АҚШ пен Иран өкілдері осы аптада келіссөз үстеліне қайта оралуы ықтимал. Reuters агенттігінің жазуынша, тараптардың Исламабадта тағы бір мәрте кездесуі мүмкін екені айтылып отыр. Әзірге нақты күн ресми түрде жарияланған жоқ, алайда Пәкістан тарапы келіссөзді қайта жалғастыруға байланысты ұсынысты Вашингтон мен Тегеранға жолдаған.
Еске салсақ, 13 сәуірде Исламабадта өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер нақты нәтижесіз аяқталған болатын. Соған қарамастан, тараптар диалог мүмкіндігін толық жоққа шығармай, келіссөзді жалғастыруға мүдделі екенін аңғартты. Reuters бұл кездесуді 1979 жылғы Иран революциясынан бергі ең жоғары деңгейдегі тікелей байланыстардың бірі деп бағалады.
Келіссөздердегі негізгі қайшылық Иранның ядролық бағдарламасына қатысты болып отыр. Reuters мәліметінше, Вашингтон Иранның ядролық қаруға қол жеткізбеуін басты шарт ретінде алға тартуда. АҚШ ұстанымы Иранның байытылған материалдардан бас тартуы мен халықаралық бақылауға көнуін көздейді.
Осы арада өңірдегі жағдайдың шиеленісуі де келіссөз барысына әсер етуде. Reuters хабарлауынша, АҚШ Иран порттарына қатысты блокада шараларын күшейтіп, оның ауқымын Оман шығанағы мен Араб теңізіне дейін кеңейткен. Бұған жауап ретінде Тегеранның риторикасы да қатаңдай түсті.
Дегенмен дипломатиялық үміт әлі де сақталып отыр. Пәкістанмен бірге бірқатар аймақтық ойыншылардың шиеленісті бәсеңдетуге мүдделі екені байқалады. Бұл арада Исламабадтың арағайындық рөлі ерекше аталып отыр. Қытай да қазіргі бітімнің “өте осал” екенін айтып, оның бұзылмауына мүдделілік танытты.
Геосаяси ахуал мұнай нарығына да тікелей әсер етті. Reuters дерегінше, жаңа келіссөз болуы мүмкін деген үміт аясында мұнай бағасы төмендеп, Brent маркалы мұнай 100 доллардан төмен түсті. Сарапшылар мұны нарықтағы алаңдаушылықтың уақытша бәсеңдеуімен байланыстырады.
АҚШ пен Иран арасындағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бір жағынан, әскери-саяси қысым күшейіп келеді. Екінші жағынан, екі тарап та келіссөз арнасын толық жаппаған. Алдағы күндері Исламабадта жаңа кездесу өтсе, бұл Таяу Шығыстағы шиеленісті азайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болуы мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!