Қызылорда облысында Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасына қарсы бақылау күшейтілді. Ел аумағында 10 қарашадан 2027 жылдың 3 қаңтарына дейін «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Осы кезеңде арнайы бөлінбеген орындарда отшашу атып, азаматтардың тыныштығын бұзғандарға және пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатқан азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев мәлімдеді. Оның айтуынша, мереке қарсаңында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың айналымын бақылау және жарақаттанудың алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп, өңірдегі базарлар мен сауда орталықтарында 18 рейд ұйымдастырған.
— Негізгі мақсат – сертификатталмаған өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою және жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп, базарлар мен сауда орталықтарында 18 рейдтік шара ұйымдастырды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде мектеп инспекторлары оқушылар арасында жарақаттанудың алдын алу бағытында арнайы дәрістер өткізуде, – деді Ердәулет Жаукеев.
Брифинг барысында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану және сату талаптарын бұзғандарға қолданылатын жауапкершілік те түсіндірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабына сәйкес, арнайы бөлінбеген орындарда отшашу атып, азаматтардың тыныштығы мен белгіленген тәртіпті бұзғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл 2026 жылғы есеппен 86 500 теңгені құрайды. Ал кодекстің 196-бабына сәйкес, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқандарға 25 АЕК, яғни 108 125 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Заңнамада тиісті жағдайларда пиротехникалық бұйымдарды тәркілеу де көзделген.
Ердәулет Жаукеев пиротехникалық бұйымдарды пайдаланған кезде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе балалардың петарда мен отшашуды ересектердің бақылауынсыз қолдануы жарақат алу қаупін арттырады. Осыған байланысты мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау ұсынылып отыр.
Полиция өкілдері пиротехникалық бұйымдарды арнайы рұқсат етілген орындарда ғана пайдалануға, ал сатып алу кезінде өнімнің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге шақырды. Өңірдегі профилактикалық шаралар Жаңа жыл мерекесі аяқталғанға дейін жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!