Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Самурайлар оянды

22.12.2022, 11:20 215

Жапония  билігі екінші жаһан соғысынан кейін қайта ел қорғанысын күшейту туралы жоспарды қарастырып, бекітті. Соғыс аяқталғаннан кейін, Жапония қарулы күштерін азайтып, шабуыл жасайтын қару түрлерінен бас тартып, АҚШ бақылауындағы қорғаныс күштерін құрған болатын. Жаңа жоспарда бірқатар өзгеріс бар.

Жаңа әскери қорғаныс жоспарында қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны екі есеге арттыру, қарулы күштерді заманауи қарумен қамтамасыз ету және басқыншылық жасауы мүмкін тарапқа жойқын соққы беру мүмкіндіктері жазылған. Токио әлемнің милитаристік саясатқа қадам басқанын көріп, біліп, сезіп отыр. Самурайлар пацифизмнің келмеске кеткенін де біледі.

Жапония өзінің әскери жоспарын Солтүстік Кореяның зымыран сынақтарын жиілетіп жіберуі және Қытайдың әскери күшін арттыруына байланысты өзгерткенін жасырмайды. Жұма күні ел премьері Фумио Кисида жапон халқына телеарналар арқылы үндеу жасады. Маңызды үш құжат қабылданғанын айтты. Ұлттық қауіпсіздік бойынша стратегия, Ұлттық қорғаныс бойынша стратегия және Қорғаныс күштерін дамыту туралы жоспар. Қабылданған үш құжаттың да қорғаныс саласына тікелей қатысы барын көріп отырмыз. Самурайлар геосаяси қақтығыстардың ушығуына байланысты болуы ықтимал қарулы қақтығыстарға дайындықты күшейту үстінде.

Токио жаңа стратегиясында қарсыластың аумағына қарсы соққы беруді қарастыратынын айтты. Демек, Жапония шабуыл жасауға мүмкіндік беретін жаңа қару түрлерін, зымырандар мен авиация, соққы жасаушы дрондар мен арнайы жасақты қарсылас аумағына жеткізуге мүмкіндік беретін кемелер санын арттыратын болады. Генерал Тосимити Нагаяву: «Украина соғысына қарап, үнемі ауқымды қақтығыстарға дайын болу керектігін түсіндік. Біз реформаны тым кеш бастап жатырмыз, өзгелерден екі есе артта келеміз, алайда жылдамдықты арттырып, оларды қуып жетуіміз қажет», – дейді.

Жапония алдағы бес жылда қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны екі еселеп, оны ЖІӨ-нің 2 пайызына жеткізуді ойлап отыр. Осылайша Жапония қорғаныс саласына қаржы бөлу көрсеткіші бойынша АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші орынға жайғаспақ. Токио АҚШ-тан алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды сатып алады. Қару саласында отандық өндірісті дамыту жоспарын бекітіп, соққы жасаушы дрондар мен барлау дрондары, танктер мен ұшақтарды жасауды жылдамдатпақ. Бұл жұмысқа әйгілі автоконцерндерді де тарту көзделген.

Жапония жаңа қабылданған құжатта Қытай мен Ресейді стратегиялық серіктес статусынан шығарып тастады. 2013 жылы қабылданған жоспарда Бейжің мен Мәскеу Токио үшін «стратегиялық серіктес» деп көрсетілген еді. Жапония халқы 125 млн болса да, әскері айтарлықтай көп емес және қорғаныс саласындағы ақпараттар аса құпия сақталады. Кей деректер Жапонияда 200-600 мың арасында әскер барын айтады, ал сарапшылар ауқымды соғыс жағдайында Жапония 8 миллионға жуық адамды әскерге шақыру мүмкіндігіне ие дейді.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: