді жайбарақат үнмен. Үйдегілердің таңданысында шек болмады. Тамақтан соң сыртқа шықтық. Ауланың бір бұрышында жатқан жаңағы қабаған төбет Макконы көрісімен құйрығын бұтына қысып алып, зыта жөнелді. Мына оқиға да әлі күнге санамнан өшер емес.

Жазғы каникулда Макко екеуміз өзекке қармақ салуға барғанбыз. Армансыз суға шомылып, балық аулап, төбе баурайынан сағыз тердік. Күн аптабы басыла ауылға беттедік. Екеуіміз де сілелеп шаршаппыз. Көзіміз көк аспанда сап құрап ұшып бара жатқан тікұшақтарға түсті. Ғажап көрініс. Көйлегімізді шешіп алып, басымыздан асыра былғап, айғай сала қыратқа жүгіре шыққанбыз. Кенет… Саптың соңындағы тікұшақ кейін бұрылып, бізге қарай салсын. Алып қарақұстай тура төбемізге төнгенде зәре-құтымыз қалмады. Жанекпін жерге жата қалдық. Арқан тастам биіктіктен ұшып өткен тікұшақтың кабинасынан езуі жиылмай күліп отырған ұшқышты жанарымыз шалды. Мүмкін ол да жас жігіт болуы. Төбемізден айналып өтіп, серіктеріне ілескен тікұшақты көзімізбен ұзатып салдық. Арада қаншама жыл өтсе де тікұшақты көрсем сол сурет жадыма оралады.

Қашанда біздің ортамызда шоқтығы биік Макко еңбекқорлығымен, пісенттілігімен көпшіліктің аузына жастай ілінді. Өзгелер нарықтың қыр-сырын жете түсінбей жатқанда Макко кәсіпкерлік бағытта біршама жетістікке жетті. Ғасыр тоғысында «Кеулімжай» шаруа қожалығын құрды. «Сыбаға» бағдарламасымен 13 млн теңге несие алып, кәсібін дөңгелентті. Асыл тұқымды ақбас сиыр өсіруді жолға қойды. Лизинг арқылы шөп шабатын техника иеленіп, тайланған шөп (пресс) дайындады. Оған қоса Арал, Қазалы аудандарына Ақтөбеден шөп тасумен де айналысады. Әулие Сарқұл баба аталатын аумаққа жақын маңнан жер алып, тұрғын үй, қора-жай салды. Әрине қай нәрсенің де өзінен-өзі бітпесі, бастаған істің алға басуы үшін үлкен тер төгу қажеттілігі түсінікті. Тынымсыз төгілген тер нәтижесін берді. «Макко» шаруасын өрге сүйреді. Қазіргі таңда «Кеулімжай» шаруа қожалығында бірнеше адам еңбек етеді. Шаруа қожалығы Мәкеңнің жұбайы, ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, абыроймен еңбек демалысына шыққан Жамал Қалымбетованың сенімгерлік басқаруында.

Нақты кезеңде Марат Кеулімжаев Ақсуат ауылында мектеп директоры болып жұмыс істейді. Өмірлік жары Жамал екеуі – ұл-қыздарынан немере, жиен сүйген іргелі әулеттің тірегі. Абыройларыңыз аласармасын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: