Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болашағы бар бизнес

25.05.2023, 9:30 664

Соңғы жылдары өңірде өндіріс саласы әжептәуір дамып келеді. Түрлі шикізат, тұрмысқа қажетті дүние­лерді жасау бойынша аймақтағы бірнеше кәсіпкер өз өнімін өзге қала тұрмақ, сырт мемлекеттерге де жіберіп жатыр. Өңдеу өнеркәсібін жақында бастаған жандардың қата­рында Бауыржан Қамзаев та бар. Ол – Қызылорда бойынша жасанды мәрмәр тастан раковина жасап, сатылымға шығарып жүрген жалғыз кәсіпкер. Бауыржан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 5 млн теңге грант алып, осы жұмыс­ты жандандырып келеді. «NOMAD» брендімен тұрмысқа қажет раковина жасап жүрген кәсіпкер осы кәсіпті алғашында Шымкент қаласындағы цехтардың  бірінен  үйреніп  келіпті.

– Шымкент қаласында раковиналар жасайтын үлкен цех бар. Сонда туысым жұмыс істейді. Ең алғаш сол арқылы біліп, осы бизнесті бастасам деген ойда жүрдім. Өткен жылдың қазан айында істеп жүрген жұмысымнан шығып, Шымкентке бардым. Осылай 2,5 млн теңгеге осы кәсіп түрін оқып, машықтандым. Оның ішінде тек раковина жасауды ғана емес, оны құятын қалып жасауды да меңгеріп шықтым. Осылай өңірге келіп, бизнес жоспар дайындап, желтоқсан айында 5 млн теңге грант жеңіп алдым. Қазір Құдайға шүкір, 5 айдың жүзі болды, осы жұмысты дөңгелетіп жүрмін, – деді  кәсіпкер.

Кез келген ісі бастау үшін адамның алдында мақсат тұрады. Кәсіп иесінен бұл бизнесті бастауға не түрткі болғанын сұрағанымызда, тұңғышының мектеп бітіретін уақытының жақындағаны әрі оқуының жайы алаңдатқанын айтты. Солай, «көзді жұмып», осы салаға келіпті. Ата-анасы мен жұбайы, жақындары бірден  қолдаған  екен.

Жалпы, жұмыстың оңайы жоқ. Бұл кәсіптің де қиындығы жетерлік. Негізінен, раковина жасауға қажет қоспалардың кейбірі өңірден де табылады. Оған Арал ауданы Шөміш ауылы маңынан шығатын кварц құмы, сондай-ақ кальцит, сұйық шайыр (смола), мәрмәр ұнтағы, гелькоат және түрлі түс беретін пигменттер кіреді. Осыларды өз заңдылығымен араластыра отырып, түрлі формадағы қалыпқа құяды. Нәтижесінде өзіміздің күнделікті тұрмыста қолданып жүрген раковиналар  дайын.

Айтылғанда 1 өнімді жасауға 10-15 минут ғана кететін секілді көрінге­німен, бір күнде 8-10 раковина дайын болады. Кәсіп иесінен осы дүниелердің қалай жасалатынын сұрап көрген едік, машақаты көп тірліктің жасалуы үшін қалыпты керекті түстермен лактеп қою керектігін айтты. 2 сағат кебу процесінен өткен қалыпқа жоғарыда айтылған қоспалардан жасалған сұйықтықты (растворды) құяды. Оның өзі кемінде 2 сағат қалыпта кебуі керек. Одан шыққан соң, тағы бір аппарат арқылы раковинаның жиек-жиегін тегістеп, тазартып, ыстық сумен бір жуып алу керек. Сосын арнайы тап­сырыспен жасалған қорапқа орна­ластыру жұмысы ғана қалады. Кәсіпкер қаптаманың сыртына «Қазақ­станда жасалған» белгішесі мен Қызылорда қаласынан өндіріліп жатқан өнім екенін көрсеткен. Әрі әлеуметтік желідегі парақшаларына сілтеме де орналастырған. Тікелей зауыттан жасалған қораптың өзіне 1 алғанда 1 млн теңгедей қаражат кетіпті. Әрбір қоспаны сырттан алдыру да оңай дүние емес. Тонналап есептелген дүние блған соң, миллион­дап ақша жұмсалады. Істің ебін табу деген қиын болса, оны ары қарай  жүргізіп кету – одан да қиын дүние.

