Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қылмыс деңгейі төмендеген

27.01.2026, 7:20 47

2025 жылы Қызылорда облысында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Облыстық прокуратура мен полиция департаментінің бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірдегі қылмыстық ахуал айтарлықтай жақсарғаны байқалады.

Қызылорда облысы прокуратурасы заңда белгіленген өкілеттіктер аясында қылмыстың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде 2025 жылы өңірде қылмыстың тіркелуі 2,5 пайызға төмендеген.
Бұл туралы Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров пен Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов мәлімдеді.

— Бұрын сотты болған тұрғындармен жұмысты күшейту мақсатында прокуратура бастамасымен мобильдік топтар құрылып, есепте тұрған 1500-ден астам тұрғынның тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орындары тексерілді. Бұл шаралар жекелеген қылмыс түрлерінің азаюына тікелей әсер етті. Жекелеген қылмыс түрлері бойынша нақты төмендеу байқалады. Аса ауыр қылмыстар 2 пайызға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 4,8 пайызға, онша ауыр емес қылмыстар 3,5 пайызға азайды. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру — 4 пайызға, тонау — 48,6 пайызға, қорқытып алушылық — 18,8 пайызға, ұрлық — 50 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 10,8 пайызға, оның ішінде көшедегі қылмыс 7,7 пайызға азайды, — деді Ризабек Кәрімұлы.

Сонымен қатар меншікке қарсы, әсіресе алаяқтық қылмыстарының алдын алу мәселелері ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу агенттігі, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінде жан-жақты қаралды. Нәтижесінде 289 жәбірленушінің 300 миллион теңгеге жуық несие төлемін уақытша тоқтату бойынша 340 ұсыну енгізіліп, алаяқтық деректері бойынша 406 дроппер анықталды. Келтірілген 2,4 млрд теңге залалдың 1,5 млрд теңгесі өндіріліп, өтелу деңгейі 63 пайызды құрады.
Ал Қызылорда облысы Полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар тың бастамаларды іске асырды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша 10 дана «Sunqar» автоматтандырылған құрылғысы іске қосылып, бейнебақылау жүйелері кеңейтілді.

Өңірдегі жедел жағдайдың тұрақты бақылауда екенін полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов атап өтті.

— Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі 2 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстардың саны азайды. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі республика бойынша 57 болса, облысымызда бұл көрсеткіш 32-ні құрап отыр. Біз қауіпсіз өңірлер қатарындамыз. Сондай-ақ соңғы үш жылда өңірде ұрлық қылмыстары 63 пайызға төмендеп, пәтер және тонау деректері азайған. Мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталған , – деді Серік Жүрсінбайұлы.

Құқық қорғау органдарының бірлескен әрі жүйелі жұмысы Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, тұрғындардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға оң ықпал етіп отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: