Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдегі ең үздік қала

08.01.2023, 12:00 371

Италия – төрт жағынан төрт теңіз – Лигур, Адрия, Ион, Тиррен  қоршауға алған ел. Тиррен теңізі мен Амалфи жағалауында әйгілі Позитано деген қалашық орналасқан. Позитаноны құдды бір құзға қашап салған сияқты мекен. Үйлердің бәрі тауда салынған. Бұл ауылда тау да, құз да, теңіз де, жылылық та бар. Бәрін уыстап шаша салғандай. Ал Тиррен теңізіне қайықпен шығып, Позитаноға қарасаңыз, әлгі үйлер тауға өсіп шыққан аппақ гүлдер сияқты. Позитано – Еуропадағы суретке көп түсірілген жердің бірі. Бұл қала шағын, бірақ өте жайлы болып табылады. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген адамдар бұл жерден оның бейбіт атмосферасы  мен таза теңізінен ләззат алу үшін келеді.

⠀Аңыз бойынша Позитаноны Посейдон құдайы Позитей сұлуға ғашық болып, осы қаланы сыйға тартқан деседі. Қаланың атауы да сол Позитейден шыққан. Бұл қаланы 4-ғасырда римдіктер салған, орта ғасырларда бұл қалашық талай рет пираттардың шабуылына ұшыраған. Бір қызығы, 1-ғасырда-ақ бұл қалада тастан қашалған виллалар салынған.

Ал І дүниежүзілік соғыстан кейін орыстың, немістің суретші-жазушылары осы қалаға көшіп келіп, шығармашылықпен айналысқан. ІІ дүниежүзілік соғыста Позитано зардап шекпеген. Сондықтан 1950 жылдары бұл қала танымал тұлғалардың тұрғылықты жеріне айналды.

Қазіргі Позитано – жайлы, шап-шағын әрі тар көшелері мен көптеген баспалдағы бар колоритті қала. Жерорта теңізінің тағамдарынан дәм татып, суға шомылып, көзіңізді сұлулыққа қандырамын десеңіз, осы жаққа тартып тұрыңыз. Позитано көшелері баспалдағы көп қалашықтың бестігіне енеді. Мұнда әрбір қыратқа, үйге, қонақүйге, дүкенге жету үшін бірнеше баспалдақтан өтесіз.

Позитаноға бару үшін алдымен Наполи қаласына жетіп алып, одан әрі автобус я қайықпен Позитаноға келуге болады. Ондағы Тиррен теңізінің суы тұщы екенін де ескеріңіз. Климаты өте жұмсақ елде жыл бойы демалуға болады. Арқасындағы тауы солтүстік желді жауып тұратын курорттық орынның ауа райы үнемі жылы болып тұрады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: