Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Катардағы зауытта жарылыс болып, 54 адам зардап шекті

22.06.2026, 10:20 58

Катардың Рас-Лаффан өнеркәсіптік қаласындағы газ кәсіпорнында жарылыс болып, 54 адам жарақат алды, деп хабарлайды halyqline.kz.

Соңғы деректерге сүйенсек, тағы 18 адам әзірге хабарсыз кеткендер қатарында тұр. Қайғылы оқиға 21 маусым күні кешке Рас-Лаффан қаласында тіркелді. Дәл осы жерде Катардың табиғи газ тиейтін басты экспорттық терминалы орналасқан.

QatarEnergy компаниясы оқиға газбен жабдықтайтын Барзан кәсіпорнында өндірісті іске қосу сәтінде болғанын растады. Жарылыстан кейін өрт шыққан, бірақ жедел қызметтер оны қазірдің өзінде ауыздықтап үлгерген. Компанияның мәлімдеуінше, оқиғадан туындаған ешбір газ сыртқа шықпаған әрі ол халық қауіпсіздігіне қатер төндірмейді.

Катар Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жарылыс техникалық ақаудан болған.

Нысан орналасқан Рас-Лаффан бұған дейін Иран тарапынан соққыға ұшырап, бірнеше апта бойы жабық тұрған еді. Жарылыс дәл жұмысшылар зауыттың жұмысын қайта бастауға тырысқан сәтте орын алды. Катар Ормуз бұғазындағы шиеленіске байланысты өнімін тұтынушыларға жеткізе алмай, біраз уақыт өндірісін тоқтатуға мәжбүр болған. Соңғы кездері Иранның бұғаздағы қысымы бәсеңдеп, тараптар арасында келіссөз жүріп жатқан тұста Катар экспорттық терминалын қайта іске қосуға кіріскен болатын.

Бұл оқиға әлемдік энергетика нарығына да әсер етуі мүмкін, өйткені Катар табиғи газ өндіруде дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналады. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайын анықтау жөніндегі тергеу мен ден қою жұмыстары жалғасып жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: