Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзбек парламенті Конституциядағы Қарақалпақстан статусы жайлы баптар өзгермейтінін растады

04.07.2022, 15:05 149

HALYQLINE.KZ

Өзбекстан парламенті (Олий Мажлис) 4 шілдеде ел Конституциясындағы Қарақалпақстан республикасына қатысты баптар өзгеріссіз қалады деп шешім қабылдады.

Осылайша Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы 2 шілдеде ел президенті Шавкат Мирзияевтің айтқанын ресми түрде мақұлдады.

Ресми Ташкент Конституцияға өзгеріс енгізіп, Қарақалпақстан республикасын «егемен» статусынан және Өзбекстаннан бөліну құқығынан айырмақ болған еді. Кейін Қарақалпақстанда жұрт бұл өзгеріске қарсы жаппай наразылыққа шығып, қарулы күштер жұртқа қарсы күш қолданды.

Өзбекстан президенті Мирзияев 2 шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нөкіске барып, Конституциядағы Қарақалпақстанға қатысты баптар өзгермейтінін мәлімдеді. Бұған қоса, Мирзияев Қарақалпақстандағы наразылық кезінде тұрғындар мен күштік құрылымдар арасында қаза тапқандар барын мойындап, бірақ қанша адам қаза болғанын айтпады.

Өзбекстан президенті Қарақалпақстанда 2 тамызға дейін төтенше жағдай және комендант сағатын (21.00 – 07.00) енгізді. Өзбекстан ұлттық гвардиясы Қарақалпақстан жұрты мен қонақтарды «бет алды» көшеге шықпауға шақырды.

Ұлттық гвардияның баспасөз хатшысы Даврон Жуманазаров «Қарақалпақстанға президент келіп кеткен соң аймақта жағдай тұрақталғанын, тіршілік қалыпқа түсіп келе жатқанын» айтты.

4 шілдеде Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мирзияевтің телефон арқылы сөйлесіп, Тоқаев «Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін уақтылы шешім қабылдағанын атап өткен».

Қарақалпақстан – Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республика. Мұнда екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақстан республикасы 1925 жылы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ CCР құрамында болады. 1936 жылы Өзбек ССР құрамына қосылған.

1990 жылы 14 желтоқсанда Өзбек ССР құрамындағы Қарақалпақ автономды республикасының парламенті толық тәуелсіздік алу жөнінде декларация қабылдаған. Алайда 1993 жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстан келісімге қол қойып, Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болады деп келіскен.

Келісімде Қарақалпақстан Өзбекстан құрамынан референдум арқылы шығу құқығы қарастырылған еді. 2013 жылы бұл келісімнің уақыты біткен, ал уәде қағаз күйінде қалды. Қазір Қарақалпақстанның тәуелсіздігі жайлы айтып жүрген «Алға, Қарқалпақстан» қозғалысының мүшелері Өзбекстандағы қысымнан соң шетелге кеткен.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: