Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Биылғы бидайдың 93%-ы – азық-түлікке жарамды

09.09.2026, 14:50 44

Қазақстанда биылғы бидай түсімінің сапасы жоғары. 9 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елде 9,6 млн гектар дәнді дақыл жиналып, 13,5 млн тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрады.

Қазір лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 2,83 млн тонна астық түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бес еседен көп. Былтыр дәл осы уақытта қабылданған астық көлемі 552,7 мың тонна болған.

Зертханалық тексеру нәтижесінде қабылданған жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түлік санатына жатқызылған. Оның 75%-ы – үшінші, 18%-ы – төртінші сыныпты бидай. Ал бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын астықтың үлесі 7%.

Сонымен қатар зерттелген бидайдың 51%-ында клейковина мөлшері 28%-дан жоғары болған. Бұл жаңа өнімнің нан және ұн өндірісіне жарамдылығы жоғары екенін көрсетеді.

Үкіметтің мәліметінше, мұндай көрсеткіш ішкі нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етуге және қазақстандық астықтың экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Астық жинау науқаны әлі де жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлермен бірлесіп егіннің жиналуы, қабылдануы, сақталуы және сапасын тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: