Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы жаңа ғимарат жұмысымен танысты

22.01.2026, 18:05 61

 Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Арал аудандық ауруханасына жапсарлас салынған 51 төсектік ғимарат жұмысымен танысты. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Тілеуімбетов,  «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ вице-президенті Серік Қожаниязов қатысты.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ғимарат құрылысын «Ұлт саулығын нығайту» ұлттық бастамасы аясында қайтарылған активтер есебінен бөлінген 2,3 млрд теңге қаржыға «Иман» серіктестігі салды. Жаңа нысанда 17 төсектік нейро-инсульт және 34 төсектік кардиология бөлімшелері жұмыс істейді.

Алдағы уақытта орталықты заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, атап айтқанда, магниттік-резонанстық томография және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарланған. Бұл бөлімшелер аудан тұрғындарының Ақтөбе және Қызылорда қалаларына бармай-ақ, жергілікті жерде жоғары деңгейлі медициналық тексеруден өтуіне, ем алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Арал ауданындағы инфрақұрылымдық жобаларға және әлеуметтік нысандар салуға бюджеттен  38 млрд 740 млн теңге қаржы бөлінді. «Келешек мектебі», «Руханият орталығы», «Қамқорлық» оңалту орталығы, 150 пәтерлік 75 тұрғын үй, теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді. Сексеуіл кенті табиғи газ желісіне қосылып, мұнда да 300 орындық «Келешек мектебі» мен 40 төсектік аурухана іске қосылды. Тоқабай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория, демеушілердің қолдауымен апатты жағдайдағы мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ошағы салынды. Жақында елді мекен таза ауыз сумен қамтылды. Ақшатау ауылында 60 орындық жаңа мектеп шәкірттерін қабылдады. Ақбасты, Ерімбетжаға және Тастүбек ауылдарына орталықтандырылған ауыз су желісі тартылды. Ал, Абай ауылы тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жақын күндері толық аяқталады. Шижаға елді мекеніне де табиғи газ келді,Қамыстыбас ауылында 6 млрд 300 млн теңге қаржыға автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды. Аталған станса арқылы Арал ауданына қарасты 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық тұрғынды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік бар.

Жыл басында Мергенсай ауылында құрылысына 2 млрд 333 млн теңге қаржы бөлінген 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Бұдан бөлек, «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының қолдауымен аудан аумағындағы теміржол вокзалдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: