Жалағаш – ауылшаруашылық, кәсіпкерлік саласы дамыған аудан. Бүгінде жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы айтарлықтай өскен. Соңғы жылдары жұмыссыздық деңгейі де төмендеген. Өткен жылы аудан үшін ілкімді істерге, нақты нәтижелерге және маңызды жетістіктерге толы болды. Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және экономика салаларын әртараптандыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов баяндады.
– 2025 жылы ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, барлық көрсеткішіміз жоғары деңгейде орындалды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 102,3, өңдеу өнеркәсібі – 108,2, инвестициялар тарту – 101,3, бөлшек сауда – 100,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 100,0, тұрғын үй көлемі – 104,3, құрылыс жұмыстары 115,1 пайызға орындалды. Жыл басында бекітілген бюджет 9,2 млрд теңге көлемінде қалыптасып, жыл көлемінде 9,5 млрд теңгеге нақтыланып, 100,0 пайыз игерілді. Бұл аудан азаматтарының ахуалының айтарлықтай өскенін көрсетеді, – деді аудан әкімі.
Қазіргі уақытта аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағыты жүйелі жолға қойылған. Атап айтар болсақ, аудан бойынша 2 806 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 2 727-сі немесе 97 пайызы нақты жұмыс істеуде. Қаржы институттары арқылы кәсіпкерлердің 264 жобасы 4,3 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, 2025 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 166,5 млн теңгеге 33 жоба қаржыландырылып, 35 жаңа жұмыс орны құрылды. Осылайша Жалағаш ауданында жаңа кәсіпкерлік нысандар қатары артып, әлеуметтік даму деңгейі күрт жоғарылаған.
Аудан әкімінің айтуынша, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жалпы құны 1 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба енгізіліп, іске асырылды. Нәтижесінде өңдеу саласында 19 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын «Harvest Agro Holding» компаниясының техникалық дақылдарды егу және қайта өңдеу кластері жобасы жүзеге асырылды. Бұл – аудан көлеміндегі инвестор қаржысына салынған ең ірі жоба.
– Ауыл шаруашылығы саласы аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналады. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес аудан ауыл шаруашылығы негізінен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш өсіруге бейім. Аудандағы 338 шаруашылықтың 202-сі егін шаруашылығымен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы 209 шаруашылық 36 712 гектар алқапқа егіс орналастырып, оның 19 357 гектарын күріш егістігі құрады. Су тапшылығына қарамастан, мемлекеттік қолдау мен жаңа технологияларды пайдалану нәтижесінде егін жинау жұмыстары толық орындалды. Орташа өнімділік гектарына 60,1 центнерді құрап, 116 331 тонна өнім жиналды. Егін науқанының нәтижесі бойынша аудан «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» деп танылды. 2026 жылы 36 678 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда, – деді аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Брифингте айтылған тағы бір тұщымды тақырып – жол. Жол жөндеу жұмыстары – өзектілігін жоймайтын іс. Осы бағыттағы жұмыстар Жалағаш ауданында жыл өткен сайын артып келеді.
Атап айтар болсақ, өткен жылы жол саласын дамытуға бюджеттен 2 млрд теңге қаржы қарастырылып, аудандық маңызы бар 1 автомобиль жолы мен кент және ауылдық округтердегі 37 ішкі көшеге күрделі жөндеу, 8 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілген.
– Қазіргі уақытта аудан бойынша елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ел президентінің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен ауданаралық жолдардың мәселелері толық шешімін тапты. Бүгінде Жалағаш ауданының жол саласы бойынша барлығы 3,4 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Аймақ басшысының аудандардың шеткі аймақтарында орналасқан елді мекендерін дамыту тапсырмасына сәйкес Жаңадария, Аққыр елді мекендерінің көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге арнайы қаржы бөлінді. Жақын уақытта ауылдық елді мекендердің жол мәселесі толыққанды шешім табатын болады, – деді аудан басшысы.
Брифингте бұдан бөлек білім, мәдениет, денсаулық, спорт салалары бойынша да атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндалды.
Аудан әкімі қорытынды сөзінде ауданның әлеуметтік сала бойынша да айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізілгеніне тоқталды.
– Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Бұл бағытта айқын және нақты жоспар бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды деп толықтай айта аламыз. Ел ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға белсене араласып жүрген демеушілер көмегімен жалпы құны 261 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылды. Есептік кезеңде барлық елді мекенде санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Скверлер мен парктер, әлеуметтік және бизнес нысандарының аумақтары, су айдындары мен көше бойлары толық тазартылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы бюджеттен 166 млн теңге қаржы қаралып, Жалағаш кенті мен 14 ауылдық округте абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 4 980 тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылып, 18 техника тұрақты түрде жұмылдырылды. Сонымен қатар өңір климатына бейім қарағаш, терек және сырталы көшеттері отырғызылып, жасыл желек аумағы кеңейді. Өздеріңіз білесіздер, жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы облыс орталығымен қатар, Жалағаш ауданындағы Таң ауылының тазалығын ерекше атап өтіп, оны бүкіл елге үлгі ретінде көрсетті. Бұл – ауданымыз үшін үлкен жетістік әрі зор жауапкершілік, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Иә, Жалағаш – жері құнарлы, кәсіпкерлікке түбегейлі бет бұрған аудан. Өркениеті өскен ел ретінде де көпшілікке кеңінен мәлім. Оқушылардың білім деңгейі де көңіл көншітеді. Мұны әрбір оқу жылының қорытындысында көріп келеміз. Соңғы жылдары салынған әрбір нысан заманауи құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген. Бұл елдік істердің оң нәтижесі екені айқын. Брифингте айтылған таудай сөздердің тастай түйіні осыған саяды.
Тұрар Бекмырзаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!