Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

25 тамыздан бастап жүргізушілер үшін талап қатаңдайды

22.07.2026, 10:35 64

Ішкі істер министрлігі 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енетінін мәлімдеді, — деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ең алдымен, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексерістен өтуі қажет.

«Міндетті медициналық тексерістен өткені туралы мәлімет Денсаулық сақтау министрлігі және Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде алмасады. Мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексерістен өткені және көлік басқаруға қарсы көрсетілімі жоқтығы расталмаса, көлік басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысты екенін ерекше атап өтеміз», — деді ІІМ өкілі.

Келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты болмақ.

«Заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде жол апаты жағдайын туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын бұзу сияқты өрескел құқықбұзушылықтар. Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда қолданылады. Жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік басқару құқығын тоқтатуға негіз болады», — деді полиция.

Сонымен қатар, алкогольге, есірткіге масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілмек.

«Енді жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылғанның өзінде құқық бұзған адам сегіз жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды», — деді ІІМ өкілі.

Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: