Нанның тарихы қанша мыңжылдықты қамтиды? Әлемде нанды ең көп тұтынатын ел қайсы?
Атаулы күнге орай нан туралы қызықты әрі көпшілік біле бермейтін деректерді ұсынамыз.
Нан егіншіліктен де бұрын пайда болған.
Иорданиядағы археологиялық қазба кезінде шамамен 14 400 жыл бұрын дайындалған нан қалдықтары табылған. Бұл адамдардың егіншілікпен кеңінен айналысуынан бірнеше мың жыл бұрын нан пісіргенін көрсетеді.
Ежелгі Мысырда нан еңбекақы ретінде берілген.
Ежелгі Мысырда жұмысшыларға азық-түлік, соның ішінде нан мен сыра үлестірілген. Олар еңбекақысының бір бөлігін осылай алған.
Нанды ең көп тұтынатын елдердің бірі – Түркия.
Guinness World Records дерегінде Түркия 2000 жылғы көрсеткіш бойынша жан басына шаққандағы нан тұтынудан рекорд орнатқан. Ол кезде бір адамға жылына орта есеппен 199,6 келі наннан келген.
Ғарышкерлер кәдімгі нанның орнына көбіне тортилья жейді.
Себебі нанның үгінділері салмақсыздықта жан-жаққа ұшып, ғарыш аппараттарының жабдықтарына зиян келтіруі мүмкін. NASA мәліметінше, 1985 жылдан бері тортилья ғарышкерлердің негізгі нан өнімдерінің біріне айналған.
Нан жасау дәстүрі көптеген халықтың мәдени мұрасына айналған.
Француз багеті – ЮНЕСКО тізіміне енген нақты мысал. Оның дәстүрі қамыр илеу, ашыту, қолмен пішіндеу, пісіру және наубайшылық шеберлікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу тәсілдерін қамтиды.
Фото: eldala.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!