Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы ауданында ауызсу мәселесі толық шешілді

23.01.2026, 15:55 54

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімдігі хабарлады. Ауданға қарасты Сарыбұлақ ауылына орталықтандырылған ауыз су жүйесінің іске қосылуна орай өткен салтанатты рәсімге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиында облыстық мәслихат төрағасы тұрғындарды маңызды игілікпен құттықтап, шалғай елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Сыр елінің бас шаһарында өткен, егемен еліміздің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданған Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы тарихымызға алтын әріппен жазылды. Қабылданған шешімдер халқымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, ұлт бірлігін нығайтады.

Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр” деп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

“Қуатты өңірлер – қуатты ел” қағидаты шалғай елді мекендерге ауыз су, газ тартылуына, жол мен заманауи әлеуметтік нысандар салынуына оң ықпал етуде», – деді Мұрат Тлеумбетов.

Ол сондай-ақ Сарыбұлақ ауылын таза ауыз сумен қамтуға үлес қосқан мердігер «Дәнекер» мекемесіне және осы іске атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.

Рәсім барысында ауылдың дамуына үлес қосқан ардагерлер мен ауыз су желісін жүргізген мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Сердалы Сағымбаев бата берді.

Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалардың бірі. Осы бағдарлама аясында Сарыбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз сумен қамтуға республикалық және облыстық бюджеттен, сондай-ақ қайтарылған активтер есебінен 1,5 млрд теңге бөлініп, бүгінде барлық құрылыс жұмыстары толық аяқталған.

Нәтижесінде Сарыбұлақ ауылы көптен күткен таза ауыз суға қол жеткізді. Осылайша Қазалы ауданы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды.

Айта кетейік, өткен жылы Қазалы ауданының бюджеті 27 млрд теңгеге жетсе, соңғы үш жылда аудан экономикасына 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Ал 2022–2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 31,6 млрд теңгеге 78 ауылда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 343 жоба жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамту тапсырмасы өңірде толығымен орындалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: