Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде теміржол арқылы өтетін аспалы жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімдігі хабарлады.
Ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы өңірде жол және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының бұл салаға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
«Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт”, – деген болатын.
Осы мақсатта өңірімізде белсенді жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022-2025 жылдары 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға және күрделі жөндеуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі өткен жылы ғана жол инфрақұрылымын дамытуға 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделгенін айтты.
Қазалы вокзалы маңында салынған бұл аспалы көпірге 1,3 млрд теңге қаржы жұмсалған. Жаңа өткелді Әйтеке би кентінің теміржолдың арғы бетінде орналасқан 13 мыңнан астам тұрғыны пайдаланады. Күн сайын бұл бағытта 2 мыңнан астам адам қатынайды. Жаңа көпір жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі жылдам қозғалуына мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы көпір құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС ұжымына алғыс білдіріп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Рәсім барысында «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Оразғали Бекбанов бата берді. Сонымен қатар теміржол саласында еңбек ететін мамандар мен көпір құрылысын жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!