Әлеуметтік желіні аша қалсақ, Қытаймен сауда жасап, баюды үйретемін деген жарнамалардан көз сүрінеді. Не Қытайға барып, кәсіп көзін ашып алғандарды да көріп қызығасың. Үйде отырып «бірдеңемен айналысу керек еді» деген әйелдер осындай тренингтерді көріп, бизнес бастағысы-ақ келеді. Әрине, жеке кәсіппен айналысып, бизнесіңді дөңгелетіп, өз күніңді өзің көргенге не жетсін. Ендеше «Қытайдан тауар әкеліп сатсам, қалай болар екен?» деп алаңдаған жандарға бұл сауда жолының қыр-сырын ашып жеткізетін боламыз.
Қытаймен бизнесті 18 жасынан бастаған, тәжірибесі қалыптасқан Эльнура Нұрланқызы бүгінгі күннің сәніне айналған үрдістің қауіп-қатері мен мүмкіншіліктерін саралап берді десек те болады. Алғашында көп қателік жібергенімен, тез үйренісіп, кәсібін шыр айналдырып әкеткенін де жасырмады.
– Кәсіп бастамай тұрып, қандай тауармен айналысуды шешіп алу өте маңызды. Әртүрлі дүниені сатамын деп кіріс-шығыс көзін есептей алмай, шатасуыңыз мүмкін. Сондықтан, бастапқыда белгілі бір сомаға есептеп, өзіңіз қалаған, нарықта сұраныста бар деген тауарды алып, сатып көріңіз. Қолыңыздан келсе, келесіде екі есеге көбейтіп алуыңызға болады. Ал егер алғашқысы да өтпеген жағдайда, келесі басқа зат сатып алуға ақшаңызды үнемдейтін боласыз. Дегенмен, сіз қандай зат әкеліп сатсаңыз да, 99 пайыз сол затты сататындар алдыңыздан кездеседі. Сондықтан, бастапқыда суға түскен шабақты жұтатын акулалардың болатынын білген жөн, – деді ол.
Қазір саудадағы бәсекелестік өте күшті. Үстіне бірнеше есе қосып сататын заман баяғыда өтіп кеткен. Иә, бұл онлайн бизнестің дамығанынан десек те болады. Базардағы саудагерлер де қазір амал жоқ, тауардың үстінен тиын қосып сата беретін болған. Сол себепті, бұл заттың Қытайдағы бағасы басқа, мұны бізге пәлен бағаға сатады деген қаңқу сөзге сенудің қажеті шамалы. Ал тағы да басқа неге сенбеуіміз керек?
– Қытайдан «завод» бағасымен тауар алып беремін дегендерге сенуге болмайды. «Завод» бағасымен алу үшін ірі көлемде зат алуыңыз керек болады. Егер осылай ақша үнемдеймін десеңіз, өте қатты қателесуіңіз мүмкін. Сондай-ақ, бір айда саудадан қалай баюды үйретемін деген курстарға да сенудің қажеті шамалы. Себебі, сіз саудамен бір айда миллион теңге табысқа жете алмайсыз. Саудада алғашқы қаржыны тек сауда жолын үйренуге, тәжірибе жинақтауға саласыз. Дегенмен, барлығын үйретіп, көрсететін курстар да жетерлік. Бірақ, ол тренингтердің бағасы қымбаттау болады. Сондықтан, сауда жолын үйренемін десеңіз, жолын білетін жақыныңыздан үйренгеніңіз абзалырақ, – деді Э.Нұрланқызы.
Кәсіптің қандай түрі болса да қыңырлық тұсы, қауіп-қатері болары белгілі. Әрине, кәсіптің барлығы қаражатқа байланысты болғаннан кейін жоспарыңызды дұрыс ойластырмасаңыз, салған ақшаңыз кері қайтпауы бек мүмкін. Сондықтан, қауіптің де қайдан келетінін де сұрағанымыз абзал.
– Саудада көбіне қаражаттан қауіп төнеді. Ақшаны үнемдеу, оны бағалы заттай ұстау маңызды. Себебі саудада барлығы ұтқысы келеді. Тез көтеріліп, баюды қалайды. Сондықтан, тауарды барып алғаннан онлайн тапсырыс берумен ұтатыныңызды білгеніңіз дұрыс. Әрине, онлайн тапсырыс беруде де қауіп-қатер жоқ емес. Десе де, тауарды барып алуды шешсеңіз, қаражатыңыздың тең жартысынан қағыласыз. Бұл – бірінші рет бару кезінде саудагерлермен қалай сөйлесу керек, затты қалай сатып алу керек, білмейсіз деген сөз. Содан бұның барлығы қаражатыңызды жоғалтуға әкеліп соқтырады. Одан кейін ол жаққа барып-келу жолпұлы, тамақ, жатын орын, жүріп-тұру, тауардың келісіне алатын ақшаның қанша болатынынан да бейхабарсыз. Жалпы, бір өзіңізге алғашында затқа бару қауіптірек болады. Ал саудада майланған саудагерлермен барып, не болса да көріп қайтамын десеңіз, үлкен тәжірибемен қайтатыныңыз анық. Сондықтан, көзбен көріп аламын десеңіз де, онлайн үйде отырып тапсырыс беремін десеңіз де, дұрыс шешім, – деді жас кәсіпкер.
Бүгінгі күні алып-сатумен айналысу аса тиімді емес. Қазір ең тиімдісі Қытаймен бизнесті үйреніп алған жұрт жаппай базарда пайдаға кенелуде. Бұның салдарынан алушыдан сатушы көбейіп, одан қалды базарлар ашылып, оған сауда үйлерін қосыңыз. Барлығы сол Қытаймен бизнесін жақсартып алғанның әсерінен. Десек те Бішкек киімдері де нарықта ұсынылып тұр. Осы тұста, Қытай мен Бішкек бизнесін қатар алып, сауданың майталманына айналған саудагерлер де бар екенін айта кетейік.
– Қытайдағы «Қорғас» базарына, Бішкекке барып зат әкелу үйреншікті ісімізге айналды. Қазір жалақыдан бөлек, кәсіп ашып көтерілмесең, артта қала бересің. Сондықтан, екі жақтан да қатынап зат әкеліп сатамыз. Бастапқыда тек саудамен ғана айналысып, кейін Қытай мен Бішкекке өзіміз үлкен автобуспен қатынайтын болдық. Бұл да бір кәсіптің көзі болды. Өңіріміздегі біршама саудагер біздің автобуспен барып, заттарын тиеп келеді. Алғашқы саудасын бастаған жастар да қалыспай барып, қазір сауда үйлерінен орын алып, кәсібін жүргізіп жүр, – деді А.Келдібаева.
ТҮЙІН. Қайдан болса да кәсіп көзінен нәсібін табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Құр отырмай, кәсіп етейін дегендерге тиімді тұсы осы Қытаймен сауда-саттық екені белгілі. Ал кәсібін енді бастағысы келетін жандар кәсіпкер айтқан кеңеске жүгінгендері жөн.
О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!