Айтпақшы, раковиналардың ба­ғасы   21  мың   теңгеден   басталып,  44-45 мың теңгеге дейін барады. Ол көлеміне қарай. Дәл қазіргі уақытта барлық дүниеге жеңілдік науқаны жүріп жатыр. Яғни, әрбір өнімді тікелей өндіріс орнынан 10-15 пайыз­ға де­йін төмен, қолжетімді бағада ала аласыз. Ал дәл осы дүние­лерді тұрмыстық дүкеннен 30 пайыз­ға қымбат кө­р­уіңіз мүмкін. Сол үшін Бауыржан Қамзаев алдағы уақытта раковиналарды үйінің алдынан шағын қойма ашып, тұрғындарға қолжетімді бағада сатқысы келеді. Бұдан басқа, шағын цехты да үйінің жанына көшіру жоспарда бар екенін жеткізді.

– Дәл қазір цех жұмысын жалға алынған екі бөлмелі үйде жүргізіп жатырмын. Алдағы уақытта тағы да түрлі бағдарламаға қатысып, бизнес­ті ұлғайту бойынша өндіріс орнын кеңей­тіп, үйімнің жанындағы бос орынға үлкен қоршау көтеріп, ендігіде сол жақта жалғастыру ойда бар. Осы дүниелерге үкіметтен қолдау болса екен деймін. Негізі, мемлекет жастарға жағдай жасамай жатыр емес, жасап жатыр. Тек оны бағалай білу керек. Тірліктің түбіне түсемін дейтіндер аз, бірақ, жұмыс істеймін десең, біздің елде мол мүмкіндік қарас­тырылған. Өзім оған куәмін, – деді Бауыр­жан  Жаңбыршыұлы.

Қазірде Бауыржан тапсырыспен ғана жұмыс істеп жатыр. Қала ішінде 6-7 тұрмыстық техника мен жиһаздар сататын дүкен бүгінде осы раковиналарды алып, сатылымға шығаруда. Бұған дейін өзге қаладан 200 өнімге тапсырыс түсіпті. Бірақ, кәсіпкер одан бас тартқан. Өйткені, осынша раковинаны жасау үшін алынатын заттардың шығыны түсетін табыс­тан сәл-ақ кем. Бүгінде бәсекелес­тің жоқтығы қымбатшылықты баса алмай тұр. Сондықтан, осы салада басқа да өнім өндірушілердің болғаны жақсы. Біріншіден, сапаны дұрыс­тауға көмек болса, екіншіден, баға  тұрақталады.

Егер,  өндіріс   орнын   кеңейтуге  қолдау жасалса, кәсіпкер алдағы уақытта тек раковиналар ғана емес, көлікке қажетті құралдар, ванналар, үлкен көлемдегі себезгілер жасауды қолға алады. Ол кезде ішкі  өнімді қанағаттан­дыру­мен қатар, сыртқы мемлекеттерге де экспорттауға мүмкіндік бар. Ойда тұрғанды іске асыруға тек қаражат қажет. Дана халқымыздың «боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бір ауыз сөзі біздің айтқымыз келген дүниені бірден ұғындырады. Сол үшін қаражатты қажетті дүниелерге пайдаланғанымыз абзал.

«Кәсіпкерлік қолдағанда көркейеді» демекші, демеу жасау арқылы өз сапамызды тұрақтап, өнімдердің санын арттырамыз. Импорттық тауарларды өзге мемлекеттерден тасымалдау деңгейі азаяды. Әрі жиынтық ішкі өнімнің де көлемі көңіл қуантарлық қатарға көтеріледі. Бұл кезде мемлекеттік кіріс те, кәсіпкердің сатылымы да ешкімді алаңдатпайды.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: