Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топ-10: ӘЛЕМНІҢ БАЙ ЕЛДЕРІНІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІГІ

08.12.2022, 11:40 265

«Халық» газетінің №46 (1156) нөмірінде «Кедейліктің себебі һәм салдары» атты мақалада әлемнің кедей елдеріндегі ортақ құбылыс – жемқорлық пен соғыстың салдарынан халқы сорлап отырғанын жазған едік. Бұл жолы жер бетіндегі жұмақ мекендер туралы тоқталуды жөн көрдік.

Әлемде 195 тәуелсіз мемлекет бар. Бұл елдердің халқы асып-тасып өмір сүреді деп айта алмаймыз. Алайда заманауи технология арқылы өнімділікті арттырып, соның салдарынан экспорт көлемі артып, жалпы ішкі өнімі жоғары 10 мемлекет бар. Олардың дамудағы  негізгі  ерекшелігін  саралаймыз.

Люксембург – әлемнің қаржылық орталығы.

Люксембург Ұлы Герцогтігі деп аталатын ел Еуропаның батысында орналасқан. Бұл оффшорлық аймақ болғандықтан, Люксембург экономикасына үлкен инвестиция салумен сипатталады.

Люксембург – халықаралық трансұлттық ұйым­дар мен компаниялардың тіркелуін құптайтын Еуропадағы ең ірі қаржы және туристік орталық. Мұнда екі жүзден астам банк мекемесі мен мыңнан астам инвестициялық қор тіркелді.

ЖІӨ-нің негізгі бөлігі қызмет көрсетуден, қаржыдан және саудадан түскен кірістен тұрады. Сондай-ақ, металлургия, болат балқыту, химия өндірісі, ағаш өңдеу және тағы басқасы қарқынды дамығанын айту керек. Люксембург – шо­йын экспортт­аушы негізгі елдің бірі. Экспорттық түсімнің басым бөлігі ЖІӨ құрайды, ол 140 694 АҚШ  долларына  тең.

Сингапур нарық жүйесімен танымал.

Ел экономикасы тұрмыстық техника, электроника, фармацевтикалық өнімдер мен қаржылық қызметтер экспортына құрылған.

Сингапурдың Singapore Airlines деп аталатын жеке авиакомпаниясы бар, ол жыл сайын мемлекеттік бюджетке айтарлықтай кіріс әкеледі.

1965 жылы Сингапур Малайзиядан бөлі­ніп шығып, алғашқы жылдары ауызсудың тапшылы­ғын бастан кешірді. Сол жылдары ЖІӨ 320 АҚШ долларынан аз дамыған ел болды.

Жаһандануды, еркін нарықтық капитализмді, білім беруді және қатаң прагматикалық саясаттарды қолдана отырып, ел өзінің географиялық кемшіліктерін жеңе алды және жаһандық саудада көшбасшы болды.

Сингапур үкіметі биотехнология, энергетика саласына инвестиция тартып, елде жемқорлықты құрықтап, табысқа жетті. Бүгінде Азиядағы ең бай ел саналады. ЖІӨ 131 580 АҚШ долларын құ­райды.

Ирландия – берекелі  ел.

1,5 миллионға жуық халқы бар Ирландия өнеркәсіптік және аграрлық ел саналады.

Соңғы жылдары электроника, мультимедия­лық және ақпараттық технологиялар, фармацев­тика және медицинаға арналған құрал-жабдық­тарды өндіруде ілгерілеушілік байқалады.

Машина жасау және электр энергетикасы, сондай-ақ, шыны, тоқыма, тамақ, химия, тігін өнеркәсібі  қалыпты  дамыған.

2015 жылы  бұл  ел ЖІӨ бұрын-соңды  болмаған өсімімен әлем сарапшыларын таң қалдырып, 10 бай  елдің  қатарына  енді.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ 124 596 АҚШ долларын  құрайды.

Катар:  мұнайлы  елден – туристік  орталыққа.

Катар – Араб түбегінде орналасқан шағын мемлекет. Астанасы – Доха.  Бір  ғасыр  бұрын  Катар  кедей  елдің  бірі  болды.

1940 жылы мемлекет аумағында мұнай өндіру басталды. Мұнай экспорттаушы Катар бірнеше онжылдықта жалпы ішкі өнім бойынша әлемдегі ең бай ел болды.

Мемлекет газ қоры бойынша әлемдік рейтинг­те 3-орында, сонымен қатар осы пайдалы қаз­баның 6-шы ірі экспорттаушысы болып табылады. Газ қоры бойынша Катар Ресей Федерациясы мен Ираннан кейінгі орында тұр.

Статистикаға сәйкес, Катар қара алтынды экспорт­таушылар  рейтингінде  21-орында  екен.

Бұл елдің экономикасы мұнай мен газ өндіруге негізделген. Пайдалы қазбаларды өндіру жалпы ішкі өнімнің 55 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, тау-кен өндіруден түсетін пайда мемлекет  бюджетінің  70  пайызын  құрайды.

Мұнайға тәуелділікті жою мақсатында инфра­құрылымын дамыту арқылы туристік орталыққа айналды, болат өнеркәсібі, тыңайтқыш және цеме­нт  өндірісін  дамытуда.

2022 жылы футболдан өтетін Әлем чемпионатын қабылдаған ел. Демек Катар билігінің турис­тік орталық болуға ұмтылуы іске асып келе жатқан өміршең  жоба  деуге  болады.

Катардың ЖІӨ деңгейі 112 789 АҚШ долларына  тең.

Макао: казино табыстың ошағына айналды.

Португалияның бұрынғы колониясы соңғы 20 жылда таңғаларлық деңгейде дамыды. Қытай Халық Республикасының Арнайы әкімшілік аймағын­да 600 мыңнан асатын халқы және шамамен 30 шаршы шақырым құрайтын 40-тан астам казино бар. Осы казино бизнесі ақша табудың ошағына  айналды.

Ковид-19 басталған кезде әлем бойынша сая­хат тоқтап, біраз уақытқа дейін Макао тіпті ең бай 10 елдің рейтингінен де түсіп қалды. Бүгінгі күні Макао – тізімдегі жан басына шаққандағы сатып алу қабілеті пандемия басталғанға дейінгіден төмен, 2019 жылы шамамен 125,000 долларға, бүгін­де 40,000 долларға төмендеген жалғыз ел.

Макао осы уақытқа дейін материктік Қытай­дан, Гонконгтан және Тайваньнан келетін турис­тер­ге  сенді.

2022  жылы Макаоның ЖІӨ 85 611 АҚШ долларын құрайды.

Швейцария – туризмі тұрақты дамыған ел.

Швейцария Конфедерациясы – экономикасы мықты, тұрақты мемлекеттердің бірі. Ел бұл жағдайға ұзақмерзімді ақша-несиелік қауіпсіздік саясатының арқасында қол жеткізді. Конфедера­ция шетелден инвесторларды тартатын банк жүйесі­мен  де  танымал.

Бұл елде банктік құпия ұғымы әлемнің басқа елдеріне қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған. Өз жинағын Швейцария банктеріне сеніп тапсыру арқылы салымшылар өз капиталына алаңдамайды. Банктер ақша қаражаты мен ақша құралының толық сақталуына кепілдік береді, сондай-ақ осы капиталды қалыптастырудың нақты көзін құпия сақтайды.

Швейцария Конфедерациясы – шағын мемлекет, сондықтан оның негізгі өнеркәсібі алтын өнді­ру, тазарту және өңдеу, машина жасау, тоқыма, жоғары технологиялық және фармацевтика саласында  шоғырланған.

Конфедерация жоғары дамыған туризмнің арқасында әлемнің ең бай елдерінің тізіміне енді. Шаңғы курорттары мен тарихи көрнекті орын­дардың көптігі жыл сайын туристерді тартады, олардан түсетін кіріс Швейцария мемлекеттік бюджетінің 70 пайызын құрайды. ЖІӨ 84 658 АҚШ  долларын  құрайды.

БАӘ: әрбір оныншы тұрғыны – миллионер.

1950 жылдарға дейін БАӘ елеусіз елдің бірі болды. Бұл балық аулаумен, інжу-маржан аулаумен айналысатын кедей мемлекет еді. 1962 жылы мұнай экспорттай бастады. 1973 жылы мұнай құны­ның қымбаттауымен «байи» бастады. Мұнай өнімдерінің басым бөлігі Жапонияға, Батыс Еуропаға және Америкаға жөнелтіледі.

Біріккен Араб Әмірліктері 25 жылдың ішінде мұнай мен туризм саласын дамыта алды. Бүгін­де жоғары сапалы қызметпен, сондай-ақ сауда жасау­ға арналған көптеген әлемдік брендтік дүкен­дерімен, сұранысқа ие курорттық аймақтары­мен  танымал.

Статистикаға сәйкес, бұл елдің әрбір оныншы тұрғыны – миллионер. ЖІӨ туризм мен мұнай өнеркәсібінен түскен кірістің арқасында қалып­тасып, 78 225  АҚШ  долларына тең.

Норвегия – Скандинавия түбегіндегі қуатты ел.

Норвегия Корольдігі табиғи газ өндіруге маманданған. 1971 жылы газ өнеркәсібі басталды. Газдан басқа елде мұнай да өндіріледі, оның кірісі Норвегияның мемлекеттік бюджетінің 30 пайызын  құрайды.

Норвегия ең бай елдердің тізіміне қара алтын өндірудің арқасында ғана кірді. Елде ағаш өңдеу саласы  белсенді дамып  келеді. Темір, магний, титан,  алюминий экспорттаушы ел болып табылады.

Норвегияның қомақты табысы балық өндіру мен өңдеуден келеді. Бұл елдің ЖІӨ 77 808 АҚШ долларын  құрайды.

Бруней сұлтандығындағы серпілістің сыры.

Ресми түрде бұл мемлекет Бруней-Даруссалам деп аталады. Бұл ел сұлтандық, яғни қорғаныс министрі, дін басшысы және үкімет басшысы бір адам – Сұлтан. Дәстүр бойынша үкіметтегі барлық қызметті Сұлтанның туыстары атқарады.

Бруней – Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауым­дастығы және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Брунейдің барлық дерлік экономикасы мұнай мен сұйытылған газды өндіру мен экспорттауға  негізделген.

2008 жылы ел экономикалық дағдарысқа ұшыра­ды. Өндіріс көлемі күрт төмендеді, бірақ 2010 жылы Бруней үкіметі жағдайды тұрақтан­дыра алды. Сұлтандық метанол өндіретін зауыт ашу  туралы  шешім  қабылдады.

Брунейдегі ЖІӨ деңгейі жылына 74 953 АҚШ долларын құрайды.

Сан-Марино – мемлекет ішіндегі мемлекет.

Сан-Марино Республикасы туралы осылай деуге болады. Өйткені бұл ел Италиямен қоршалған және түбектің Апеннин тауларының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ел аумағы небәрі 61 шаршы шақырымды құрайды, ал халық саны – 30 000 адам. Бұл – әлемдегі ең кішкентай және ең бай елдердің бірі. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің үлесі 70 139 долларды құрайды.

Елдің байлығы негізінен экономикалық тұрақтылықпен, әлемдегі жұмыссыздық деңгейі­нің ең төмендігімен, мемлекеттік қарыздың жоқтығымен және мемлекеттік бюджеттің оң сальдосымен  байланысты.

Жыл сайын елге екі миллионнан астам турист келеді.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

арнайы  «Халық»  газеті  үшін

P.S. Әлемнің бай-қуатты елдерінің тыныс-тіршілігін саралағанда, бірінші кезекте адами капитал шешуші рөлге ие екенін көреміз. Сосын табиғи ресурстарды халықтың игілігіне жаратып отырғанын білеміз. Бастасы, жемқорлық тәуекелі төмен әрі саяси тұрғыда тұрақты елдер саналады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: