Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағыты бөлек байқау (Фото)

18.11.2021, 13:00 486

HALYQLINE.KZ Биыл – Қызылорда қаласының 203 жылдығы. 3 жыл бұрын шаһарымыздың 200 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланған болатын. Пандемиялық жағдайға байланысты қала күні өткен жылы да, осы жылы да аста-төк емес, ерекше форматтағы шаралар арқылы жалғасып, өз деңгейінде тойланды. Оның үстіне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев републикалық басылымның біріне берген сұхбатында «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деген еді. Дәл осы пікірді басты назарға алған «Qosyl» Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталағы постерлер байқауын ұйымдастырды. «Туған күніңмен, Қызылорда!» деген атаумен өткен шараға 19 үміткер қатысып, өзара мықтыны анықтаған.  

Қала күніне орай ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – жастардың шығармашылығын дамыту. Жастар біздің шаралар арқылы тек марапат, сый-сияпат емес, тәжірибе алуы керек. Және бұл өз кезегінде жастардың тұлғалық өсуіне ықпал етеді. Үздік жұмыстарды арнайы құрылған комиссия мүшелері анықтады. Ауыз толтырып айтатын кең көлемдегі емес, бірақ Қызылорда қаласының құндылығын дәріптейтін іс-шара болды. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды көптеп өткізуге болатын секілді. Өйткені, осы бағытта байқаулар аз өтеді, – дейді«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталағының директоры Сабыржан Кеңшілік.

Қатысушылар арасында оқушылар, студенттермен қатар қала жастары да бар. Ұйымдастырушылар үміткерлердің жұмысын жоғары бағалап отыр. Постерлердің арнайы бағдарламалармен жоғары деңгейде әзірленгенін алға тартады.

«Туған күніңмен, Қызылордам!» атты постерлер байқауының 3-орнына Айсұлу Кенжебайқызының жұмысы лайық деп танылды. Ал, 2-орынға Думан Амангелді ие болса, Ринат Мырзаханов байқау жеңімпазы атанды. Креативті постерлер әзірлеген жастарға диплом мен арнайы жейделер табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: