Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Табысын жасыратын заңды тұлғаларға талап күшейтілді

28.01.2026, 15:25 32

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қарсы күресті күшейту қажет екенін айтып, бұл бағыттағы жазаны қатаңдатуды тапсырды. Президенттің айтуынша, әсіресе есірткі бизнесінен түсетін заңсыз табыстарды анықтау және тәркілеу жұмыстары қазіргі талапқа сай жүргізілмей отыр.

Мемлекет басшысы есірткі саудасынан түскен қаражатты тексеру тиімділігінің төмендігіне назар аударып, бұл мәселе ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, қылмыскерлер заңсыз жолмен тапқан табысын тек жеке мүлкі арқылы ғана емес, үшінші тұлғалардың немесе түрлі заңды құрылымдардың атына рәсімдеу арқылы жасырып отыр.

– Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімделген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай қадам қаржылық қылмыстармен күрестің пәрменділігін арттырып қана қоймай, көлеңкелі экономиканың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Президент сондай-ақ қылмыстық табысты заңдастыруға қатысы бар компаниялар мен ұйымдар үшін жауапкершіліктің сөз жүзінде емес, нақты әрі бұлтартпас болуы керектігін жеткізді. Бұл бағыттағы шаралар қылмыстық топтардың қаржылық негізін әлсіретіп, заңсыз айналымнан түскен қаражаттың экономикаға сіңуіне жол бермеуге бағытталмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы қаржылық мониторинг, құқық қорғау және бақылаушы органдардың жұмысын күшейтіп, күмәнді табыстарды жасыру тетіктерін түбегейлі жабуға арналған жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: