Өткен жылы Қызылорда облысында еңбек заңнамасының сақталуына қатысты жүргізілген тексерулер нәтижесінде 517 жұмыскердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан 278 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзудың 348 дерегі анықталған. Соның ішінде жалақыны уақытылы төлемеу, еңбек жағдайларын сақтамау және ұжымдық шарттардың талаптарын орындамау фактілері кездескен.
– Өткен жылы облыстағы 3 кәсіпорында 5 жұмыскерге қатысты 2,8 млн теңге көлемінде жалақы берешегі анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл қарыз жыл соңына дейін толық өтелді. Қазіргі таңда өңірде кәсіпорындар бойынша ағымдағы немесе ұзақ мерзімді жалақы берешегі тіркелмеген, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар есепті кезеңде 8 кәсіпорында ұжымдық еңбек дауының туындау қаупі байқалған. Наразылықтардың негізгі себептері жалақы мөлшерін арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін кәсіптік зейнетақы жарналарының төленбеуіне байланысты болған.
– Құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жедел әрекет ету шаралары қабылданып, кәсіпорындардағы жағдай тұрақтандырылды. Еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, еңбек заңнамасы талаптары кеңінен түсіндірілді, – деді Бектемір Жұмағұлов.
Брифинг барысында еңбек қатынастары саласын цифрландыру жұмыстарына да ерекше назар аударылғаны айтылды. Қазіргі таңда облыстағы 382 кәсіпорынның штаттық кестелері еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізілген. Оның ішінде 371 мекеме қызметкерлерді тағайындау деректерін толық енгізіп, қамту деңгейі 97 пайызға жеткен.
Бұдан бөлек, өткен жылы 785 кәсіпорынның ұжымдық шарттары цифрландырылып, жоспар 125,2 пайызға орындалған. Ал биылғы қаңтар айында қосымша 26 ұжымдық шарт енгізіліп, көрсеткіш 104 пайызды құрап отыр. Мамандардың айтуынша, атқарылған жұмыстар еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік берген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!