Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашытқысыз нан өнімдеріне сұраныс жоғары

25.05.2023, 9:20 1084

Елімізде жаңадан іс бастаймын деген кәсіпкерлерге мемлекет қайтарымсыз гранттарды тағайындап келеді. Иә, «Бизнестің жол картасы 2021-2025» бағдарламасы арқылы қала­мызда түрлі жастағы кәсіпкерлер бизнес бастап, бүгінде жастар арасында 310 адам кәсіпті қолға алса, 504 грант әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. Ал биыл 380 адамға грант беру көзделіп, оның 1-ші кезең қорытын­дысы бойынша 95 адамға беріліп, кәсібін өркен­детуде. Осындай кәсіп бастауға жолы ашылған жанның бірі – Сымбат Дулыбаева. «Бизнестің жол картасы 2021-2025» бағдарламасын құрбысынан естіген ол өз балалары үшін тәуекел етіп, құжаттарын тапсырып көрген. Қатысушылар саны көп болғанын айтып, уайымдағанын жасырмаған Сымбаттың жолы болып, алған қаржыға қала орталығынан ашытқысыз нан өнімдері мен глютенсіз, қантсыз  тәттілерді  шығаратын  наубайхана  ашқан.

– Ашытқысыз нан өнімдері және пайдалы тәттілер шығаруға өзімнің балаларымның денсаулы­ғы түрткі болды. Олар 1,5 жасқа толғанда жиі ауырып қалуды бастады. Ашып айтқанда жөтелден көз ашпадық. Қаламыздағы барлық емханалардың табалдырығын тоздырып, дәрігерлер айтқан емдерді үздіксіз алып отырдық. Бірақ онысы еш нәтиже бермей, араға 1-2 апта салып қайта ауыра бастайтын. Сол кезде дәрігерлердің жазып берген антибиотиктерін бергенде жүрегім ауырып, өз балаларымды өзім улап жатқандай сезінетінмін. Осыдан барып балаларымның тамақтануын қолға ала бас­тадым. Интернетте қазір не­нің пайдалы, ненің зиянды екенін ашсаңыз болды, сақадай сай етіп айтып береді. Осылайша күнделікті тұтынатын нанның артық қоспаларсыз, пайдалы түрін жасауды қолға алдым. Ашытқы қоспай, таби­ғи салқын ферментация­мен үйден нан ашытып бастаған бастамамның жалғасы қантсыз, глютенсіз тәттілер шығарумен ұлас­ты. Пайдалы тамақ­тануға көшкелі балалардың жиі ауыратыны азайды. Содан осы жұмысымды басқа адамдарға да пайдасы болсын деп ұсына бастадым, – деді Сымбат  Мұханбет­рахымқызы.

Ол грант алмас бұрын шағын кәсіп ретінде бастаған жобасын кеңейту үшін қаржылай қолдау керек екенін түсініп, осы бағдарламаға қатысады. Содан қажетті пештер, қамыр айналдыратын миксерлерге қаражат жетпей жүргенде бұл грант үлкен септігін тигізеді. Оның айтуынша, грант қаржысы кәсіп ашу үшін үлкен сома болмаса да, біраз құрал-жабдықты  алуға жетіпті. Бірақ алдағы уақытта бұл берілетін қаражаттың көлемі көтерілсе, кез  келген отбасы өздерін толық қамти алатын кәсіп  ашады  деп  ойлаймын.

– Бұл кәсіпті ашу қиынға соқпады. Себебі нан пісіруді, асүйге жақын болуды марқұм әжем мен анамнан үйренгенмін. Кішкентайы­мыздан үйде тек қолдың нанын істеп, жеп өскеннен кейін бұл істі алып кету аса әбігерге салмады. Кәсібімнің негізгі атауы – «Айна­лайын». Бұл атаудың да мен үшін өзіндік орны, ерекшелігі бар. Жолдасымның әкесі, яғни қа­йын атам немерелері жиі ауырып қалып жүргенде «айналайын деп айта бер» деген еді. Осы кәсіпке атау қояр кезде де сол сөзі ойыма сап ете қалды. Осылайша қазақтың әр баласын айналайын деп еркелететін ата-әжелеріміздің жиі қолданатын сөзін өзіміздің кәсібімізге иелен­дік, – дейді  кәсіпкер.

Иә, қазіргі таңда кәсібінің атауы біраз жерге танымал болып үлгерген кәсіпкердің қол астында 6 қызметкер жұмыс істейді. Қаламыз­дағы танымал кофеханалар және мектеп асха­наларынан табылатын бұл тәтті нандарды өте білікті, өз ісіне жауапкершілігі жоғары маман­дар әзірлейді екен. Сондықтан, «берілетін тапсырыс көңілімізден шығады» дейді кәсіпкер. Дегенмен, наубайхана әлі үлкейтуді талап етіп, жетіспеушіліктер  байқалатынын да айта  кетті.

– Аз-маз қаражатпен және осы мемлекеттің қолдауымен бастама алған кәсіп болған соң алдағы уақытта аз пайыздық несие алып, нан цехымызды дамытуды қарастырудамыз. Дәл қала орталығынан ашылғымыз келеді. Сұраныс жоғары, өнімдерге деген жақсы пікірлер жиі айтылады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, мәртебе. Еңбегіміздің зая кетпегені. Және жұмыстағы қызметкерлермен жұмыс істеу – маған үлкен жетістік. Біздің осындай биікке бірге жетуімізге осы кісілердің қосқан үлесі зор, – деді  Сымбат  Дулыбаева.

Сондай-ақ, барлық қолдаған жақындарына алғысын білдіретін кәсіп иесі бұл грантты шынайы ниет пен адал істің арқасында иеленуге болатынын жеткізді. Алдағы уақытта тағы басқа да конкурстарға қатысатынын айт­қан Сымбат Дулыбаева тек ұйымдастырылған бағдарламалардың құжаты көп, талаптары жоғары болатынын жасырмады. Иә, тұтынып жүрген астың кейбірі зиянды деп жүргенімізде қаламызда пайдалы нан пісіру кәсібін қолға алған  кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер:
  • Мен цйде кәдімге қи-тезек жағып нан салып отырмын.Бір салғанда 19 болке саламын.Шамалы табыс.Осыны әрі карай дамытқым келеді.Маған кеңестеріңіз ауыз көмектеріңіз керек.Калыптаған нанның грамын каншадан олшеп салуым керек.Т.б кенестеріңйз керек.Өтйніш

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: